• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Оқиға 10 Желтоқсан, 2020

Мемлекет жастарға әрдайым қолдау көрсетеді

195 рет
көрсетілді

Онлайн форматта «Жаңа жағдайдағы жастар: іс-қимыл кезеңі» тақырыбында ZEREN республикалық жастарға білім беру жобасының қорытынды жиыны өтіп, онда Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысушыларды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жастардың егемендікті сақтаудағы және мемлекеттілікті нығайтудағы маңызды рөлін атап көрсетті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

– Желтоқсан – халқымыз үшін қастерлі ай. Сондықтан бұл ай тек той-думанға себеп болмауы керек. Керісінше, желтоқсанда өткен шаралардан өнеге алып, бабаларға тағзым етіп, тәуелсіздіктің қадірін зерделеуіміз қажет. Әсіресе, өздеріңіздей жастар елімізді нығайту және дамыту үшін жұмыс істеуі тиіс. Жастардың ең басты миссиясы – елге қызмет ету, елді жаңа белестерге жеткізу. Елге қызмет ету деген билік тұтқасын ұстап, шенеунік болу деген сөз емес. Сіздер әрқайсыңыз өз сала­ларыңызда жетістікке жетіп, биіктен көрінсеңіздер – елдің дамуына қосылған ең үлкен үлес сол, – деді Сенат Спикері.

Мәулен Әшімбаев пандемия сабағына қатысты өз пікірімен бөлісті. Атап айтқанда ол қор­ша­ған орта мен материалдық ресурс­тарға ұқыпты қараудың маңыз­дылығына тоқталды.

– Табиғат пен қоршаған ортаға деген көзқарас өзгеруі керек. Ел Президентінің тікелей қа­тысуымен бүгінде экологиялық қозғалыс қарқын алуда. Мемлекет басшысының бұл бастамаларын қолдау маңызды. Адамдардың және бүкіл мемлекеттің күнделікті өміріне Sustainable Development – орнықты даму қағидаттарын енгізу қажет. Пандемияның бас­ты қорытындыларының бірі – табиғатқа ұқыпты қарауды дамытып, тұтынушылық мінез-құлық үлгілерінен арылу, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасының пікірінше, биылғы жылдың тағы бір сабағы – күн­делікті өмірде адами қатынас­тарға басымдық беру.

– Пандемия кезінде елімізде қиын жағдайға тап болған жан­дарға риясыз көмектесуге да­йын жауапты адамдар көп екені­не бәріміз көз жеткіздік. Кеше ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы Во­лонтер жылының жабылуында бұл туралы жан-жақты айтқан болатын. Расында да, біз отан­дас­тарымыздың игі істерімен мақ­тана аламыз. Біздің қоғам, шын мәнінде, өте жауапты екенін және қазақстандықтар қандай да бір адамдар тап болатын пробле­маларға немқұрайды қарай алмайтынын көрсетті, – деді ол.

Сондай-ақ Сенат Спикері пан­демия саламатты өмір салтын қа­лыптастыру қажеттілігін көрсет­кенін атап өтті. Әсіресе, имму­ни­тетті көтеруге назар аударып, жаман әдеттерден бас тарту және спортпен шұғылдану маңызды екеніне тоқталды. Соны­мен қатар М.Әшімбаев пандемия қо­рытындыларының бірі ретінде – базалық кәсіптердің маңыз­ды­лығын атады.

– Базалық мамандықтарға құр­метпен қарап, олардың кез келген мемлекет үшін маңыз­ды­лығын түсіну қажет. Панде­мия­мен күресте біздің бүкіл қоғам дәрігерлерге, медицина қыз­­мет­­керлеріне, жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргізуші­л­ері­не, коммуналдық қызмет жұ­мыс­­шыларына сүйенді. Беделді көрінген мамандықтардың арты­нан жү­гіре берудің қажеті жоқ. Адам­дар мен қоғамға қызмет етуге мүмкіндік беретін маман­дық­тар­ды таңдау қажет. Адам бақы­ты­ның негізі – жасампаздық және адам­­дардың игілігі үшін пайдалы істер атқару, – деді Сенат Төрағасы.

Соңында Мәулен Әшімбаев жас­тарға алдарына үлкен мақсат­тар қоюдың, өз бетінше тынымсыз еңбек етудің маңызын айтты, сон­дай-ақ мемлекеттік институттар олардың бастамаларына әрдайым қолдаумен қажетті көмек көрсетеді деп сендірді.

Іс-шара барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ZEREN жоба­сы­ның қорытындылары мен жастар­ды қолдау бойынша іске асырылып жатқан шаралар туралы айтып берді.

– «Жоба аясында жастар түрлі сала бойынша оқыту платформаларына қатысып, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды. 2500-ге жуық жастар өкілдері жобаға қатысып, білім алды, кәсіби мамандармен кездесіп, ой-пікір алмасты, – деді Аида Балаева.

Open Talks шарасына елі­міз­дің барлық өңірлерінен жас волонтерлер, экологиялық белсенділер, медициналық және ғылыми қыз­меткерлер, президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері, жастар бірлестіктерінің көшбас­шылары, «Болашақ» стипендиат­тары, колледждер мен ЖОО сту­денттері қатысты.

Іс-шара жемісті ғылыми, шы­ғар­­машылық, қоғамдық қызметі, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін 2020 жылғы «Да­рын» мемлекеттік жастар сый­лы­ғының лауреаттарын марапат­таумен аяқталды. ZEREN жобасы 2018 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Бұл – бизнес-жобаларды іске асыруға, Қазақстанның түкпір-түкпірінен белсенді және талантты жастарды анықтауға, олардың басын қосуға арналған алаң.