Ұлыбритания елдің оңтүстігінде коронавирустың жаңа мутацияланған түрі пайда болғаны туралы хабарды таратқалы бері көршілес елдер қауіпсіздік шараларын күшейте бастады.
Солтүстіктегі көршісінен қандай қауіп келетінін түсінген Франция бірден шекараны жабу туралы шешім қабылдаған. Бұған Ұлыбритания үкіметінің COVID-19 індетінің жаңа аса жұқпалы түрі табылғаны туралы мәлімдемесі себеп болды. Шекараны ешкімді өткізбестен, толық 48 сағатқа жабу керісінше екі ел арасындағы қарбаласты одан сайын үдете түсті. Жолда жүк таситын мыңдаған көлік тұрып қалған. Оның көбі азық-түлік таситынын ескерсек, бүлінген өнімнің шығыны кәсіпкерлер үшін де оңай болмайын деп тұр. Осының барлығын ескерген Франция үкіметі қауіпсіздік шарасын жеңілдетіп, екі ел арасындағы шекараны қайта ашу туралы шешім қабылдады. Темір жол, әуе және теңіз байланысы қайта жанданатын болады. Дегенмен шекарадан кез келген адам өте алмайды. Франция азаматтары, Францияда тұратын британ азаматтары мен жүк тасымалдаушылар коронавирус жұқтырмағанын дәлелдейтін анықтама көрсетіп қана саяхаттай алады. Қазір әскерилер ұлттық денсаулық сақтау қызметімен бірлесе отырып, жолда тұрып қалған жүк көліктерінің жүргізушілерінен індетті анықтайтын жедел тест алып жатқан көрінеді.
Ұлыбританиядан келген саяхатшылардың жағдайы басқа елдерде де мәз емес. Нидерланд пен Бельгия вирус жұқтырмағаны туралы анықтамасы бар азаматтарды ғана еліне кіргізетін болды. Алайда өзге 50-ден астам ел оның ішінде Италия, Үндістан және Пәкістан ұлыбританиялық саяхатшыларды мүлдем қабылдамайды. Осылайша, Еуропада қауіптің қайта күшеюіне Ұлыбританиядағы жағдай тікелей себепкер болып отыр.
Бұл оқиға Еуропалық одақ пен Ұлыбритания арасындағы онсыз да шиеленіскен жағдайды қиындата түсетін секілді. Шекараның жабылуы ең алдымен бизнеске салқынын тигізбек. Ұлыбританиялық азық-түлік өндірушілер өз тауарын сатып алушы елге уақтылы жеткізе алмай сан соғып отырған жайы бар. Елдегі Азық-түлік және сусындар федерациясының (FDF) басшысы Иэн Райт шекарадағы кідірістердің Ұлыбритания бизнесіне және тауар жеткізу қауіпсіздігіне әсерін зерттеу қажет екенін айтып, Парламент палатасының бизнес комитетінде шұғыл жиын өткізу керектігін алға тартып отыр. Оның сондай-ақ үкіметтің хабар таратқанына көңілі толмайды. Нәтижесінде, шығынға ұшыраған азаматтарға өтемақы төлеу қажет дейді.
Шекараның жабылуы британдық өндірушілерге ғана кесірін тигізген жоқ. British Retail Consortium (BRC) салалық тобының мәліметі бойынша Ұлыбритания тұрғындары тұтынатын тағамның шамамен 30%-ы Еуроодақтан келеді екен. Әсіресе жылдың суық мезгілінде жеміс-жидек пен көкөніс жағынан Ұлыбритания импортқа тәуелді.
Сонымен, коронавирустың аса жұқпалы мутацияланған түрі туралы не білеміз? Ұлыбританияда вирус жұқтырғандар саны күрт өсіп келеді. Сейсенбінің өзінде 36 804 адамның індет жұқтырғаны расталған. Бұл – жаз айларындағы жаппай тестілеуден кейін болған бір күндік рекорд. Ал соңғы 28 күнде індет жұқтырғандардың ішінде 691 өлім тіркелген. Мамандар вирустар үнемі мутацияға ұшырап, өзгеріп отыратынын айтады, оны тек жіті бақылап отыру керек. Жалпы, вирустың бұл түрі қыркүйекте тіркелгені белгілі. Қараша айында Лондонда анықталған науқастардың төрттен бір бөлігі осы вирусты жұқтырған. Ал желтоқсанның ортасында науқастардың үштен екісінен вирустың жаңа түрі анықталып отыр. Осыдан-ақ, оның қаншалықты жұқпалы екенін байқауға болады. Сарапшылар Дания, Аустралия Нидерландта тіркелген вирустың дәл осы түрі Ұлыбританиядан келген болуы мүмкін деп топшылаған. Денсаулық сақтау саласының мамандары әлемнің әр түпкірінде тіркелген вирустың бастапқыда Уханнан тараған коронавирустан өзгерек екенін айтады. Мәселен, ақпанда Еуропада анықталған вирустың түрі кейіннен жаппай тарай бастаған. A222V деп аталатын тағы бір түрі Испаниядағы жазғы демалыста өршіген. Ұлыбританиядағы аса жұқпалы түрінің пайда болуын кезекті науқаспен байланыстырып отыр. Болжам бойынша індетпен күресуге күші жетпеген иммундық жүйесі әлсіз науқастың ағзасы вирустың мутацияға ұшырауына таптырмайтын орта болған. Дегенмен вирустың қаншалықты қауіпті екенін көрсететін нақты дәлелдер әлі жоқ. Ғалымдар зерттеуі бір нәтиже бергенге дейін, Еуропа үшін ең қарбалас мерекелік кезеңнен еш қиындықсыз өту маңызды.