Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бейнеконференция форматында өткен кезекті отырысына қатысты, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Онлайн саммитке Қазақстан Президентінен бөлек Жоғары Еуразиялық кеңестің Құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасы Президентінің міндетін атқарушы Талант Мамытов, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Еуразия экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон, шақырылған мемлекеттердің басшылары есебінде Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Куба Республикасының Президенті Мигель Диас-Канель, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысты.
Жиында Еуразиялық экономикалық одақты дамытудың өзекті мәселелері, атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық интеграцияның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму бағыттарының пысықталған жобасы, ұйым аясындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары, тауар өндірушілердің мүдделерін қорғау үшін жалпы демпингтік, өтемақы төлеу және арнайы шаралар қолдану тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ Өзбекстан мен Кубаға Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесін беру мәселелері талқыланды.
Қазақстан Президенті өз сөзінде биылғы жылдың барлық ел үшін күрделі сынақ болғанын, бірақ Одақ бірлік пен ынтымақтастықтың үлгісін, ең бастысы, сын-қатерлерге қарсы тұруға қабілеттілігін көрсеткенін атап өтті. Халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шешімдер жедел қабылданды.
Мемлекет басшысы COVID-19 індетінің тез таралуы, шикізат тауарлары бағасының құлдырауы, бүкіл әлемде экономикалық белсенділіктің бірден төмендеуі – осының бәрі одаққа мүше елдердің экономикасына кері әсер еткенін айтты. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ресми есебіне сәйкес, 2020 жылдың қорытындысы бойынша, әлемдік ішкі жалпы өнім 4,5 пайызға қысқарады. Ал Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша бұл көрсеткіш дамушы елдерде 2,5 пайызға құлдырайды. Биыл жан басына шаққандағы кіріс көлемінің 3,6 пайызға төмендеуі – ерекше назар аударатын мәселе.
– Сонымен қатар теріс тенденциялар Одақ аясындағы сауда-саттыққа әсер етті. Өзара сауда-саттық биылғы 9 айдың ішінде 13 пайызға төмендеп, 39 миллиард долларды құрады. Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші елдермен арадағы тауар айналымы одан да көп, яғни 19 пайызға төмендеп, 447 миллиард долларға жетті. Мұның бәрі тиімді іс-қимылдарды жедел реттеуді, өсім резервтерін іздеуді және Одағымыздың экономикалық әлеуетін көрсетуді қажет етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан бергі кезеңде Қазақстанның серіктес елдермен өзара сауда айналымы 33 пайызға артты, соның ішінде, экспорт 25 пайызға өсті. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен тартылған инвестицияның жалпы көлемі 6 пайызға дейін артқан. Бірлескен кәсіпорындардың саны 2 есеге көбейіп, шамамен 13 мыңға жуықтады.
Көптеген ел Одақпен ынтымақтастық орнатуға ұмтылуда. Өзбекстан мен Куба Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесін алды.
– Біз бұл қадамның іс жүзінде өзара тиімді болатынына және жан-жақты экономикалық ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтетініне сенімдіміз. Мұны бірлестігіміздің бүкіл әлемдегі беделінің, тартымдылығының, танымалдығының артып келе жатқаны деп білеміз. Бауырлас Өзбекстанмен арадағы сауда-саттықтың артып, іс-қимылдардың кеңеюінен оның перспективасы зор болатынын байқаймыз. Өзбекстанның Еуразиялық жобаға қатысуы біздің екіжақты байланыстарымызды, сондай-ақ Орталық Азия аймағындағы ынтымақтастықты толықтыра түседі деп санаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі стратегиясының бекітілуіне ерекше назар аудару қажет. Биылғы мамырда Президент аталған құжаттың дау туғызатын кейбір тұстары бар екенін ескере отырып, Стратегия жобасын әлі де жан-жақты пысықтау қажеттігі туралы ескерту айтқан болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұстанымына қолдау көрсеткені үшін барлық әріптестеріне, мемлекеттер басшыларына ризашылығын білдірді.
– Үкіметтер мен Комиссия Стратегияны пысықтау үшін мазмұнды, конструктивті жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, бірқатар салада мүше мемлекеттердің заңнамаларын үйлестіруді және біріздендіруді қамтитын іс-шаралар түзетілді. Үшінші елмен екіжақты келіссөз жүргізу кезінде Комиссияның міндетті түрде қатысуы туралы бөлім қайта қаралды. Енді Комиссия мүше мемлекеттің өз ұсынысы бойынша ғана келіссөздерге қатыса алады. Бұл дұрыс әрі қолайлы әдіс деп ойлаймын. Білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастық пен тұжырымдардың бағыты да пысықталды. Бұл ретте, аталған салалардағы бесжақты ынтымақтастық тек экономикалық бағытта ғана қарастырылды, – деді Президент.
Сонымен қатар жиын барысында Комиссияның кадрлық құрамын жасақтау жөніндегі Қазақстанның ұсынысы да талқыланды. Бұл жерде әңгіме комиссия құрамын мүше мемлекеттердің қаржыландыру үлесіне қарай бекітуден бас тарту жайында болып отыр. Іс жүзінде барлық бес мемлекеттің Комиссиядағы азаматтарының өкілетті жұмыстары олардың кәсіби тұрғыдан өсуіне мүмкіндік береді, әсіресе еуразиялық интеграция саласындағы мамандарды даярлауға септігін тигізеді.
Мемлекет басшысы барлық «нәзік мәселелер» бойынша келісімге қол жеткізілгенін ерекше атап өтті. Бұл елдердің бір-бірінің ұстанымдарын ескеруге және ортақ тіл табуға деген ұмтылыстарын көрсетеді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыруға, шағын және орта кәсіпорындарды интеграциялық өндірістік үдеріске тартуға, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы мүшелерінің бизнес өкілдерімен бетпе-бет кездесулер өткізуіне бағытталған бірқатар ұсыныс айтты.
Президент сөйлеген сөзінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің экономикалық интеграцияға қосқан нақты үлесінің, қосымша құнының шынайы көрсеткішінің бағалау моделін әзірлеу маңызды екенін айтты.
Қазақстан Президенті мемлекеттер басшыларының назарын Шығысты біртіндеп әлемдік экономикалық тартылыс орталығына айналдыратын Қытай мен Азияның өсіп-өркендеп келе жатқанына аударды.
– Азия, шын мәнінде, ХХІ ғасырдың аймағы болады. Қазірдің өзінде әлемдік ішкі жалпы өнімнің 28 пайызы осында шоғырланған. Бұл көрсеткіш әлі де өседі. Қазір «шығысқа бет бұру» тренді көлік-логистикалық кооперацияға жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Біз, яғни Еуразия елдері өз транзиттік әлеуетімізді толық жүзеге асыруымыз керек. Күре жолдардың трансшекаралық учаскелерін жаңғырту ісін жеделдетуді, соның ішінде, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының Ресей Федерациясы аумағындағы бөлігінің құрылысын аяқтап, жаңғыртуды ұсынамын. Бұдан бөлек тауарлардың ішкі айналымының еркіндігін, сондай-ақ үшінші елге жасалатын транзитті қамтамасыз ету мақсатында барлық автомобиль дәліздерін цифрландыру үдерісін бастау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
2021 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың жарғылық органдарына төрағалық ету міндеті Беларусьтен Қазақстанға өтеді. Мемлекеттер басшылары еліміздің төрағалығының негізгі басымдықтарын атады. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты толыққанды іске асыру, кедергілерді реттеу, өзара тиімді іс-қимылдарды және халықаралық ынтымақтастықты дамыту, Комиссияның кадрлық құрамын жасақтау жөніндегі рәсімдерді жетілдіру және оның функционалдығы мен жауапкершілігін күшейту.
Қазақстан Президенті сөзінің соңында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өзара күш біріктіре отырып, алға қойған мақсатқа қол жеткізетініне және еуразиялық интеграцияның мүлде жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдіріп, Президенттерді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.