Кейде адам сүріп жатқан өмірінің бірқалыпты, баяу, сүреңсіз, мағынасыздығынан шаршай бастайды. Тіпті бір күнің бір күніңнен айнымайтын кездерден қалай қашып құтыларыңды білмей дал боласың, жаныңды қоярға жер таба алмай түңіліп кетесің. Бір сөзбен айтқанда уақыттың тұзағына түсіп қалған бейшара қалпың шеңбер ішінен шиырлай береді, шиырлай береді...
Жалпы өмірдің бұл сергелдеңін кез келген адам баласы әлбетте кешіруі мүмкін. Ең қиын хәл шеңбер ішіндегі сол шарасыздығын адам өзі сезіп қойғаннан кейін басталады. Әйтпесе, бәріміз де күнделікті сағат қоңырауынан оянып, асығыс-үсігіс жұмысқа кетіп, одан сүрініп-жығылып үйге жетіп, өзіміз таңертең ғана тұрып кеткен төсегімізге қайта құлап жүргеніміз өтірік емес.
Алайда өмірді таптауырын қалыпта сүрмейтіндер де бар ғой деп тағы ойлайсың. Олай десек, жоғарыдағы айтылған көңіл-күй өз өмірінің батпағынан басын алып шыға алмаған күйреуіктерге ғана тән болғаны. Жалпы жан-жағыңызға жайлап қарайтын болсаңыз, қайғы-мұңнан қала тұрғызып алып жүретін заржақ адамдарды әлбетте кездестіруге болады. Олардың өміріне қарап тұрып өзің де ақырындап сол құрдымға қарай құлай бастауың мүмкін. Ең дұрысы ондай адамдардың аурасынан алшақ жүрген абзал. Шын мәнінде құрдымның түбіне жетемін деу – бұл нағыз құрдым.
Америкалық жазушы Дэнни Рубиннің кішкентай ғана фантастикалық әңгімесі негізінде түсірілген Харольд Рэмистің «Уақыт тұтқыны» («День сурка») фильмін қарап отырып біз осындай ойға келдік. Алдымен оқырмандарға түсінікті болу үшін сюжетті қысқаша баяндап өткен дұрыс. Фильмнің басты кейіпкері, тележүргізуші Фил Коннорс жыл сайын Питтсбургтен Пенсильвания штатындағы шағын қалаға сапар шегіп, сюжет дайындау үшін жолға шығады. Ең қызығы, бірінші кадрлардың өзінен басты кейіпкер Фил әуелден күйреуік, ештеңеге көңілі толмайтын нағыз заржақтың өзі екенін байқау қиын емес. Ауа райы туралы хабарды өмір бойы жүргізіп келе жатқан Филдің әбден қажығанын бір жағынан түсінуге де болады. Күнделікті бір мәтінді қайталай беру адамды шынымен мезі етпей қоймас еді. Алайда мезі болудың Фил үшін бұл басы ғана екені кейін белгілі болады.
Журналистің шағын қалашыққа келуіне басты себеп, америкалықтар үшін баяғыдан бері келе жатқан, кейін тіпті үлкен мерекеге айналып кеткен қызық рәсім бар екен. Тележүргізуші сол рәсімді тікелей эфирге шығаруы керек. Ол не рәсім десек, жыл сайын 2 ақпанда жергілікті тұрғындар дәстүрлі түрде Фил есімді суырды інінен оятып, оның қимыл-қозғалысы арқылы көктемнің келуін болжайды. Нақты айтқанда, ұйқылы-ояу суыр өзінің көлеңкесіне қараса қыс ұзақ болады, ал егер қарамаса көктем ерте шығады. Бірден байқағаныңыздай, суырдың да аты, ауа райы туралы хабар жүргізушісінің де есімі – Фил.
Сонымен бұл рәсімнен жылда сюжет дайындап қажыған метеоролог шағын қалашыққа келгеннен ештеңеге көңілі толмай бастайды. Адамдардың соқыр сенімінен туған қайдағы бір рәсімге әбден жынданады. Кешкісін қалаға жетіп, қонақүй жалдап, жатып қалады. Жылдағыдай 2 ақпан күні таңғы алтыда сағаттың қоңырауынан оянған басты кейіпкеріміз ақырындап жуынып-шайынып, жолшыбай екі-үш адаммен сөйлесіп, жолда қайыр сұрап тұрған міскінді іштей аяп өтіп, одан сәл өте бере баяғы ескі досын кезіктіріп, одан зорға құтыла жүріп іс-шара өтетін жерге жетеді. Суырды оятқан жұрттың далбаса тірлігіннен тікелей репортажды жүрдім-бардым жасай сала қайтуға бет алады. Алайда әріптесі Рита есімді қыз бар, оператор бар – үшеуі аяқ асты соққан бораннан кері қайтып, қалашықта тағы бір күн қалуларына тура келеді. Мәселенің бәрі сол келесі күннен басталады. Кешегі қонақүйге қайта қонған Филді таңғы алтыда сағат қоңырауы оятады. Радио қақсап тұр, бірақ жүргізушілер біртүрлі, кешегі тексті оқып жатқандай көрінеді. Жолшыбай амандасқан адамдар да кешегі сөздерін сөйлей бастайды. Оларды қойшы, кеше ғана асығып жүріп аяғын тығып алған іркінді суға бүгін де аяғын тығып алмасы бар ма? Ол да түк емес, кеше іс-шара өткен жерге барса, ел кеше өтіп кеткен рәсімді тағы өткеріп жатыр. Әріптестері де түк болмағандай, бұл рәсімді кеше түсіріп тастамағандай қалыпта өз тірліктерін түк білместен атқарып жүр. Фил ештеңе түсінер емес. Айғайласып жүріп жұмыстарын аяқтап жолға шығайын десе тағы боран. Тағы қайта алмаған тележүргізуші қарғыс атқан қонақүйге қайта оралады. Қайта ұйықтайды. Қайта тұрады. Қайта амандасады. Қайта іс-шараға барады. Қайта боран бөгейді. Масқара ма? Ең азабы, Фил бұл тұтқыннан ешқашан құтыла алмайтынын ұғады. Оны ұққан себебі, күнделікті бірқалыпты, қайталана бергенде де айнымай қайталанатын мәңгілік 2-ші ақпанда ештеңе өзгерер емес. Ешкім ештеңе сезбейді. Құпияны білетін біреу ғана, ол – Филдің өзі. Екінші ақпанның әр сәтін жаттап алғаны соншалық, желдің қай сағатта қай бағыттан соғатыны, кім қай жерде не жеп, не қоятынын, кім қай сағатта нені айтып, нені құлатып алатынына дейін жаттап алады. Бітті. Ештеңе қызық емес. Баяғы бірқалыпты күні бұл азаптың қасында ештеңе емес екен. Бәлкім осының бәріне суыр кінәлі деп ойлаған Фил бір күні суырды ұрлап қашып жардан машинамен секіріп кетеді... Машина күл-талқан болады. Алайда... Ертесі таңғы алтыда Фил төсектен оянады.
Фильм бұл арқылы барлық мәселе суырда да емес, жолды жапқан боранда да емес, айналасындағы адамдарда да емес, бар кінәрат адамның өзінде екенін айтқысы келеді. Жалпы Филдің бұл реинкарнациясын будда діні қызық қылып түсіндіреді. Дхарманың негізгі ережелеріне сәйкес Филдің кептеліп қалған бұл күні самсара деп аталады. Былайша айтқанда, жеке өмірлік циклды барлық азаптарымен бірге қайталау. Сондай-ақ Фил адамзат құтқарылғанға дейін самсарадан ешқашан кете алмайды. Шынында да Фил кейін барлық мәселе өзінде екенін ұққан соң Ритаға деген сезімі барысында айналасына жаңаша көзбен қарай бастайды. Сөйтсе жолда өмір бойы қайыр тілеген адамға садақа беруге болады екен, өзін танып, іздеп тұрған адамға жылы ұшырай салу керек екен, жұмысын сүю керек екен, тағысын тағы... Кейде біз шынымен мынау тұтас жаратылыстың үлкен бөлшегі екенімізді ұмытып кетеміз. Жақсылық жасау арқылы біз келесі күнге өтетінімізді аңғара бермейміз. Қараңғы ойлар – біздің кептелісте қалған ең бір сәтсіз күндеріміз. Ал енді бұл құбылыс Филдің басында емес, тұтас адамзаттың басында, қаншама ғасырлар бойы салтанат құрған, кейін құлаған алып империялардың басында болса ше, үлкен жүйеге бағынышты адамдардың, ешқайда ағып кетпейтін сарқыншақ судай мүңкіп жатқан ескі түсініктердің, қатып қалған, қағидасы бұлжымас қоғамның басында болса ше? Әрине, режиссер ең соңында бұл тығырықтан Филді махаббат алып шығадыға келтіреді. Бірақ Филдің ол тығырыққа қалай келуі басқа әңгіме.
«Уақыт тұтқыны» – бұл өзін-өзі тану, өзін-өзі жетілдіру және ақыр соңында өзін-өзі өзгерту туралы әңгіме. Филдің тұлға ретінде өзгеруі сыртқы емес, ішкі деңгейде жүреді, өйткені ол өзін физикалық тұрғыдан өзгерте алмайтыны сияқты, өзінің әлеуметтік мәртебесін өзгерте алмайды. Жалпы бұл тақырып өте ауқымды деуге болады. Фил тығырығына философиялық тұрғыдан қарасақ, Ницшенің пайымы ойға оралады. Ницшенің түсінігінде «Мәңгілік оралу» – өмірді растаудың ең жоғарғы формасы. Ницшенің тұжырымына сүйенсек, Филдің басында болған нәрсенің бәрі бұрын болғанды қайталау, болашақта тағы да қайталанады деп күту.
Бәріміз де күндердің бір күнінде бірқалыпты жүйеден шаршағанымызды ұғатын сияқтымыз. Бірдей галстуктерден, бірдей мәтіндерден, бірдей жиһаздардан, бірдей көңіл-күйлерден шаршауымыз мүмкін. Ол кезде бізді уақыттың алып шеңберінен махаббат алып шығады деу әбестік сияқты.