Бүгінде подполковник Данияр Қасымов басқаратын 28237 әскери бөлімінің «бауыржаншылары» білектілігімен, жүректілігімен де халық сеніміне кіріп, айтып келмейтін апаттардың алдын алатын қайыспас қалқан сынды. Бұл – өз кезегінде Отанын анасындай сүйген әрбір жауынгердің әскери антына адалдығы, атқарған қызметінің нәтижесі. Демек, батыр Бауыржан Момышұлының өнегеге толы ерлік істерін қашанда үлгі тұтып келген ұландық құтқарушылар үшін мінсіз қызмет – ұран болса, өзінің дербес тарихы бар, мол тәжірибе жинақтаған әскери бөлімнің құтқарушылары жаңа министрлік құрамында «Ар-намыс пен борыш – Отан қызметіне!» деген ұранымен өздеріне жүктелген кез келген міндеттерді абыроймен атқаруға әзір.
Сонымен «Батырлар мен ақындар елі» атанған Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылында қоныс тепкен Азаматтық қорғаныс жүйесіндегі Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінің құрылғанына 30 қараша күні 47 жыл толды. Жарты ғасырға жуық белесте әскери бөлімнің айбынды құтқарушылары еліміз бен байтақ жеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай тер төгіп келеді.
Ел тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті басшылық құрамының ұсынысымен 1995 жылы әскери бөлімге Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімі берілді.
Өткенге көз сала отырып, әскери бөлімнің өзіндік дербес тарихы бар екенін көреміз. Әскери бөлімнің қалыптасуы мен аяғынан тік тұруына тәжірибелі құтқарушы мамандар, білікті офицерлер мен арынды сарбаздар атсалысты. Құрылған күнінен бастап тәуелсіздік жылдар белесінде бөлім жеке құрамы ерліктер мен батырлық үлгілеріне толы даңқты жауынгерлік жолдан өтті. Түрлі апаттар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюмен қатар құтқару жұмыстарын жүргізуде бөлім жеке құрамы республикамыздың біршама өңірлерінде қыруар жұмыс атқарған екен.
«1979 жылы бөлімнің жеке құрамы Медеу шатқалындағы алапат өртті ауыздықтауға, 1984 жылы Алматы облысы Кеген ауданындағы орман өртін сөндіруге, 1993 жылы Алматыда тырысқақ індетін жоюға, 1994 жылы Қызылорда облысы, Ленинск (Байқоңыр) қаласында құтқару жұмыстарын жүргізуге, газ жарылысынан бес қабатты үйдің қирауы салдарынан қаза тапқан адамдарды құтқаруға, 1997 жылы бұрынғы Талдықорған облысы Алакөл ауданындағы Қазақ-Қытай шекарасында өртті сөндіруге, 1997 жылы ірі көлемдегі төтенше жағдайлар кезіндегі ТМД Корпусының күштері бірлесіп әрекет ету жөніндегі оқу-әдістемелік жиындарға, 1999 жылы АҚШ-тың Аризона штатындағы құтқару қызметімен бірге өткізілген «Айвер-99» Халықаралық оқу-әдістемелік жиындарына, 1999 жылы ракета тасымалдаушы «Протон-3» апатының зардабын жоюға, 2003 жылы Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылында болған жер сілкінісінің зардаптарын жоюға, 2004 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданында қарда қалғандарды құтқару жұмыстарына, 2007 жылы Жамбыл ауданы әкімінің өтінімі негізінде өткен селден кейінгі Ақсеңгір суқоймасында қайтадан жөндеу жұмыстарын жүргізуге, 2010 жылы Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш елді мекеніндегі су тасқынының зардабын жою мен жергілікті тұрғындарға көмек көрсету жұмыстарын жүргізуге, 2011 жылы Іле-Алатау таулы бөктерінде өткен дауылды жел салдарын жоюға, 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында болған су тасқынының зардаптарын жоюға, 2013 жылы Жамбыл облысы Талас ауданы Қаратау қаласындағы болған дауылдың зардаптарын жоюға белсене қатысты», дейді 28237 әскери бөлімінің аға лейтенанты Айдос Байшағыров.
Әскеріміздің әлеуетін көтеру мақсатында Елбасы Жарлығымен 2015 жылдың 21 сәуірінде «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» заң қабылданып, Ішкі әскерге Ұлттық ұлан мәртебесі берілді. Сол жылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетке бағыныста болған 28237 әскери бөлімі Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланның қарамағына өтті.
Құқықтық тәртіп әскерлерінің қатарына кірген әскери бөлімге жауынгерлік дайындық әзірлігі артылған барлық қызметтік-жауынгерлік тапсырмаларды өз уақытында атқаруға мүмкіндік жасалды.
Соның бір айғағы, 2015 жылы Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы Қарғалы, Каменька елді мекендерін су басудан туындаған төтенше жағдай салдарын жоюға қатысып, тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіріп, апат алған орындарда залалсыздандыру жұмыстарын жүргізумен қатар мемлекеттік әкімшілік мекемелердің, мектептердің аулаларын лайдан тазартты. Сонымен қатар Ұлттық ұланның құрамында болған 28237 әскери бөлімінің құтқарушылары пандемия кезінде 2020 жылғы 5 мамырдан бастап 21 мамырға дейін Түркістан облысы Мақтаарал ауданының елді мекендерінде орын алған төтенше жағдай апатының салдарын жоюға қатысты. Нәтижесінде әскери бөлім құтқарушыларының күшімен елді мекендерден 733 мал өлексесі, 100-ден аса құстардың өлексесі, су басып қалған үйлерден тұрғындардың жеке заттары шығарылды. 208 тұрғын үйдің, 1 мектептің және 1 балабақшаның аулалары лайдан тазартылды, сонымен қатар 122 тонна топырақ себіліп, жолдар ашылды, құм толтырылған қаптар әзірленіп, бөгеттер жасалды.
Елімізде коронавирус белең алған кезде мемлекетте Төтенше жағдайлар министрлігінің қажеттілігі туындап, Президент Қ.Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында Төтенше жағдай министрлігін қайта құруға пәрмен берді. Артынша Президент Жарлығымен Төтенше жағдай жөніндегі министрлігі қайта құрылды. Соның нәтижесінде ІІМ Ұлттық ұланы құзырындағы 28237 әскери бөлімі қайта құрылған Төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағына өтті.
Міне, осынау заңғар жолдың белесінде өр рухты қолбасшы Б.Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінің сарбаздары 47 жыл бойы Отан алдындағы міндеттерін атқаруда сенімге селкеу түсірген емес.
Алматы облысы