• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Желтоқсан, 2020

Алматы үшін аса күрделі жыл болды

134 рет
көрсетілді

Мемлекетіміздің экономикалық доноры – оңтүстіктегі мегаполиске бұл жыл оңайға түскен жоқ. Әлі де әлемді абдыратып отырған індет елімізге Алматы арқылы кірді. Эпидемиялық ахуал күрделеніп, қалаға айналдыра блок-бекеттер қойылғанда жұрттың осы шаһардан тым-тырақай қашқанына да куә болдық. Алматылықтар айлар бойы шарасыз отырып қалғанда қала билігі қателеспейтін қадамдар жасауы тиіс болды.

Түрлі жиындардан 30,8 млрд теңге үнемделді

Апта басында Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында есеп берді. Мегаполис басшысы­ның баяндамасы «Пандемия кезін­дегі Алматы» деп аталуы де бекер емес. Алматы әкімі барлық саладағы ат­қарыл­ған жұмыстарды саралап, БАҚ өкілдерінің сауалдарына түгелге жуық жауап берді.

Қазір Алматыдағы санитарлық-эпидемиялық жағдай қайта қиындады. Пандемия басталғаннан бері қалада осы уақытқа дейін індет жұқтырудың 16 534 оқиғасы, сондай-ақ этиология­сы анықталмаған пневмонияның 1 200 жағдайы тіркелді. Оның ішінде – 14 960 адам немесе 90,4%-ы жазылып шықты. Коронавирустан қайтыс бол­ғандар саны 331 адамды құрайды (2%).

– Қазір пандемия Еуропа мен Ресейде өршіп тұрғанын көріп отырмыз. Мұндай жағдай бізде де орын алуы ықтимал. Біз оған дайындалып жатырмыз, – деді қала әкімі.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін бюджеттің шығыс бөлігін қайта қарау және конферен­ция дөңгелек үстел, салтанатты және мәдени-бұқаралық, имидждік іс-ша­ралар сияқты басым емес шығын­дар­дан бас тарту жұмыстары жүр­гізіл­ді. Нәтижесінде, бюджет 30,8 млрд теңгеге оңтайландырылып, бұл қара­жат эпидемияға қарсы күреске бағытталды.

2020 жылы COVID-19-ға қарсы күрес үшін Алматыға республикалық (21,6 млрд теңге) және жергілікті (89,4 млрд теңге) бюджеттен барлығы 100 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді. Қаражат инфекциялық госпитальдар салуға, медициналық жабдықтарды сатып алуға, медициналық ұйым­дар­ды емдік газбен жабдықтауға, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге, жедел жәрдем көліктерін, жеке қорғану құралдарын сатып алуға, медицина қызметкерлерінің тамақтануына, тұруы­на, өтемақылар төлеуге, азық-түлік және дәрі-дәр­мектердің тұрақ­тандыру қор­ларын жасақтауға, сонымен қатар қаланы ауқымды дезинфекциялау жұмыстарына жұмсалды.

 

7011 төсектік орын сақадай сай тұр

Алматыда 7011 төсектік орны бар 23 ста­ционар сақадай сай тұр. Панде­мия кезінде Алматыда үш жаңа инфек­циялық стационар салынды: 2 модульді клиника және РВ-90 госпиталі. Жеке инвестициялар есебінен екі клиника қайта құрылды.

Әкім келтірген мәліметтері бойынша жедел медициналық көмек көрсету жұмысы және науқастарды бағдарлау жаңа алгоритмге ауыстырылды. Жаңа 35 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. 16 желтоқсанға дейін қосымша 50 машина келеді. 2021 жылдың басында тағы 50 көлік алынбақ.

Жалпы қалалық зертханалық желі мен пациенттерді диагностикалау жұмысы орталықтандырылды. Қуаты тәулігіне ПТР-зерттеулерін 22 мыңға дейін кеңейту мүмкіндігі бар.

– Өткен жылы біз жақын орналас­қан қолжетімді жерден медициналық қызмет түрлерімен қамтамасыз етудің 3 жылдық жоспарын қабылдадық. Барлығы 35 амбулатория салынады. 16 амбулатория іске қосылды, келе­сі жылы тағы 11 амбулатория пай­далануға беріледі, – деді қала әкімі.

Бірінші эшелон стационарларын медициналық газбен, соның ішінде оттегінің орталықтандырылған жүйесімен қамтамасыз ету жөніндегі жалпықалалық бағдарлама іске асырылып отыр. Медициналық ұйым­дардың кәріз суларының биологиялық қауіп­сіздігі режімі енгізілді. Меди­циналық қалдықтарды кәдеге жара­туға бақылау күшейтілді.

Б.Сағынтаевтың мәліметінше, тұрақтандыру қорын құру үшін 10 млрд теңге бөлінді. Оның 5 млрд теңгесі ауруханалар мен емханаларды дәрі-дәрімекпен қамтамасыз етуге, 5 млрд теңгесі дәріханаларды дәрілік препараттармен үздіксіз қамтамасыз етуге арналған.

Қала әкімі биылғы 9 айда жалпы сомасы 14 млрд теңгеден аса төлем жүргізілгенін алға тартты. Осы кезеңде ай сайын 3,5 мыңнан 7,5 мыңға дейін медицина қызметкері үстемеақы алған.

КВИ-мен күрес барысында жұмыс орнында індет жұқтырып, науқас­танған 1 491 медицина қызметкері бел­­гіленген төлемді алды. Бұған қо­сым­ша 50 медицина қызметкері жер­гілікті бюджеттен әлеуметтік төлем­дер алды. Бүгінгі таңда кадрлық резерв­те 2 450 медицина қызметкері бар.

 

90 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр

Мегаполис әкімі қандай жағдай болса да қала экономикасын құлдырат­пау үшін атқарылып жатқан шаралар легін атады.

Өнеркәсіп, байланыс, құрылыс салаларында экономикалық өсім сақталған. Мысалы, өнеркәсіп 4,3%-ға, құрылыс 11,8%-ға, пайдалануға берілетін баспана көлемі 3,6%-ға, байланыс қызметтері 8%-ға өсті.

Жыл қорытындысы бойынша Алматыда құны 176,2 млрд теңге болатын 90 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 7,3 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Мега­полистің негізгі капиталына салынған инвестициялардың жылдық көлемі 900 млрд теңгеге бағаланып отыр.

2020 жылдың 11 айының қоры­тын­дысы бойынша мемлекеттік бюджет­ке жиналған салықтар мен төлемдер өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 1%-ға көп. Бұл ретте қаланың мемлекеттік бюджет кірістеріндегі үлесі 23,5-тен 25,7%-ға дейін ұлғайды.

3 желтоқсанда онлайн форматта өткен инвестициялық форумның нәтижесінде 1,5 трлн теңге сомасына 55 меморандум жасалды. Инвес­торлар­дың жоғары белсенділігі 2020 жылғы сыртқы соққыларға қара­ма­с­тан, Алматы инвестициялық белсен­діліктің халықаралық орталығы болып қалатынын тағы растайды.

Биыл Алматы әкімдігі білім және ғылым, БАҚ, әлеуметтік қызмет көр­­сету салаларында қызмет ететін 35 жасқа дейінгі жастарға арнал­ған «Алматы Жастары» атты жеңіл­детіл­ген ипотекалық несиелендіретін жеке бағдарламасын іске қосқаны белгілі.

2020 жылы Алматыда 2 млн 396 мың шаршы метр тұрғын үй пай­далануға беріледі. Бұл – 22 626 пәтер, 2 062 жеке тұрғын үй. Оның ішінде «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 290 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 5 206 пәтер беріледі.

Сонымен қатар «7-20-25» жеңіл­детілген ипотекалық несиелендіру бағдарламасы жалғасып, осы арқылы 76,5 млрд теңге сомасына 5 605 пәтер алу мақұлданды. Бағдарлама бойынша бастапқы жарна пәтердің жалпы құнының 10%-ын құрайды. Кредиттік шарт жылдық 5%-бен 25 жыл мерзімге ресімделеді. Жеңілдетілген шарттардың арқасында медицина қызметкерлері, мұғалімдер, ЖОО мен ҒЗИ оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналис­тер, жазушылар, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы қызметкерлері арасынан 894 алматылық жастар көптен күткен пәтерлерді бастапқы және қайталама тұрғын үй нарығынан сатып алды.

Жыл соңына дейін қаланың барлығы 1 мың жас тұрғыны баспа­налы болады.

 

75 мың кәсіпкердің салығы кейінге қалдырылды

Қаланың 75 мың кәсіпкері салық бойынша 23 млрд теңгеге жуық берешегі кейінге қалдырылды. 2,9 мың кәсіпкердің 72 млрд теңге сомасына несиелері кейінге қалдырылды.

Президент тапсырмасына сәйкес, 2020 жылдың соңына дейін комму­налдық меншік нысанындағы аумақ­тарды жалға алған 1,2 мың кәсіпкер 376 млн теңге сомасындағы төлемнен босатылды.

200-ден аса нысан (СОО, қоғамдық тамақтандыру, базарлар) 20 мыңға жуық кәсіпкерді 3 айға дейінгі мерзімге жалақы төлеуден босатты. Қазір­гі уақытта жалға берушілер жалдау мөлшерлемесін орташа есеппен 20-30%-ға төмендетті.

Отандық өндірушілерді қолдау мақсатында Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында жасалған барлық шарттар бойынша тауарлар, жұмыстар мен қызмет түрлерінің 90%-ы жергілікті тауар өндірушілерден сатып алынады.

Қазіргі таңда көп балалы аналарға қолдау көрсету үшін өңірлік «Бақытты отбасы» орталықтарының базасында «Іскер Ана» бағдарламасы да көп іс тын­дырып отыр. Мұнда олар­ды «Еңбек» мемлекеттік бағдарлама­сы аясын­да кәсіпкерлік негіздеріне оқытады.

Көп балалы отбасылардан 888 адам 555 мың теңгеге дейін грант алды. Сонымен қатар 406 млн теңге сомасына 203 көп балалы ана 5 млн теңгеге дейінгі грантты иеленді. Сол сияқты «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы жобасы іске қосылды.

Сондай-ақ мүгедек жандарды әлеуметтендіру және жұмысқа орналастыру мақсатында алғаш рет Ten Qogam әлеуметтік қолдау орта­лығы ашылды. Орталық мүгедек адамдарға және олардың отбасыларына ақпараттық, консультациялық, заңгерлік және психологиялық қол­дау көрсетеді. Жұмысқа орнала­су­ға жәрдемдеседі, мүгедек адам­дарды қоғамға тиімді бейімдеу үшін тұрмыстық және әлеуметтік дағды­ларға оқытады.

 

АЛМАТЫ