• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 16 Желтоқсан, 2020

Қайта түлеген «Тұйғындар»

490 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры «Тәуелсіздік – тірегім» концерттік бағдарламасы аясында «Тұйғындар» атты хореографиялық қойылымын сахнаға шығарды.

Қазақ би өнеріндегі тұңғыш хореографиялық қойылым «Наз» театры бишілерінің орындауында 2005 жылы «Астана» концерт залында көрерменге ұсынылған еді. Арада он бес жыл өткен соң көрермен «Наз» бишілерінің биік белесі сынды «Тұйғындарды» қайта тамашалады.

«Тұйғындар» қойылымы қазақтың көне тарихынан сыр шертуімен құнды. Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы, одан бері Тү­рік қағанатының құрылу кезеңдерін бейнелейтін шы­ғарма идеясының және либрет­тосының авторы –Ерке­бұлан Ағымбаев. Ал қойы­лымға «Тұйғындар» атауын ұсынған әрі қойылымның кеңесшісі – белгілі түрколог, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Қаржаубай Сартқожаұлы. Про­фессордың мәліметіне сәйкес, түркілер заманында әскердің ең алдында жүретін барлаушы топты «тұйғындар» деп ата­ған. Олар шегінуді білмейтін қайтпас қайсар жауынгерлер болған.

Кеш барысында қойылым­ның композиторы әрі өңдеушісі Бай­ғали Рыспамбетовтің тал­ғампаздықпен таңдап алған шығармалары спектакльдің өн бойында сәтті қолданыс тап­қаны байқалды. Қазақтың халық әндері мен күйлері, Құр­­манғазы, Махамбет, Е.Бру­­си­ловский туындылары, сон­­дай-ақ қазіргі заман ком­по­зи­торлары А.Жайымов, Ә.Қа­зақ­баев, М.Бердіғұлов, Б.Рыс­памбетов шығармалары қойы­лымның музыкалық байлығын көрсетті. Спектакльде төл мә­дениетіміз, этнографиямыз бен ұлттық киімдеріміз де сапалы қамтылғанын айта ке­ту керек. Жауынгер, бақсы, абыз, келіншек пен орта жас­та­ғы әйелдердің киімдері ерек­ше­леніп тұрды.

Би тілінде сөйлеген тұң­ғыш тарихи спектакльдің қою­шы хореографтары – Ерке­бұ­лан Ағымбаев, Қадиша Ағым­баева және Мейрамгүл Айт­мағамбетова.