Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архиві астана тарихын баяндайтын «Архивтер сөйлейді...» қала тарихының фотоқұжаттары» атты көше көрмесін ашты.
Көрме экспозициясы елордамыздың алғаш іргетасы қаланған сәттен бастап бүгінге дейінгі қалыптасу кезеңінен сыр тарқатады.
Елімізге белгілі өлкетанушылар мен архив серіктестерінің жеке қорларындағы құнды материалдардың негізінде құрылған көше көрмесі қала тұрғындарының ерекше ықыласына ие болды.
Н.Имамовтың және А.Дубицкийдің жеке қорларынан алынған фотоқұжаттар мен Б.Оленевтің фото және бейнематериалдары астана шежіресін шертеді. Сондай-ақ сол замандағы әлеуметтік өмірдің жай-жапсарын ашып көрсетеді.
Аталған көрмеден бұрынғы латын графикасымен жазылған деректерді кездестіруге болады. Есімдері елге таныс, қала тарихында қатталып қалған тұлғалардың ерен еңбегі жазылған ақпараттарды да жолықтырасыз.
Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын фотокөрме оқушылардың қызығушылығын арттырып, үлкендердің архив саласына деген көзқарасын өзгертуде. Биыл екінші рет өткен шара әлі де жалғасын табады.