Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Тарихшылардың ұлттық конгресі Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойлары және «Ұлық Ұлыс» – Алтын Орданың 750 жылдығы аясында «Отандық тарих ғылымындағы тұлға: жаңа зерттеулер мен ұстанымдар» тақырыбында кезекті VIII отырысын өткізді.
Ресми жиын басталмай тұрып университет қабырғасындағы «Күлтегін» атриумында бірқатар іс-шараларға куә болдық. Ең алдымен «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты әзірлеген «Абай» интерактивті кешені таныстырылды. Әмбебап кешен арқылы кез келген көрермен Абай әлеміне саяхат жасай алады. Екінші бір іс-шара Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығы қарсаңында Халықаралық Түркі академиясы әзірлеген кітаптардың таныстырылымына арналды. «Ұлық Ұлыс (Алтын Орда), Шағатай ұлысы, Моғолстан мемлекеті. Құжаттар жинағы», «Моңғолдың құпия шежіресі. Түпнұсқадан ғылыми аударма және сөздігі», «Алтын орда: тарих, мемлекеттілік, мәдени мұра», «Жошы хан», «Зафарнама. Тарих-и-Жахангир», «Шағатай ұлысы. Хайду мемлекеті. Моғолстан», «Берке – моңғол тағындағы мұсылман» сынды тарих ғылымы үшін зор олжа саналатын кітаптардың тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Үшінші бір мәнді іс-шара – Тарихшылардың ұлттық конгресінің мүшелерін марапаттау мен жаңа мүшелерді қабылдау салтанаты болды.
Конгресс отырысын Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов жүргізді әрі жиындағы алғашқы баяндаманы жасады. Ол өз баяндамасында тарих ғылымындағы тұлғатану бағытына қатысты көзқарастарымен бөлісті. «Ғылыми әдебиетте жалған тарих жасаудың негізінен үш түрі аталады. Оның бірі кездейсоқ дәйектік қателерден тұрады. Мұндай бұрмалаушылық көбіне кәсіби біліксіздіктен туындайды. Жалған тарих жасаудың екінші түрі – тарихи ақиқаттың бір бөлігін жабық тақырыпқа айналдыру, ол туралы қасақана үндемеу. Оның мысалы Отан тарихындағы «ақтаңдақ» тақырыптардың болуы. Жалған тарих жасаудың үшінші түрі – тарихты ашықтан-ашық бұрмалау. Ол – ойластырылған, саналы бұрмалау, түпнұсқаны, шындықты жалғанмен алмастыру. Тарихи танымда әлдеқандай мақсат көздеген жеке тарихшылардың мақсатты әрекеті ретінде бұл фактор зиянды сипат алады. Кеңестік тарихнамадағы жеке тұлғалардың тарихтағы орнын айқындауда соңғы фактордың ықпалы қатты сезілді, оның салдары қазіргі кезде де жойыла қойған жоқ», деді Е.Сыдықов.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы» мемлекеттік мекемесінің директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Әмірхан Рахымжановтың баяндамасы «Н.Назарбаевтың қазақ халқының ұлттық мұрасын сақтау концепциясы» деп аталды. Ол Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларындағы ұлттық біріздендіру, ұлттық сана мәселелері төңірегінде ой қозғады. Жаңа заманда ұлттық келбетті сақтаудың өзектілігіне назар аудартқан мақалаларды интеллектуалдық, мәдени және ағартушылық платформа ретінде атап өтті.
Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі тұлғатануға қатысты бірқатар түйткілді мәселелерді атады. «Әл-Фараби мен Абайды зерттеуде тарихшылар тыс қалып келеді. Бұл орайда қос алып тұлғаны зерттеуде филологтар, әдебиетшілер мен журналистер қауымының еңбектерін атап өткен жөн», деген академик жекелеген тұлғаларды зерттеуде олқылықтар бар екенін жеткізді. Соған сай тұлғалардың болмысы көбіне әдеби зерттеулермен шектеліп, оның соңы кейде әсіре дәріптеуге, мифтендіруге ұласып жатқан жағдайлардың да бар екеніне тоқталды. Ол сондай-ақ 2018 жылы Халықаралық Түркі академиясы түркі халықтарына ортақ, адамзат өркениетіне айрықша үлес қосқан екі жүзге жуық тұлғаны іріктеп, «Түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары» деген жобаны қолға алғанын, ол келер жылы үш том боп жарық көретінін айтып өтті.
Жалпы, жиын барысында жұртқа танымал, бірқатар тарихшы ғалымдардың тұлғатану бағытында түрлі мәселелерді қамтыған баяндамалары тыңдалды. Олардың ішінде Қарағанды облысындағы Ұлытау ауданының әкімі, ғалым Берік Әбдіғалиұлы, Зиябек Қабылдинов, Жамбыл Артықбаев, Еркін Әбіл, Әбілсейіт Мұхтар, Бүркітбай Аяған сынды тарих ғылымдарының докторы, профессор дәрежесіндегі ғалымдар болды.
Конгресс соңында ғалымдар қарар қабылдап, Білім және ғылым министрлігі мен білім беру саласындағы мемлекеттік билік органдарына, Мәдениет және спорт министрлігіне, қалалар мен облыстардың әкімдіктеріне ұсыныстар жасады. Ол ұсыныстарда тұлғатану бағытындағы зерттеулерді жолға қою, ол үшін мемлекеттік тапсырыс беру, ЖОО-лар мен колледждерде, орта мектептерде тұлғатануды таңдау пәндері қатарына енгізу, оларды танымал ету мақсатында бірқатар іс-шараларды жүзеге асыру мәселелері қамтылды.