Ақтөбе облыстық Полиция департаменті Анықтау басқармасы басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Эльмира Суликанова – жол-көлік оқиғаларын зерттеудің нағыз кәсіби маманы. Жиырма жылдан бері осы салада үзіліссіз қызмет атқарып келе жатқан Эльмира көлік апаттарын тергеу ісі кәдімгі полицейлердің жұмысынан өзгешелеу дейді. Себебі, жол-көлік оқиғаларының себебін анықтауға математикалық өлшемдер, нақтылық пен дәлдік керек.
Мазасыз жұмыс пен отбасын қатар ұстап келе жатқан Эльмира өз мамандығына ерекше берілген қызметкер. Күндіз-түні үй көрмеу, беймезгіл уақытта апат болған жерге – қала сыртына шығып кетуге, сенбі мен жексенбінің жұмыс күндеріне айналуына кез келген бала-шағалы әйел шыдай бермейді. Соған қарамастан төрт баласының жағдайын ойлап, жұмысын өзгерту осы күнге дейін еш ойына келмеген. Мұның себебін жұмыссыз отыра алмайтын тынымсыз мінезі мен мамандығына құлай берілуінен көреді. Оның үстіне, ері де полиция қызметкері болғандықтан, Эльмираның жұмысының қиындығын жақсы түсінеді. «20 жасымда полиция қызметінің есігін қағып, Атырау облысында ішкі істер қызметінде жұмысымды бастағанмын.1999 жылы Ақтөбенің жігітіне тұрмысқа шығып, осы жаққа ауыстым. 23 жасымда Ақтөбе қаласындағы Зауыт полиция бөліміне тергеушінің көмекшісі болып қабылдандым. Содан бастап жол-көлік апаттарын тергеу ісіне мамандандым», дейді ол.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қабылданған шараларға қарамастан бүгінде апат азаймай тұр. Мәселен, биылғы жылдың 9 қазаны мен 20 қарашасы аралығында Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғасынан 16 адам көз жұмған. Мұның басты себептерін тәжірибелі маман былай деп саралайды: «Бүгінде бәрі асығыс. Осы асығыстықтың кесірінен адам өмірі қиылып жатады. Екінші жағынан, көпшілік жүргізушілер жол ережелерін сақтамайды. Сақтамайтын себебі – білмейді. Жолда жүру – ерекше жауапкершілікті қажет етеді. Жастар көлік жүргізіп келе жатып, смартфон шұқылап отырады. Мен қала ішіндегі жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерін осыдан көремін. Ал үлкен жолдарда жүргізушілер жылдамдықты шектен тыс асыруға шебер. Бір мысал. Қала ішіндегі белгілі бір учаскеде рұқсат етілген көлік жылдамдығы 40 км/сағ деп көрсетілген белгіге мән беретіндер аз. Бұл жерде көлік жүргізушілері жылдамдықты 50-60 км/сағ дейін арттырады. Ал қала сыртындағы үлкен автокөлік жолдарындағы қозғалыстың орташа жылдамдығы 50-60 км/сағ деп көрсетілгеніне қарамастан, 80 км/сағ жылдамдыққа салады. Осындай өрескел заң бұзушылықты азаматтарымыз қалыпты жағдай деп түсінеді. Үшіншіден, жауапсыздықтың бір ұшы жаяу жүргіншілерге келіп тіреледі. Адамдар бағдаршам тұрған жерден, не жаяу жүргіншілерге арналған жолдан өтуді қиынсынып, көлік жолын кесіп өтеміз деп апатқа тікелей себепші болып жатады. Тәртіпке бағынбасақ, бәрі бекер. Бұл жағынан жолда жүру ережелерін қатаң сақтайтын жұрттан үйренеріміз көп. Мәселен, Белоруссияда қала ішіндегі көлік жылдамдығы 40 км/сағ деген белгі тұрса, осы ереже бұлжытпай орындалады. Жүргізуші 40-тан сәл асырса бірден айыппұл төлейді. Өкінішке қарай, біздің заңымызда мұндай қатаң шектеулер жоқ болғандықтан, қозғалыс жылдамдығы 40 км/сағ деп көрсетілген учаскелерде жүргізуші жылдамдықты 50-60 км/сағ дейін арттырса да, қалыпты жағдай деп қабылданады», дейді полиция подполковнигі.
Адамдар, әсіресе, қыс мезгілінде жолда абай болуы керек. Көктайғақ, қалың тұман, боран, не қар жауғанда жолдағы көріну қашықтығы төмен болғандықтан, қарсы беттен келіп қалған көлікті байқау өте қиын. Сол себепті қыста жоғары жылдамдықпен көлік жүргізгенді ұмытқан дұрыс. Қыс мезгілінде, көктайғақта үлкен жолдарда жеңіл көліктер мен ауыр жүк көліктерінің соқтығысуының жиілеу себептері де осында. Әдетте жеңіл көлік жүргізушісі алдында жүріп келе жатқан ауыр жүк көлігін басып озамын деп, қарсы келе жатқан көлікті байқамайды. Не кеш байқағандықтан да, көлік тізгінін басқара алмай қалады. Жүргізуші үлкен жолда жағдайды дұрыс бағдарлай алмауынан, қарсы бетке шығып кетеді. Дұрысы – оң жағына қарай тежеліп, ал қарсы келе жатқан көлік тоқтауы керек. Осы кезде апаттың алдын алуға болады.
Эльмира полиция қызметінде жүріп, балаларының да ержетіп қалғанын байқамай қалғанын айтады. Қазір үлкен қызы 20-да, ең кенжесі балабақшада. Ересектері ата-анасының жолын қуып, полиция болуға ықыластанып отырған жоқ дейді. Себебін сұрағанда, «балаларымыздың біз сияқты әке-шешесін көрмей өскенін қаламаймыз» деп жауап берген. «Жолдасым екеуміз бала тәрбиесінде сөзіміз бір жерден шығады. Балалар ерке емес, артық ештеңе сұрамайды. Тек олар біздің жандарында жиі болуымызды қалайтын. Біз үйге балалар ұйықтап жатқанда, көбінесе түнде ораламыз. Сенбі мен жексенбіде де ата-анасын көре бермейді. Дегенмен, мұндай жұмыс тәртібінің пайдасы – балалар жауапкершілікті мойындарына алады. Сабақтарын өздері оқиды, ересектер кішкентайларын бағады, үйдің бар шаруасын да өздері атқарады», дейді Эльмира.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында есейген жас осылайша Отанға адал қызмет атқарып, тәрбиелі ұрпақ өсіріп, жақсы жар, үлгілі келін болып отыр. Қызметтестері де Эльмираны қарапайымдылығы мен ақжарқын мінезі үшін құрметтейді, жауапкершілігі жоғары маман деп бағалайды.
Ақтөбе облысы