Пандемияға, күрделі экономикалық ахуалға қарамастан Қазақстанның алтын-валюта қоры толыға түсті. Қараша айындағы көрсеткіш бойынша еліміздің алтын-валюта қорының резерві 33,6 млрд долларға жеткен. Бұл 2019 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 13,8 пайызға өсім болғанын көрсетеді.
Finprom.kz дерегінше, алтын-валюта қорының өсімі алтын портфелінің өсімімен байланысты. Былтырмен салыстырғанда 26,9 пайызға өсім бар. Бұл – ақшаға шаққанда 23,2 млрд доллар. Жалпы, 2015 жылдан бері ел резервіндегі алтын үлесі ұдайы өсіп келе жатыр. Биыл қазан айында 69,1 пайызға артты.
«Алтын үлесінің едәуір ұлғаюы Ұлттық банктің бағалы металды белсенді сатып алуымен және портфельді әртараптандырумен байланысты. Коронавирус туғызған дағдарыс, сондай-ақ энергетикалық нарықтағы белгісіздік жағдайында алтынға инвестиция бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Бұл актив үнемі жоғары өтімді күйінде қалады, несиелік тәуекелге ұшырамайды және аса тапшы металл болғандықтан уақыт бойынша құнын сақтап қалады. Алтын төрт негізгі әдіспен портфельді күшейте түседі: ұзақ мерзімді пайдаға кенелу; диверсификатор ретінде әрекет ету және нарықтық стресс кезінде шығынды азайту; несие тәуекелінсіз өтімділікті қамтамасыз ету; портфельдің жалпы тиімділігін жақсарту» деп жазады Finprom.
Алтынның ешқашан құнын жоғалтпайтын құнды металл екеніне жыл санап көз жеткізіп келеміз. 2001-2019 жылдар аралығында алтынға деген әлемдік инвестициялық сұраныс 14 пайызға өссе, осы жылдар аралығында алтын бағасы төрт мәрте қымбаттаған. Жалпы, алтын әлемнің дамыған елдерінде резервтің негізгі бөлігін құрайды. Мәселен, АҚШ резервіндегі алтын үлесі 79,4 пайыз (8,1 мың тонна) болса, Германияда – 76,6 пайыз (3,4 мың тонна), Италияда – 71,1 пайыз (2,5 мың тонна), Францияда – 66,7 пайыз (2,4 мың тонна). Бұл елдер алтын қоры бойынша көшбасшы мемлекеттер болып саналады.
Ал Қазақстан әлемдегі алтын қоры бойынша 13-орында. Салмақпен есептегенде, елімізде 383,3 тонна алтын қоры бар. Соңғы бес жылда Ұлттық банк 215,2 тонна алтын сатып алған. Сондай-ақ биыл үшінші тоқсанда Қазақстан алтын сатып алу бойынша ТОП-5 елдер қатарына кірді. Портфельді алтынның пайдасына әртараптандыру елде алтын-валюта қорын сақтап және ұзақ мерзімді пайда алып келуге мүмкіндік береді.
АЛМАТЫ