Биылғы жылы Негізгі Заңның ширек ғасырлық мерейтойы еліміздің аумағында оның үстемдігін қамтамасыз ету үшін құрылған мемлекеттік орган – Конституциялық Кеңестің де 25 жылдығымен қатар келді. 1995 жылғы 29 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» конституциялық заңдық күші бар Жарлыққа қол қойды. Осы сәттен бастап Кеңестің даму тарихы басталды.
Жалпы алғанда, біздің елімізде конституциялық бақылау институтының қалыптасуы өткен ғасырдың 80-жылдарының соңынан бастау алатынын атап өткен жөн. 1989 жылы Қазақ КСР-нің Конституциялық қадағалау комитетін құру заңмен көзделген болатын. Алайда бұл идея тек қағаз жүзінде қалып, іске асырылмады. Кейіннен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде Конституциялық Сот жұмыс істеді. Республиканың қолданыстағы Конституциясын қабылдау кезінде жаңа модель – Конституциялық Кеңес құрылды.
Кеңестің мерейтойы – жүріп өткен жолға қарап, жасалған істерге баға беру және конституциялық заңдылықты сақтаушы рөлінің тиімділігін одан әрі арттыруда қосымша шаралар қабылдау үшін маңызды себеп.
Осы жылдар ішінде Конституциялық Кеңестің қызметі конституциялық құндылықтарды толыққанды іске асыруға бағытталды. Оның шешімдері қазіргі заманғы қазақстандық мемлекеттіліктің Негізгі Заңда бекітілген барлық белгілерін тиісті түрде түсінуге және іске асыруға ықпал етті. Кеңестің құқықтық ұстанымдары аумақтық тұтастықты қамтамасыз ету және егемендікті нығайту, қолданыстағы құқық, меншік нысандарының алуан түрлілігі, мемлекеттік тіл мен рәміздерді пайдалану, мемлекеттік органдардың жаңа жүйесінің құқықтық мәртебесі мен өкілеті, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау және шектеу тетіктері, мемлекеттік және қоғамдық институттардың өзара іс-қимыл қағидаттары, парламентаризмді, сот төрелігін, прокурорлық қадағалауды дамыту және басқа да мәселелерге қатысты болды.
Конституциялық Кеңес өз қызметінде, іс жүзінде Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаев және ел Президенті Қ.К.Тоқаев айқындаған қазіргі заманғы конституциялық-құқықтық саясаттың векторларын дамытты.
Теорияда конституциялық бақылау органдарын «негативті заң шығарушы» деп те атайды, өйткені олар заңдарды немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерді Конституцияға сәйкес емес деп тани алады. Конституциялық Кеңес өз тәжірибесінде 25 заң мен халықаралық шартты тұтастай немесе белгілі бір бөлігінде конституциялық емес деп таныды.
Сонымен бірге, бұл органдар «позитивті заң шығарушы» ретінде де қызмет атқарады. Олардың шешімдерінде заңның конституциялық еместігі туралы ғана айтылып қоймай, орын алған коллизияларды шешудің жолдары да көрсетіледі. Ондағы құқықтық ұстанымдар құқықтық реттеудің жалпы принциптерін айқындап, кейіннен жаңа заңнамалық норманы қабылдауда негіз болуы мүмкін. Осы жылдар ішінде Конституциялық Кеңестің құқықтық ұстанымдарын орындау тәртібімен 65 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Жыл сайын Республика Парламентінде тыңдалатын Конституциялық Кеңестің елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдауларының маңызы ерекше. Оларда заңнаманың жай-күйі, азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалу деңгейі талданады және құқықтық база мен оны қолдану практикасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізіледі. Заңдар конституциялық талаптарға сәйкес келуі әрі әділ болуы, қоғамның қажеттіліктерін, халықаралық стандарттарды ескеруі тиіс, ал оларда көзделген шектеулер қажеттілік, мөлшерлестік және пропорционалдық қағидаттарына сәйкес келуі тиіс, деп Кеңес үнемі назар аударып келеді.
Осылайша, конституциялық іс жүргізу практикасы Негізгі Заңның қағидаттары мен нормаларын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарды деп айтуға болады. Ол елімізде іске асырылған мемлекеттік және қоғамдық өзгерістер үшін құқықтық негіз жасады. Кеңестің құқықтық ұстанымдары заңнамадағы орын алған елеулі өзгерістермен нығайтылды.
Жинақталған тәжірибе – заңнамалық материяны конституцияландыру шеңберін кеңейту мақсатында Кеңестің әлеуетін талдау және оны жаңғырту үшін бірден-бір негіз.
Конституциялық бақылаудың тиімділігі белгілі бір дәрежеде Конституциялық Кеңеске өтініш жасау субъектілерінің белсенділігіне байланысты. Құқық саласындағы заңнамалық өзгерістер мен өзге де шешімдерді талқылау кезінде стейкхолдерлер конституциялық-құқықтық сәйкессіздіктердің бар екенін жиі көрсетеді. Жекелеген жағдайларда әртүрлі ортада Кеңес мүшелерімен консультациялар өткізу туралы пікір айтылады. Алайда мұндай мәселелер ауызша консультациялар арқылы емес, конституциялық іс жүргізу тәртібімен шешілуі тиіс, ал оны қозғау үшін тиісті түрде ресімделген өтініш қажет. Биылғы жылы Конституциялық Кеңес өз жолдауында соңғы жылдары келіп түскен өтініштер саны азайғанын атап өтті. Мысалы, өтініш субъектілерінің бірі – Парламент депутаттары жалпы санының кемінде бестен бір бөлігі соңғы рет Конституциялық Кеңеске 2007 жылы өтініш жолдаған. Сол кезде Кеңес депутаттық корпустың өтініші бойынша Конституцияның мемлекеттік тілдің мәртебесі мен қолданылуы мәселесі жөніндегі нормаларына ресми түсіндірме берді. Парламенттің жаңа сайланымының депутаттары бұл мүмкіндікті неғұрлым белсенді пайдаланады деп үміттенемін. Биыл қабылданған заңнамалық шаралар уақыт талаптарына сәйкес көппартиялықты дамытуға және Негізгі Заңда көзделген халық билігі жүйесін жаңғыртуға ықпал етеді.
Шетелдік тәжірибеде конституциялық шағым институты кең таралған, ол азаматтарға өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын заңдардың конституциялылығын тексеруге бастама жасауға мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибе Аустрияда, Әзербайжанда, Германияда, Кореяда, Латвияда, Ресейде, АҚШ-та және басқа елдерде бар. Бұған қоса, Әзербайжан мен Германияда олар тек заңға ғана емес, сонымен бірге нақты сот шешіміне де конституциялық талаптарды сақтау тұрғысынан (күдіктінің құқықтарын уақтылы түсіндіру, кінәсіздік презумпциясы қағидаты сақталды ма, адвокат берілді ме және т.б.) баға беру өтініші арқылы алады. Бұл институт тиімді жұмыс істейді, азаматтарға заңнамалық коллизияларды жоюға тікелей қатысуға мүмкіндік береді және құқықтық мемлекет негіздерін нығайтуға айтарлықтай үлес қосады. Конституциялық құрылыс тәжірибесі көрсеткендей, азаматтарға осындай мүмкіндік беру халықаралық үрдіске айналған. Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясы азаматтардың конституциялық шағымдары мен конституциялық бақылау органына жолданатын соттардың ұсыныстары институттарын қоса пайдалану адам құқықтарын қорғау тұрғысынан ең тиімді болып табылады.
Қазақстанда азаматтар Конституциялық Кеңеске жанама түрде өтініш жасауға құқылы. Ол республика соттары арқылы іске асырылады. Бұл тетік әлемдік конституционализмнің прогрессивті мұрасынан алынған және оны қолдану кезінде халықаралық тәжірибені ескерген жөн.
Соттар нақты істерді қарау кезінде жеке адамның құқықтарына нұқсан келтіретін құқықтық нормаларды, қолданыстағы құқықтың олқылықтары мен қайшылықтарын анықтайды. Бұндай кемшіліктерді сот ісін жүргізуге қатысушылар да көрсете алады. Сондықтан соттардың құқықтық актілерді тексеру туралы ұсыныстарды Конституциялық Кеңеске жіберу арқылы заңдардың ел Конституциясына сәйкес болуын қамтамасыз етуге тікелей қатысуға жақсы мүмкіндігі бар.
Сот ісін жүргізуге қатысушылардың конституциялық іс жүргізуге бастамашылық жасау туралы өтініштерін соттардың қарауы тәртібін жетілдіру бұл тұрғыдан перспективалы бағыттардың бірі болып көрінеді.
Соттар жауаптылықты терең ұғынып, тараптардың осындай өтініштеріне мұқият қарауы тиіс. Жыл сайын Мемлекет басшысының атына азаматтар мен ұйымдардан бірнеше мың шағым келіп түседі. Конституциялық Кеңесте де жүздеген өтініш тіркеледі. Олардың көпшілігі Конституциялық Кеңестің өкілеттіктеріне кірмегендіктен, уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберіледі. Алайда заңнаманың конституциялылығы туралы мәселе қойылған өтініштер де бар. Біз олардың авторларының сот инстанцияларынан өткенін және бұл тұлғалар көрсеткен құқықтық проблемаларды соттардың байқауы әбден мүмкін екенін көріп отырамыз.
Корея Республикасында егер сот Конституциялық Сотқа жүгіну туралы сот процесі тарапының өтінішін қабылдаудан бас тартса, онда сотталушы, талап қоюшы немесе басқа да қатысушылар қолданылатын заңның конституциялығын тексеру туралы өз бетінше сұрау салуға құқылы. Бұған қоса, конституциялық шағым институты да бар, ол азаматтарға барлық инстанциялардан өткеннен кейін өз бетінше Конституциялық Сотқа жүгінуге мүмкіндік береді. Отыз жыл ішінде кореялық әріптестер 38 000-нан астам істі қарады.
Конституциялық бақылау практикасында дәстүрлі шешімдерден басқа (Конституцияға сәйкес келеді немесе сәйкес келмейді) қаулылар қабылдау практикасы кеңінен қолданылады. Соның бірі – заңды Конституцияға конституциялық әділет органы анықтаған мағынада сәйкес деп тану. Бұндай жағдайда ол заң осылай ғана түсініліп, қолданылуы тиіс. Конституциялық бақылау органы заңды қарау кезінде іс жүзінде оған конституциялық қағидаттар тұрғысынан түсіндірме береді, оның мәнін конституциялық ережелермен жүйелі байланыста ашады. Бұл ұтымды көзқарас заңның (құқықтық норманың) мазмұнын конституциялық талаптар тұрғысынан айқындауға мүмкіндік береді. Осылайша, Кеңес құқықтық актілерді тексеру кезінде заңдар мен заңға тәуелді актілерде конституциялық ережелердің ескерілуін бақылай және таңдалған модельге кешенді баға бере отырып, қандай да бір мәселені құқықтық реттеу тетігі туралы толық түсінікке қол жеткізеді. Заңдарға және өзге де актілерге түсіндірме беретін басқа мемлекеттік органдар құқықтық материяны кең көлемде қамтитын бұндай тәсілді қамтамасыз ете алмайды, өйткені Негізгі Заңның нормаларына ресми түсіндірме беруге уәкілеттіктері жоқ.
Осы жылдар ішінде Конституциялық Кеңес мұндай тәсілді бірнеше рет қолданды. Мәселен, Кеңес 2014 жылғы 11 маусымдағы нормативтік қаулысында Азаматтық кодекстің Жалпы бөлімінің нормасын Конституцияға сәйкес келеді деп таныды және Жоғарғы Сотқа оны қолдану мәселелері бойынша Конституциялық Кеңес осы шешімде анықтаған конституциялық-құқықтық мәніне сәйкес нормативтік қаулы қабылдауды ұсынды. Осы жылы Кеңес Алматы қаласы Алатау аудандық сотының азаматтардың тұрғын үй құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты ұсынысы бойынша да осындай шешім қабылдады.
Мұндай шешімдер құқықтық актіге неғұрлым икемді түрде қарауға, оның қолданылуын барынша сақтауға және заңды конституциялық талаптар өрескел бұзылған ерекше жағдайларда ғана конституциялық емес деп тануға мүмкіндік береді. Бұл бағыт бұдан әрі жұмыста да басымдыққа ие болуы тиіс.
Қорытындылай келе, конституциялық бақылаудың қазақстандық моделі уақыт сынынан табысты өтті және үнемі жетілдіріліп отырады деп айтуға болады. Ширек ғасыр көрсеткендей, Конституциялық Кеңес қалыптасып, Конституцияның үстемдігі мен тікелей қолданылуын қамтамасыз ету жөніндегі өз функцияларын тиімді атқарып келеді. Сонымен бірге, біз Кеңес мүмкіндіктерінің үлкен әлеуетін көріп отырмыз. Оларды заңнамалық түрде іске асыру құқықтық құндылықтар негізінде қазақстандық мемлекеттілікті нығайтуға қызмет ететіні сөзсіз.
Жаңа жыл қарсаңында қазақстандықтарды осы мемлекеттік мерекемен құттықтаймын. Баршаңызға зор денсаулық, табыс, бақыт пен бақ-береке тілеймін.
Қайрат МӘМИ,
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы