• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Желтоқсан, 2020

Тұрғын үйді басқарудың жаңа түрі ашықтықты қамтамасыз ете ме?

714 рет
көрсетілді

Елімізде тұрғын үй-коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту саласында реформалар жүріп жатыр. Пәтер иелері кооперативтері (ПИК) орнына тұрғын үйді басқарудың жаңа формалары енгізілуде.

ПИК-тен – МИБ-ке

Тұрғын емес үй-жайлардың, пәтер­лердің меншік иелері келер 2021 жыл­дың 7 қаңтарына дейінгі мерзімде тұр­ғын үй-комуналдық-шаруашылығы мә­се­лелері бойынша заң күшіне енген сәт­тен бастап бір жыл ішінде үйді басқа­ру нысаны ретінде жай серіктестік немесе мүлік иелерінің бірлестігін (МИБ) таңдау үшін жиналыс өткізуі керек. Қа­зіргі ПИК-тердің 2022 жылдың 1 шіл­десіне дейін жұмыс істеуге құқы бар. Осы ретте ПИК пен МИБ-тің айыр­ма­шылығына тоқталып өтсек.

Мүліктің меншік иелерінің бірлестігі түрінде коммерциялық емес ұйымның жаңа нысаны құрылып, олар «бір үй – бір бірлестік – бір шот» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Заң бойынша пәтер иелері коопера­тивтерінің орны­на көп пәтерлі тұрғын үйді басқа­рудың 2 нысаны анықталған: МИБ – заңды тұлға немесе көп пәтерлі тұр­ғын үйде пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың иелері мүліктің мен­шік иелері бірлестігін құр­ғысы келмесе жай серіктестік (заңды тұлға құрмай-ақ) құруға болады. Көп пәтерлі тұр­ғын үй иелері жиналыс өткізіп, МИБ не қарапайым бірлестік құру туралы шешім қабылдайды. Жиналысқа тұрғындардың кемінде 51 пайызы қаты­суы тиіс. МИБ пәтер иелерінен құры­лады. Жиналыста тұрғындар өз ара­ларынан үй кеңесін, ревизиялық комис­сия, бірлестік төрағасын сайлайды. Аула сыпырушы, электрик, құбыр жөн­деушілер штатқа алынбайды. Қыз­меткер санына емес, нақты істеген қызметіне төленеді. Ол қызметтерді келісімшартпен сер­вистік компаниялар атқарады.

ПИК бірнеше тұрғын үйді басқа­рады. Он немесе жүз шақ­ты үйге бір ғана есепшот ашыл­ғандықтан, тұр­ғын­дардан жи­налған ақшаның қайда жұм­­салып жатқанын нақты білу мүм­­кін емес. Сырттан келген бас­­қару меке­мелері тұрғындарға өз­дерінің қызметі мен тарифін бел­гілейді. Ал МИБ құра­мына сол үйдің тұрғындары ғана кіреді. Әр­бір үй жеке басқарылады, же­ке шот болады.

Ай сайын қаншадан жинауды өздері бел­гілейді. Өзі­нің жеке жинақ шо­ты болады. Яғни жаңа жүйе пә­тер иелері кооперативтері және басқарушы компаниялар тарапынан қызметтер мен та­рифтерді тұрғындарға күш­теп таңуды жоюға мүмкіндік бе­реді және тұрғындар қара­жатын жұмсалуының ашық­тығын қамтамасыз етеді. МИБ коммерциялық ұйым бол­ма­ғандықтан салық төлемейді, пайда табуды көздемейді. Жи­налған қаржының барлығы дерлік тұрғын үйді жинауға, жөндеуге жұмсалады.

 

Пандемия тұрғын үй реформасын тежеуде

Өткен жылдың желтоқ­санында қабылданған заң бо­йын­ша пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік ие­лері басқару нысандарының бірін (МИБ; ЖС) таңдауы қа­жет болған еді. Осы ретте біз жаңа жүйеге көшу қалай жү­ріп жатқанын «Тұрғын үй ком­муналдық-шаруашылығын жаң­­ғырту мен дамытудың қазақ­­стандық орталығы» АҚ төраға­сының орынбасары Нұрбек Серіковтен сұрап білген едік.

«Көп пәтерлі тұрғын үй­лер – әзірге басқарушы компания­лардың қарамағында, көбіне бұ­рынғыша ПИК-тер қызмет көр­сетуде. Егер пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері үй-жайлардың (пәтерлер) мен­шік иелерінің кооперативі, пә­терлердің, тұрғын емес үй-жай­лардың меншік иелерінің тұтыну кооперативтері, тұтыну кооперативтері нысанында қал­ғысы келсе, онда заңнамада олар­дың қызметін жүзеге асыру мер­зімі 2022 жылғы 1 шілдеге дейін көзделген. Көп пәтерлі тұрғын үйде МИБ немесе ЖС құрылмай, көп пәтерлі тұрғын үйді басқаратын басқарушы ком­паниялар тұрғын үйді ті­келей басқара алмайды. Бүгінгі таң­да кондоминиум объектісін бас­қаруға және оның ортақ мүл­­кін күтіп-ұстауға байланысты мәселелерді талқылау үшін тұр­­­ғындармен жазбаша, ZOOM плат­формасы арқылы онлайн режім­де сауалдама жүргізіледі», дейді Н.Серіков.

Оның айтуынша, биыл­ғы пандемия тұрғын үй шаруашы­лығын жаңғырту саласындағы рефор­маға біршама тұсау бол­ғаны анық. Карантин кезінде МИБ, ЖС құру үшін тұр­ғын­дардың басын қосып жиналыс өткізу мүмкін болмады. Әрине, бұл жағдай МИБ және ЖС құру процесін тежейді. Соған қарамастан, 2020 жылғы 26 қарашадағы жағдай бойынша республика бойынша 338 МИБ тіркелген екен. Оның ішін­де Нұр-Сұлтан қаласы – 132, Алматы қаласы – 126, Қостанай облысы – 23, Ақмола облысы – 14, Маңғыстау облысы – 18, Павлодар облысы – 6, Атырау облысы – 2, Ақтөбе облысы – 5, Батыс Қазақстан облысы – 4, Солтүстік Қазақстан облысы – 3, Қызылорда облысы – 1, Шымкент қаласы – 1, Шығыс Қазақстан облысы – 4 МИБ, ал Алматыда – 172, Шымкентте 56 жай серіктестер құрылды.

«Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қи­мыл кезеңі» атты Жолдауы аясында реформаны тиімді іске асыру мақсатында біз­дің басқарма тарапынан ауқым­ды шаралар жүргізілуде. Бас­қа­рудың жаңа нысандарын енгізу үшін бүгінде тұрақты негізде Индустрия жә­не ин­фрақұрылымдық даму министр­лігі, Құрылыс және тұр­ғын үй-коммуналдық ша­руа­шылық істері комитеті, «Тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылығын жаңғырту мен да­мытудың қазақстандық орта­лығы» АҚ БАҚ-та мақалалар жариялауда. Әлеуметтік желілерде инфографика мен бейнероликтер жариялау арқылы халықты ре­форманың іске асырылуы­ туралы ақпараттандыру жұ­мыс­­тары жүргізіліп жатыр. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті базасында МИБ төрағалары, ЖС сенімді тұлғалары, көп пәтерлі тұрғын үй басқарушылары, басқарушы компаниялары үшін дағдылар мен білім алу үшін кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін бас­қару және күтіп-ұстау бойын­­ша біліктілікті арттыру курс­тары ұйымдастырылды», дей­ді Тұрғын үй коммуналдық ша­руашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орта­лығы өкілі.

Сондай-ақ ол өңірлерде МИБ немесе ЖС институтын ауқымды енгізу үшін жергілікті атқарушы органдар осы ба­ғыт­тағы жұмысты жандандыруы қажет екенін алға тартты. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар азаматтарға заң және қаржы мәселелерін, сондай-ақ көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқару және күтіп-ұстау сала­сын­дағы даулы жағдайларды азайту үшін өңірлерде туындайтын проблемаларды шешуде кеңес береді. Осыған байланыс­ты пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері «Тұрғын үй-коммуналдық ш­а­руа­шылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орта­лығы» АҚ-ға, жергілікті атқа­рушы органдарға, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдарға тегін кеңес алу үшін жүгіне алады. Бұл елімізде МИБ және ЖС тіркеу, құру үшін қажетті құжаттарды жасауда қателіктерге жол бер­мейді.

 

Тарифтер көтеріле ме?

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту сала­сындағы өзгерістер сөз болғанда тарифтер бағасының қалай болатыны қызықтыратыны анық.

«Коммуналдық қызметтерге тарифтерді табиғи монополия­ларды реттеу саласындағы уә­кілетті органдар белгілейтінін атап өту қажет. Сондықтан бас­қа­ру формасының МИБ-ке немесе ЖС-ға өзгеруі коммуналдық төлемдердің мөлшеріне әсер етпейді. Пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың иелері тариф өссе де, бұл ақша өз үйін күтіп-ұстауға жұмсалатынын түсінгені аб­зал. Бұл ретте тариф­тің ұл­ғаюы шығыстар сметасына үй­ді сапалы күтіп-ұстау үшін қо­сымша қызметтерді қосқан кезде мүмкін болады», дейді Нұрбек Нұр­жанұлы.

Сондай-ақ тарифтердің тө­мендеуі де мүмкін екен. Бұл сол үйдің жертөлесінде, тех­ни­калық қабаттағы үй-жай­лар­ды, орын жайларды жалға беру­ден қосымша кіріс алу есебі­нен мүмкін болады.

Әзірге жаңа құрылым төрге оза қойған жоқ. Ескі жүйе жұмыс істеп тұр. Көршілеріміздің көбі заңнан да, жаңа жүйеден де бейхабар. Көршілер чатындағы әңгіменің ауанынан олардың тарифтердің құны мен кейбір қызметтерге, лифт қызметіне көңілі толмайтынын аңғардық. Бәз­біреулері сенімсіздік таныт­ты.«Кім басқарса да қызметі көңі­лімізден шықса. Ай са­йын комқызмет төлеп отырмыз. Сол ақша қайда кетіп жа­тыр де­гізбесе екен», дейді. Тұр­ғындарды алаң­дататын мәселе – жайлы тұрмыс, қауіпсіз өмір, тиімді тариф.

 

Әтіргүл ТӘШІМ,

журналист