• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Желтоқсан, 2020

Арабтарды таңдандырған «Ару-Ана»

533 рет
көрсетілді

Сыр бойындағы ауыл-аймақтарда негізгі кәсіп егін шаруашылы­ғымен қатар мал өнімдерін өңдеуді де жолға қойған кәсіпорындар қатары көп. Мысалы, Шиелі ауданында осыдан 4 жыл бұрын «Ару-Ана» атты шағын цех ашылған. Түйе сүтін өңдейтін кәсіпорын алғашқыда тәулігіне 400 литр шұбат шығаратын. Содан бергі уақытта сұраныс артып, өнім көлемі 1 тоннаға жетті.

Жалпы, облыстың батыс бет­кейіндегі аудандар болмаса, оңтүстікте орын тепкен Шиелі­де Ойсылқара тұқымын өсіріп, өнімін кәдеге жаратып отырғандар көп емес еді. Бірақ ізденсең қай істің де көзі табылатынын дәлелдеген кәсіпкер Сабыр Ермахановтың бастамасы­мен 6 шаруа қожалығы мен жеке мал ұстап отырғандар ұжым­дасып, «Шиелі төрт түлігі» ауыл шаруашылығы өндірістік коо­пе­­ративі құрылды. Аудан орта­лы­ғына жақын Бала би ауылы тұр­­­ғындары да түйе сүтін осы цех­­қа өткізуге дағдыланды. «Ауыл ша­руашылығын қаржы­лай қол­дау қоры» АҚ-тан өндіріс­тік кооперативтің 21 мүшесі 64 млн теңге несие алып, мал басын көбейтуді қолға алды. Осы жылдың өзінде сырт аудандардан 100-ден астам түйе сатып алыныпты. Қазір «Шиелі төрт түлігі» ӨК мүшелерінің саны 28-ге жеткен, оның сыртында тағы 45 адам жұмыспен қамтылып отыр. 

Бастапқыда тек шұбат өндір­ген «Ару-Ана» көп ұзамай сиыр сүтінен айран, құрт, йогурт, сүзбе әзірлейтін болды. Өнімдері облыс аудандарынан бөлек Алматы, Ақтөбе қалаларына жөнелтілуде.

Қазір өндірістің қай саласында да керегіміздің көбін шетелден алып отырғанымыз жасырын емес. Кәсіпорын технологы Баян Дүйсенбек Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық универ­ситеті мамандарымен бірлесе отырып шұбат ашытатын ұйытқы шығарғандарын айтады. Қазір шипалы сусын осы ұйытқы арқылы әзірленеді. Мамандар ізденісі арқылы адам ағзасына ем болатын сарысу өндіру жолға қойылып, сатуға шығарыла бас­тады.

Цех сиыр сүтінен дәмі қымыз­ға ұқсас сусын да шығара бас­таған. Ұлттық сараптама орталы­ғы­мен бірлесе бастаған жоба елі­мізде бұрын-соңды жүзеге аспаған жаңалық.

Сауылатын түлік цех жанын­дағы қоражайда ұсталады. Өнім сапалы болу үшін күн сайын тұ­рақ­ты тексеріледі. Саулы­ғы­нан сәл кінәрат байқалса, өндіріс ор­нын­дағы мамандар мен ғалымдар бірлесіп дайын­даған сынама тест алынып, оқшауланады. Өнімнің жарам­дылық мерзімі бұрын 2-5 ай ара­лығы болса, қазір оны жаңа тех­но­логия жетістігі арқылы 1 жыл­ға дейін жеткізіп отыр.

«Ару-Ананың» тағы бір жаңа­лығы – түйе сүтінен жасалған балмұздақ. Бұл өнімге өндіріс жұмысымен танысуға келген арабтар қызығушылық танытыпты. Шетелдік меймандарды жергілікті түйе сүтінің қоюлығы да ерекше таңдандырыпты.

– Қазір бұрынғыдай емес, мал көбейді. Облыс көлемінде төрт түлікті түлетіп отырғандар қатары күн санап артып келеді. Енді сүт өндіру мен өңдеу саласын білетін мамандар тапшы­лы­ғы қатты байқалып отыр. Тех­но­логтардан бөлек білікті вете­ринарлар ауадай қажет. Жалпы, сүт өңдеу оңай жұмыс емес, сондықтан осы істі қолға алған­дарға қолдау танытып, тәжіри­бемізбен бөліскіміз келеді. Осы арқылы жұртты ұлттық сусынға үйретсек, ұтарымыз көп болар еді, – дейді Баян Дүйсенбек.

 

Қызылорда облысы