• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Сайлау 14 Желтоқсан, 2020

Үміткерлер тіркелді

477 рет
көрсетілді

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну мен тіркеу қорытындыларын жариялады.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаев мәслихатқа сайлау алғаш рет саяси партиялардың партиялық тізімдері бойынша өтіп жатқанын атап өтті.  Мәслихаттар депутаттарын сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді аумақтық сайлау комиссиялары жүргізеді. Сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес партиялық тізімдерді ұсыну 10 қараша мен 4 желтоқсан аралығында өтті. Орталық сайлау комиссиясы 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына қатысуға 6 саяси партияны жіберген еді. Алайда сайлау комиссияларына тек 5 саяси партия – «Ауыл», Nur Otan, ADAL, «Ақ жол», Қазақстанның Халық партиясынан құжаттар келіп түскен. Барлығы 840 партиялық тізім ұсынылды.

Бұл ретте Nur Otan мен АDAL саяси партия­сы өңірлердегі барлық 216 мәслихатқа сайлау округтері бойынша тізімдерді ұсынған. Ал  «Ақ жол» партиясынан 175 тізім, «Ауыл» партиясынан 159 тізім, Қазақстан Халық партиясынан 74 тізім келіп түскен. 17 округ бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарына 75 тізім (1 392 кандидат) ұсынылды.

36 округ бойынша облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына 134 тізім ұсынылды (1 415 кандидат). Аудандық мәслихаттардың 163 округі бойынша 631 тізім ұсынылды (5 527 кандидат). Партиялық тізімдерге 8 334 кандидат енгізілді, оның ішінде 3 721 (44,6%) – әйелдер мен 29 жасқа толмағандар.

Партиялық тізімдерді тіркеу 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18-де аяқталды. Барлығы 832 партиялық тізім тіркелді, оның ішінде:

«Ауыл» партиясынан – 158, Nur Otan партиясынан – 216, ADAL партиясынан – 215, «Ақ жол» партиясынан – 174, Қазақстан Халық партиясы – 69 тізім.

Отырысты қорытындылай келе, ОСК төрағасы Берік Имашев мәслихаттар депутаттарын сайлауды дайындау мен өткізу тек аумақтық сайлау комиссияларының құзыретіне жататынын атап өтті. Осыған байланысты, аумақтық сайлау комиссияларына негізгі ақпарат иелері ретінде партиялық тізімдерді ұсыну және тіркеу қорытындыларын жариялау бойынша кеңейтілген ақпараттық жұмыс жүргізу, бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифингтер өткізу тапсырылды. Одан бөлек 12 желтоқсанға дейін барлық тіркелген партиялық тізімдер аумақтық сайлау комиссияларының интернет-парақшаларында жариялануы керек.