• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Оқиға 15 Желтоқсан, 2020

Наградалар тапсырылды

211 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік күні қар­саңында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттарға және аппарат қызметкерлеріне Президент Жарлығымен берілген мемлекеттік марапаттарды тапсырды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Нұрлан Нығматулин Тәуел­сіздік күнінің барлық қазақ­стандықтар үшін маңыздылығы, еліміздің осы жылдардағы жетіс­тіктері туралы айта келіп: «Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың кемел саясатының арқа­сында бүкіл әлемге жедел дамушы ел ретінде танымал болдық. Заманға сай білімді, рухты ұр­пақтарымыз өсіп келеді», деді.

Сондай-ақ Палата Спикері Қазақстанымыз дүние жүзінің саясаткерлері, өркениетті ел басшылары, әлемдік қайраткерлер бас қосатын сыйлы шаңыраққа айналғанын, бүгінгі күні Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы толағай та­быс­тары­мызды сақтап, стра­тегия­лық даму бағытын одан әрі жалғастырып жатқанына назар аударды.

Нұрлан Нығматулин депу­тат­тық корпустың елімізді одан әрі жаңғырту бойынша Елбасы мен Мемлекет басшысы қой­ған барлық міндеттердің орындалуын заңнамалық тұрғы­дан қамтамасыз ету үшін қазіргі күрделі жағдайда жұмыс­тың жаңа нысандары мен механизм­дерін енгізгенін атап өтті.

Мемлекеттік және қоғамдық қызметі үшін, еліміздің әлеу­мет­тік-экономикалық және мәде­ни дамуына, халықтар ара­сын­дағы ынтымақтастық пен достықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаевқа берілсе, «Парасат» ордені Жек­­сен­­бай Дүйсебаевқа және Дания Еспаеваға табыс етіл­ді. «Құр­мет» орденіне  Жамбыл Ахмет­беков ие болды. Ал «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалі аппарат қызметкерлері Нариман Әлғо­жинге, Ботагөз Ботабаеваға және Клара Мәутенбаеваға берілді.

Қазақстан Республикасының Құр­мет грамотасы аппарат қыз­мет­керлері Айтбек Әліпов, Ай­герім Нұржанова және Татьяна Сыздықоваға табысталды.

Сонымен қатар Мәжіліс Төр­ағасы ТМД Парламентара­лық Ассамблеясының «Достық» орденін Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановқа, ТМД Парламентаралық Ассам­б­лея­сының «Парламентара­лық ынты­мақтастықты нығайту үшін» медалін Әділет министрі Марат Бекетаевқа және Мәжіліс депутаты Сергей Звольскийге табыстады. ТМД Парламентаралық Ассамблеясының Құрмет грамоталарын Әбдіманап Бектұрғанов пен Мұхтар Ерман алды.

Іс-шара барысында Палата Спикері Нұрлан Нығматулин заң жобаларымен тиімді жұмыс істеу және парламентаралық бай­ла­ныс­­тарды кеңейту үшін мем­ле­кеттік органдар өкілдерінің депутат­тық корпуспен өзара іс-қимы­лы­ның маңыздылығын атап өтті.