• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Технология 09 Желтоқсан, 2020

Өмірді алгоритмге сеніп тапсырамыз ба?

234 рет
көрсетілді

Коронавирус індетінің басталғанына бір жылға жуықтаса да, әлі күнге шартарапты әбігерге салып отыр. Күн сайын қауіпті дертке шалдыққандар саны артып барады. Қуанышымызға орай ғалымдар бірнеше вакцинаның қауіпсіз екенін мәлімдеді. Осындай кезеңде індеттен туындаған қиындықтың екінші жағы шығады. Ол – моральдық мәселе. «Egemen Qazaqstan»

газетінің Project Syndicate жобасы аясында жариялайтын бүгінгі мақалалар топтамасында осы түйткілдер көтерілген.

Корнелл университетінің экономика профессоры Каушик Басу өз мақаласында індетпен күреске тілдің әсері туралы ой қозғайды. Оның айтуынша, пандемияға қарсы шаралар қабылдауда кешенді шешім ұстанған жөн. Осы орайда автор Үндістанды мысалға келтіреді. Аталған елдің билігі наурызда қатаң локдаун енгізгенімен, қарапайым жұмысшылардың жағдайын ескермей, індеттің таралуына жол беріп қойды. Каушик Басу індетпен күресудегі ендігі шешім ретінде COVID-19-дан жазылып шыққандарды жалақысы жоғары жұмысқа шақыру деп есептейді.

Цюрихтегі Швейцария жоғары техникалық мектебінің Есептеуіш әлеуметтік ғылым профессоры Дирк Хелбинг пен Лугано университетінің бизнес этика профессоры Питер Селе індетпен күрестегі қабылданған шаралардың моральдық жағын әңгімелейді. Қазіргі таңда бірқатар елде науқастарды іріктеуде жасанды интеллект қолданылатыны белгілі. Авторлар мұндай қадам қаншалықты этикаға сай келеді деген сауал тастайды.

Айта кетерлігі, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate мақалалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

ЦЮРИХ/ЛУГАНО – Біздің геологиялық дәуіріміз – Антропоцен, адамзат планетамыздың тағдырына әсер ететін шақта төніп тұрған қауіп-қатер көп. Оның кейбіріне қарсы БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары секілді нақты әрекеттер қабылданды. Бірақ біз өз әрекетіміз бен үйреншікті дағдыларымызды өзгерту уақыт күттірмейтінін түсінетін сәтке тұралап қалған секілдіміз.

Қазіргідей адам саны көп кезеңде көпшілік «Адам өмірінің құны қанша?» деп сұрақ қояды. Коронавирус пандемия­сы бұл мәселені тағы бір мәрте көтеріп, сауалды қатаң түрге өзгертті: Егер бә­рін сақтап қалуға мүмкіндік жетпесе, бі­рінші кім өлгені дұрыс?

Фрэнк Шетцингтің «Көбелек тиран­дығы» секілді көптеген ғылыми-фан­тас­тикалық романдары осындай түйт­кілдерге арналған. Онда тұрақты дамудың өзекті мәселелерін мейірімсіз жолмен шешіп, соның кейбірін адамзат тарихындағы ең қанқұйлы кезеңге айналдырады. Шын­дық та романнан алыс емес. Мұндай түйткілді шешуде жасанды интеллектке жүгіну біраз ойға жетелейді. Халық санын азайту, компьютер арқылы адам өмірін шешу талқыланып жатқанда, жасанды интеллект Covid-19-ға шалдыққан науқастарды іріктеуге қолданылып жатыр.

Бірақ біздің өмір мен өлім мәселесін шешуді алгоритмге жүктеп қойғанымыз қаншалықты дұрыс? Әйгілі «Трамвай дилеммасын» еске түсіріп көрейік. Мұн­дай ой тәжірибесінде ешқандай шешім қабылдамаса, трамвайдағы жо­лау­­шы­лардың бәрі қаза табады. Ал трам­вайды басқа жолға бағыттап жібер­се, жолаушылар аман қалып, бірақ санаулы басқа адам өмірмен қоштасады.

Негізі мұның шешімі адам өмірін сақтап қалу болатын. Бірақ шындығында «егер ешкім тірі қалмаса, кім өлуге тиіс» деген сұраққа жауап береді. Қалай дегенмен, жамандықтың аты – жамандық. Егер оны дұрыс деп қабылдай бастасақ, одан да өткен сорақы мәселелер туындайды. Нәтижесінде қоғамымыз бен адам­заттың ар-намысына сүйенетін негізгі іргетастарымыз жойылады. Мәселен, өздігінен жүретін көліктің тоқтатқышы істен шықса, ол әжейді қағып тоқтағаны дұрыс па, әлде жұмыссыз адамды қақ­қаны жөн бе?

Мұндай сұрақтар «Машина моралі» тәжірибесінде қойылды. Аталған жобаға сәйкес, әлемнің түкпір-түкпірінен келген өздігінен жүретін көліктер осындай жағдайда қандай этикалық шешім қабылдауы тиіс деген мәліметтерді жинады. Тәжірибе барысында зерттеушілер мұндай шешімдер машина этикасының жаһандық қабылданған негіздерін қан­шалықты дамытатынын сараптап көр­ген. Бірақ мұндай тәжірибелерді саяси шешім қабылдауға қолдану дұрыс емес.

Адамдар әділ алгоритмді дұрыс көреді. Демек, мұның нәтижесінде кез­дей­соқ шешім қабылданады. Әлбетте адамдарды кездейсоқ өлтіруге, жалпы өлтіруге кеңес бермейтініміз анық. Бұл адамзат құндылығының басты негі­зіне қайшы келеді. Тіпті өлім қиын­­дықсыз келсе де. Оның орнына ой­да­ғы тәжірибеде «Трамвай ди­лем­ма­сындағыдай» жағдай болмауына мән беруіміз керек. Егер екі шешім де қабыл­дауға келмесе, оны өзгерту үшін ынты­мақтаса, кең көлемде күш салу қажет. Ал өздігінен жүретін көліктерге қатысты, мысалы олардың баяу жүруін қамтамасыз етіп немесе тоқтатқыш жүйесін жетілдіріп, қауіпсіз технология­­­лармен жабдықтауға тиіспіз.

Сол сияқты қоғамның қазіргі кездегі тұрақтылық мәселелері алдын ала анық­талмаған, бірақ бұл біздің бизнес жүр­гізу тәсілімізден, экономикалық инфрақұрылымымыздан, халықаралық ұтқырлық тұжырымдамасынан және әдеттегі жеткізілім тізбегін басқарудан туындады. Негізгі сұрақ «неге» болуы керек. «Шектегі өсу шегі» зерттеуі жарияланғаннан кейін шамамен 50 жыл өтсе де, әлі күнге дейін бізде айналмалы, ортақ экономика жоқ. Неліктен біз алдын ала болжанған пандемияға дайын болмадық?

Мол деректер, жасанды интеллект және цифрлы технологиялар климат­тың өзгеруі, COVID-19 пандемиясы, жалған жаңалықтар, жеккөрушілік сөз­дер, тіпті киберқауіпсіздік секілді мәсе­лелер біздің жаһандық түйткілдерге әзір еместігімізді көрсетті. Оның се­бе­бі қарапайым: деректерді пайдала­нып әлемді «оңтайландыру» жақсы естілгенімен, оңтайландыру әлемнің күрделілігін жеке индекске түсіретін бір өлшемді мақсат функциясына не­гіз­делген. Бұл орынды да, тиімді де емес. Оның үстіне негізінен материалды емес желілік әсер әлеуетін елемейді. Сонымен қатар адамның проблемаларды шешу қабілеттері мен әлемдегі ахуалды ескермейді.

Табиғат, керісінше, оңтай­лан­дыр­май­ды, бірге дамиды. Ол тұрақтылық пен айналмалы жабдықтау желілері арқылы адамзат қоғамына қарағанда әлдеқайда жақсы жұмыс істейді. Эко­жүйе­лерге, әсіресе симбиотикалыққа ұқсас табиғатқа негізделген шешімдер экономикамызға да, қоғамымызға да тиімді бола алады.

Бұл – ию-қию әлемімізді қайта құ­ру­ды және тұрақтылық пен икем­ді­лік саясатын, ха­лық­­аралық ынтымақтастық қалып­тас­ты­ру­ды білдіреді. Орнықты жүйе­лер­дің осындай белгілері қазіргі кез­де­гідей күй­зелістерге, апаттарға және дағ­да­рыс­тар­­ға бейімделуге, қайта қал­пы­на келу үшін өте маңызды.

Төзімділікті бірнеше жолмен арт­ты­руға мүмкіндік бар. Соның ішіне қысқартулар, шешімдердің алуан түр­лі­лігі, орталықтандырылмаған ұйым, қатысу тәсілдері, ынтымақтастық және қажет болған жағдайда цифрлы көмек кіреді. Мұндай шешімдер жергілікті деңгейде, ұзақ уақыт бойы тұрақты жүргізілуі керек. Басқаша айтқанда, автор Рой Скрантон ұсынған «антропоценде өлуді үйренуден» гөрі, қазіргі қиын-қыстау кезеңде «өмір сүруді үйрену» қажет. Бұл – адам өмірі сынға түсетін моральдық жағдайдан құтқарып, дамуға жетелейтін жол.

 

Дирк ХЕЛБИНГ,

Цюрихтегі Швейцария жоғары техникалық мектебінің Есептеуіш әлеуметтік ғылым профессоры,

Питер СЕЛЕ,

Лугано университетінің бизнес этика профессоры

 

Copyright: Project Syndicate, 2020.

www.project-syndicate.org