• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Сайлау 14 Желтоқсан, 2020

Сайлаушылар пікірі назарға алынды

485 рет
көрсетілді

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) отырысында Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын сайлау науқанының кейбір мәселелері пысықталды.

Қатысушылар Парламент Мә­жілісі депутаттарының кезекті сайлауында партиялық тізімдерді ұсыну және тіркеу қорытындыларын, сайлау бюллетендері мен партия тізімдерін тіркеу кезінде Орталық сайлау комиссиясына келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау барысын қарады.

ОСК төрағасының  орынбасары Константин Петров саяси партиялар өткізген тізімдердің қорытындысын баяндады. Оның айтуынша, сайлауға қатысуға 6 саяси партияға рұқсат берілген. Белгіленген кезеңде ОСК-ға Парламент Мәжілісінің депутат­тығына 5 саяси партия – «Ауыл», Nur Otan, ADAL, «Ақ жол» және «Қазақстанның Халық партиясынан» кандидаттардың тізімі келіп түскен. Сайлау заңнамасына сәйкес бір партиядан саяси партиялар арасында бөлінетін депутаттық мандаттардың белгіленген санының отыз про­центі­нен аспайтын адамдар саны енгі­зіл­ген бір ғана тізім жіберіледі. Пар­тиялық тізімде әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдардың саны оған енген үміткерлердің жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс.

Тізімдерін ұсынған саяси партиялар комиссияның шотына өз қаражатынан партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен жалақының он бес еселенген мөлшерінде сайлау жар­насын енгізеді. Парламент Мәжі­лісі депутаттарының өткен сай­лауында 7% және одан көп дауыс жинаған партиялар жарна төлемейді. Конституциялық заңға сәйкес сайлау жарнасы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық пар­тиясы мен ADAL саяси партиясына міндетті.

Осылайша, Орталық сайлау комиссиясы 5 саяси партияның тізімін тіркеген. Барлығы 312 кандидат, оның ішінде 19 үміткер «Ауыл», 126 адам Nur Otan, 16 адам ADAL, 38 адам «Ақ жол» және 113 адам «Қазақстанның Халық партиясының» атынан ұсынылған.

Партия тізімдеріне 90 әйел және 222 ер адам енген. Ал 29 жасқа дейінгі кандидаттар саны – 19 адам. Ең жас үміткер 1995 жылы туса, жасы бойынша ең үлкені 1950 жылы дүниеге келген. Кандидаттардың орташа жасы – 47. Тізімдерге Парламент Мәжілісінің VI шақырылымынан 34 депутат енген. 12 ұлт өкілі ұсы­нылған, оның ішінде 79,8% қазақ, 13,8% орыс, сондай-ақ тізімде корей, беларусь, өзбек, ұйғыр, украин, әзербайжан, неміс, поляк, татар, чуваш ұлттары бар.

ОСК партиялық тізімге енген адамды заңға қайшы әрекеттері үшін тізімнен шығару туралы шешім қабылдай алады. Сайлау алдын­дағы үгіт Конституциялық заңда белгіленген мерзімде, 2020 жылғы 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-ден кейін басталады.

Комиссия хатшысы Сабила Мұстафина дауыс беруде қолданыла­тын бюллетендер туралы баяндады. ОСК «Сайлау туралы» заңның 12-бабына сәйкес Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау жөніндегі дауыс беруге арналған бюллетеннің нысаны мен мәтінін, мәслихаттар депутаттарын сайлау бойынша дауыс беруге арналған бюллетеньдердің нысанын, сондай-ақ оларды жасау тәртібі мен қорғалу дәрежесін белгілейді, Парламент депутаттарын сайлау бюллетеньдерін дайындауды қамтамасыз етеді. Заңнамаға сәйкес бюллетеньге саяси партиялардың атаулары жеребе арқылы енгізіледі. Осыған байланысты отырыста партиялардың бюллетенде жазылу реті анықталды. 

Жеребе қорытындысы бойынша сайлау бюллетеніндегі партиялардың атаулары келесі тәртіппен орналастырылатын болады: «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлес­тігі, Nur Otan партиясы, «Ауыл» халық­тық-демократиялық патриоттық партиясы, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы және ADAL саяси партиясы.

Сайлаушылардың жалпы саны­ның 1 пайыз резервін қоса алғанда, дайындалатын бюллетендер саны – 12 038 433 дана.

Жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштер туралы ОСК мүшесі Ерлан Дауылбаев хабарлады. Ол 26 қараша мен 8 желтоқсан аралығында Орталық сайлау комиссиясына 22 өтініш келіп түскенін және оның үшеуі заңды тұлғалардан, біреуі БАҚ-тан және 18  өтініш жеке тұлғалардан келгенін айтты.  Бұл хаттарда сайлау заңнамасын түсіндіру, сайлау процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша ақпарат беру туралы өтініштермен қатар сайлау заңнамасы мен ОСК қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар да бар. Келіп түскен 22 өтініштің үшеуіне ОСК жауап берген, төртеуі комиссия құзыретіне кірмейтін болғандықтан, мемлекеттік органдарға жолданған, ал 15 өтініш қаралып жатыр.

Сонымен қатар ОСК-ның ағым­дағы жылғы 4 желтоқсандағы №44/371 қаулысының қабылдануына бай­ланысты байқаушылардың өкілет­тіктерін іске асыру мәселе­леріне қатыс­ты қоғамдық ұйымдардан бір­қатар өтініштер келіп түскен. Бұл мәселе бойынша баяндаған ОСК мүшесі Серік Сыдықов Орта­лық сайлау комиссиясы ұлттық байқау­шы­ларға қатысты жаңа талаптар қой­мағанын мәлімдеді.

Статистикалық деректерге сай ұлт­тық бақылау белсенділігінің бір жа­рым есе өскен. 2015 жылғы сай­лау­ға 30 мыңға жуық байқаушы қатысса, 2019 жылы президенттік сайлауға 47 мыңға жуық байқаушы атсалысқан.

ОСК қаулысы фото, аудио және бейнежазбаны түсіруге тыйым салмайды. Ол фото және бейнежазбаны жүзеге асыру дауыс беру құпиясын және сайлаушылардың дербес деректерін қорғауды ескере отырып жүргізілуге тиіс екенін ескертетіні хабарланды. Фото, аудио, бейнетүсірілімді жүзеге асыру бойынша іс-әрекеттер байқаушыға сайлау процесінің барысын объективті бағалауға, оның ішінде азаматтық, қылмыстық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша дәлелдемелер ретінде пайдалану үшін ықтимал заң бұзу­шылықтарды тіркеуге мүмкін­дік береді. Осылайша, түсірілген материал­дар іс-әрекеттерге арнайы баға беруге уәкілетті тиісті органдар қара­­­ған кезде заң бұзушылықтардың дә­лелі ретінде пайдаланылуы тиіс. Егер байқаушы фото, аудио, бейне­түсірілімді жариялауға пайда­лан­ғысы келсе, Азаматтық кодекстің (145-бап) талаптарын сақтауы тиіс.

Сондай-ақ «БАҚ туралы» заңның 14-бабының 1-1-тармағына сәйкес БАҚ-та фото және бейнематериалдарды пайдалану үшін сайлау учаскесіндегі адамдардың келісімі талап етілмейді.

Одан бөлек заңнамада сайлау учаскелерінен бейнетрансляция жүргізу құқығы көзделмеген. «Байланыс туралы» заңның 2-ба­бының 61) тармақшасына сәйкес жаз­ба (фото-, аудио және бейне-) трансляцияға (тікелей эфирге шы­ғуға) ұқсас санат болып табылмайды. Сол себепті бұл процестерді рет­теу бөлек жүргізілуі керек. Бұл жағ­дайда байқаушылар сайлау про­цесінің заңды қатысушылары болып табылады, сәйкесінше олардың қызметі сайлау туралы заңмен және басқа заңнамамен нақты реттеледі. Қызметті реттеу тек міндеттерге ғана емес, сонымен қатар өз функцияларын жүзеге асыратын байқаушының сайлау учаскесінен бейне хабар тарату құқығының болмауын қамтитын құқықтарға да қатысты. Осылайша, осы қаулыны қабылдай отырып, ОСК Қазақстан Республикасы заңдарының мүлтіксіз және дәл сақталуын бас­шылыққа алатынын мәлімдеді.