• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Желтоқсан, 2020

Назарбаев Университетінің ғалымдары COVID-19 симуляторын ойлап тапты

168 рет
көрсетілді

Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының ғалымдары пандемиямен күрестегі ең тиімді тәсілдердің бірі – халықты  жаппай тестілеу және байланыста болған адамдарды анықтау екенін айқындады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Зерттеулер барысында зерттеушілер байланыста болған адамдарды бақылау үшін арнайы мобильдік қосымшаны пайдалану қатаң шектеу шараларын қолданбай-ақ, коронавирустың таралуын тежеуге болатынын анықтады.

Осыны анықтау үшін ғалымдар өздері ойлап тапқан жаңа тәсілді – бөлшектерге негізделген COVID-19 симуляторын қолданды. Бұл 2D картасы, онда адамдар ұсақ бөлшектер түрінде ұсынылған. Карта адамдардың орналасқан жерін, қозғалу жылдамдығы мен эпидемиялық мәртебесін ескереді. Сонымен қатар ол адамда арнайы мобильдік қосымшаның бар екенін көрсетеді, вирусты жұқтырған адаммен байланыс салдары туралы хабарлайды, сондай-ақ COVID-19 тестілеу нәтижесін көрсетеді.

Модель вирусты жұқтырған және дені сау адамдарды әртүрлі түстермен көрнекі түрде көрсетеді. Адамдар эпидемиялық жағдайға (денсаулық жағдайына) байланысты әртүрлі санаттарға бөлінеді. Бұл азаматтарға 2D картада вирусты жұқтырғандардың және дені саулардың жалпы санын бақылауға, инфекцияның таралу жылдамдығын қадағалауға, сондай-ақ қабылданған шаралардың тиімділігін нақты түсінуге мүмкіндік береді.

Өз зерттеулерінде ғалымдар көктемде Италияда COVID-19 эпицентріне айналған Ломбардия аймағындағы Лекко провинциясының нақты мәліметтеріне негізделді. Инфекцияның таралу сценарийлерін модельдеу барысында ғалымдар екі қарапайым шараны – вирусты жұқтырған  адамдардың байланысын бақылау және халықты жаппай тестілеуді бірлесе қолдану ауру мен өлім-жітімді едәуір төмендететінін анықтады.