Теміртауда тұратын Қуаныш Тыныбек есімді азаматты Тәуелсіздіктің түйдей құрдасы десе де болады. Алтайдың арғы жағында 1991 жылдың 27 желтоқсанында дүниеге келгенінде, атамекеннен алыстағы ата-анасы тарих сахнасында тұсауы жаңадан ғана кесілген егемен елдің құрметіне деп есімін ырымдап Қуаныш қойған екен...
Қуаныш Тыныбек Қарағандыдағы Орталық Қазақстан академиясын 2011 жылы тәмамдағаннан кейін сәтін салып, Теміртаудағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығына жұмысқа тұрды. Расын айтқанда, бұл жерге тырнақ іліктірудің өзі де оңай болмапты. Талапты да табанды жас бірнеше кезеңнен тұратын сынақтан өтіп, сол кезде жаңадан ашылған мекемеге алғашқылардың бірі болып жұмысқа тұрған.
Басында музей қараушысы, кейін экскурсия жетекшісі қызметіне бекітілді. Бүгінде осы қызметті ұршықша үйіріп әкеткен. Бұл жерге келетін сандаған делегацияны қарсы алып, министр, депутаттардан бастап мектептегі оқушыға дейінгі қауымның барлығын мол мағлұматпен сусындатып, рухани тұрғыда риза қылып шығарып салу – айтқанға ғана оңай шаруа. Бұған терең білім, шешен тіл, қажыр-қайрат керек.
Орталықта Қуаныш қыр-сырын, тарихын білмейтін экспонат жоқ десе де болады. «Бұл орталықтың аурасы ғажап! Мұндағы мемлекетіміздің негізін қалаған Тұңғыш Президентке, Теміртау Магниткасына қатысты әрбір экспонаттың айтар сыры мол, тереңде жатқан тарихы сан-қилы. Маған, мысалы, Елбасының алтын жалатылған жіппен өрнектелген ататек шежіресі керемет әсер етеді. Бұл туындыға қарап тұрып, тарихи тұлғаның текті тұқымнан тамыр тартқанына көз жеткізесіз. Сонан соң орталыққа 2018 жылы әкелінген «Мерседес-Бенц» автокөлігі де өте құнды және келушілер аса қызығушылық танытатын экспонаттың бірінен саналады. Бұл автокөлік Тұңғыш Президентке талай жыл сенімді қызмет еткен», дейді ол жұмысы жайлы айтқанда шабыттана түсіп.
Қуаныш еңбек ететін тарихи-мәдени орталық Теміртаудағы қоғамдық-бұқаралық-саяси іс-шараларды ұйымдастыратын, Мемлекет басшысының Жолдаулары мен еліміздің басты саяси бағдарламаларының жүзеге асырылуын қамтамасыз етуші іргелі мекеменің бірі. Орталықта тек қана Тұңғыш Президентке қатысты тақырып қана қамтылған деп ойлаған адам қатты қателеседі. Бұл жерде еліміздің, Қарағанды облысының, Теміртау қаласының тарихына қатысты өте бай және мазмұнды мағлұмат қоры жинақталған.
«Орталыққа келушілер саны пандемияға дейін жылына 25 мың адамнан асып түсетін. Қазір карантиндік шектеулерге байланысты келушілер қатарының сирегені рас. Дегенмен біз заман талабына сай онлайн режімде жұмыс істеуді меңгердік. Жаңа пішімге ауысып, әлеуметтік желілердің әлеуетін пайдалана бастадық. Онлайн-экскурсиялар ұйымдастырып, сайтқа бейнебаян, түрлі ролик жасап саламыз», дейді әрбір ісі тындырымды Қуаныш Тыныбек.
Қуанышты бесаспап маман десе де болады. Ол әлгі бейнебаян мен роликтердің сценарийін өзі жазып, монтаждап, басынан аяғына дейін өзі жасап шығарады. Осы шаруалардың бәрін ол өз ісіне деген үлкен сүйіспеншілікпен атқарады. Содан да болар, ол бітірген жұмыстар сапалы шығып, жоғарыдағы басшылық тарапынан ылғи да тәуір баға алып жатады.
Кейде аталған орталыққа қатысты мынадай қызықты жайттар да кездесіп жатады екен. Қуаныш «Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығына» деген жазуы бар бейджикпен басқа бір мекемелерге, дүкендерге бара қалса, жұрттың бәрі бірден назар аударып, құдды бір бұлар Президент Әкімшілігінен келгендей айрықша құрметпен қарайтын көрінеді. Ал ресми іс-шараларда ұйымдастырушылар да орталықтың қызметкерлеріне ілтипат танытып, қошеметпен төрге оздырып жатады. Мұның бәрін Қуаныш отандастарымыздың Тұңғыш Президентке деген құрметі деп санайды және өзінің осы бір әлемдік масштабтағы тарихи тұлға атындағы орталықта еңбек етіп жүргенін орынды мақтан етеді.
Қуаныштың өзі де, жан жары Шолпан Санақбай да қоғамда болып жататын жаңалықтарға сергек қарап, үн қосып отыратын белсенді жастар. Қолы қалт еткен кезде қалалық, облыстық және республикалық басылымдарға мақала жазып тұрады. Көбіне өзі тұрып жатқан металлургтер шаһарындағы мемлекеттік тілге, ұлттық құндылықтарға қатысты шетін мәселелерді қозғап, көтереді. Мысалы ол Теміртау қаласында бір де бір қазақтілді баспасөздің жоқтығына назар аударып, дабыл қақты. Сонымен қатар Қуаныш қазағы аздау қалада ұлттық салт-дәстүрді, әдеп-ғұрыпты насихаттау ісінде де алғы шепте жүретін алғадай жастың бірі. Жыл сайын Теміртау қаласында тарихи-мәдени орталық атынан қалалық спорт бөлімімен бірігіп, асық атудан жарыс ұйымдастыруға да белсенді түрде атсалысып келеді.
Сонымен қатар ол автор ретінде орталық қызметкерлерімен бірлесе отырып, «Сарыарқа төріндегі кездесулер» атты жинақты шығаруға сүбелі үлес қосты. Тұңғыш Президентке қатысты мақалалар топтастырылған аталған еңбектің тұсауын Елбасының серіктестері мен Қарағанды облысының сол кездегі әкімі Ерлан Қошанов кескен еді.
Таяуда талапты жас өз еңбегінің жемісін көрді. Қуаныш Тыныбек Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Рухани қазына-2020» республикалық конкурсында «Музей ісі саласындағы «Жыл серпіні» аталымы бойынша жеңімпаз болып, сый-құрметке бөленді.
«Тәуелсіздік құрдастарының иығына артылған жүк жеңіл емес. Келесі жылы отыз жасқа толамыз. Ел болып «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырып жатқан кезде әр замандасым бұл іс-шараға өз үлесін қосуы керек. Ол үшін міндетті түрде тау қопарып, тас жарудың қажеті жоқ. Әркім өз саласында үздік болып, өз қызметін жақсы меңгерсе, соны іс жүзінде жүзеге асыра білсе, сол жеткілікті», дейді Тәуелсіздіктің түйдей құрдасы Қуаныш Тыныбек.
Қарағанды облысы,
Теміртау қаласы