Кейінгі кезде бұқаралық ақпарат құралдарында болсын, әлеуметтік желіде болсын, мемлекеттік органдарда, банк, экономика, тағы басқа да салаларда мемлекеттік тілдің қолданыс аясының тарлығы туралы жиі сөз болады. Құқық қорғау органдары мен сот жүйесіне, судьялар мен сот қызметкерлеріне де істердің ресми тілде жүргізілуіне қатысты сыни пікірлер де айтылады. Осы пікірлердің айтылуы қаншалықты орынды?
Қазір қоғам мүшелерінің бәрі сауатты, заң талаптарын жақсы біледі. Өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінушілер саны да барған сайын артып келеді. Бірақ соның басым көпшілігі сотта істің неліктен мемлекеттік тілде қаралмайтынына жете мән бере қоймайды. Сөйте тұра «сот істі ресми тілде қарады, шешім шығарды, т.б.» деп реніш білдіреді.
Мемлекеттік тілдің сот жүйесінде үстем болуына қатысты төмендегідей ұсынысым бар. Біріншіден, егер алда-жалда ел азаматы қандай да бір тәртіп бұзып, оның үстінен іс қозғалып, полиция қызметкерлері хаттама толтырса, тергеу органдары іс материалын қозғаса, оның мемлекеттік тілде толтырылуын қадағалау керек.
Екіншіден, бірінші сатыдағы сотқа барғанда, не арыз-шағым жазғанда мемлекеттік тілді таңдау қажет. Заңға сәйкес тергеу амалдары қай тілде болса, іс те сол тілде қозғалатынын ұмытпаған абзал.
Үшіншіден, тергеуші де, прокурор да, судья да мемлекеттік тілде істі тергеу, заңдылықты қадағалау, жаза белгілеу жұмыстарын жүзеге асыруы үшін мемлекеттік тілде өтініш беруді талап еткен жөн.
Іс мемлекеттік тілде қозғалса, одан әрі қадағаланса және сот ісі қазақша жүргізілсе, одан мемлекеттік тілді білетіндер ұтады. Мемлекеттік тілді меңгерген тергеушіге, қорғаушыға, прокурорға, судьяға, сот қызметкеріне жұмыс табылады әрі тілдің мәртебесі де өседі.
Мемлекеттік тілдің мәртебесіне келсек, оның заң жүзінде мәртебесі басым. Сол себепті еліміздің сот жүйесінде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге Жоғарғы сот мейлінше жағдай жасап келеді. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының Төрағасы Жақып Асанов Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілді жетілдіру жөніндегі республикалық кеңесте сөйлеген сөзінде былай деген болатын:
«Республика халқының 70%-ы – қазақ тілді азаматтар. Бұл цифр тез өсіп келе жатыр. Бұл дегеніміз мемлекеттік тілге қатысты талап жыл сайын емес, күн сайын қатая бермек. Тек процессуалдық құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізу аз. Енді сот процестерін жаппай қазақ тіліне көшіруіміз керек.
Халыққа ең алдымен керегі – сотқа деген сенім. Ал сенім қай кезде болады?
Судья өз шешімін қиын заң терминімен емес, оңай, қарапайым тілмен түсіндіріп жеткізе білсе, сонда ғана азаматтар сотпен келісіп, жоғарыға шағым азаяды».
Тағы бір мысал. Республика судьяларының VIII съезінде «Сот актілерінің мемлекеттік тілдегі үлгілері» жинағы таныстырылды.
Басылымды таныстыра отырып, жоба жетекшісі Нұргүл Қарағойшина қылмыстық және азаматтық істер бойынша 300 сот актісінен және көлемі 700 беттен тұратын жинақты әзірлеуге бір жылға жуық уақыт кеткенін хабарлады.
«Жинақ материалдарын ғылыми талдау үшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң және филология факультеттерінің ғалымдарына жүгіндік. Заң сараптамасын аумақтық органдардың және Жоғарғы соттың судьялары жүргізді», деді Н.Қарағойшина.
Көп сатылы тексеруден кейін ЮСАИД қолдауымен кітаптың 1 мың данасы шығарылды.
Қазіргі уақытта «Сот актілерінің мемлекеттік тілдегі үлгілері» жинағы жұмыс барысында пайдалану үшін аумақтық органдарға жіберілді. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіретін кітаптың көпшілік тарапынан қолданыста болуы үшін электрондық нұсқасы әзірленіп жатыр.
Иә, көп сөзден, бір мезет, атқарылған іс жақсы. Мемлекеттік тілдің сот ісін қараудағы беделін арттырайық десек, алдымен өзімізден бастайық, ағайын!
Нұрлан ҚАЛҚА,
Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі