Құрамында полицияның аға лейтенанты Бейбіт Байсеркин, кіші лейтенант Дарын Совет және аға сержант Айбат Әкімжанов бар Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты патруль жасағы күндегідей қызметте жүрген болатын. Бір мезетте, дәлірек айтқанда сағат 14.00-дің шамасында бұлар тыныштығын күзеткен шағын аудандағы көп қабатты үйлердің біріндегі балконнан белгісіз бір бойжеткеннің секірмекші болып жатқаны туралы шұғыл хабарлама түсті.
Тәртіп сақшылары оқиға болған жерге жедел жеткен. Сөйтсе, сегізінші қабаттағы балконнан аяқтарын салбыратып жіберген бір бойжеткен секірмекке оқталып отыр екен. Төменде бес-алты адам қызға олай істемеуін өтініп, жалынып жүр. Ал пора-пора болып жылаған қыз болса, өзінің ешкімге керексіз болып қалғанын, сол себепті де өмірмен қоштасқысы келетінін айқайлап айтып жатты...
Сөйтіп абыр-сабыр болып жатқан кезде, аулада жүрген тұрғындардың бірі полиция қызметкерлеріне әйелдің қол сөмкесін әкеліп берді. Ол балконда отырған қыздың жерге құлап түскен сөмкесі болып шықты. Аға сержант Айбат Әкімжанов сөмкенің ішінен үйдің кілтін тауып алды. Сірә да қыздың үйінің кілті болар-ау деген долбармен әріптесі екеуі сегізінші қабатқа жүгіре жөнелген.
Бұл кезде аға лейтенант Бейбіт Байсеркин тоғызыншы қабатқа көтеріліп, есі кіресілі-шығасылы отырған қызды сөзге тартып, алдарқата бастаған еді. Полиция қызметкерлері сөмке ішінен шыққан кілтпен пәтердің темір есігін ашып, ішке енгенде, қыз отырған балконға апаратын бөлме іштен жабық болып шықты. Ойланып тұруға уақыт жоқ еді: тәртіп сақшылары ішке есікті бұзып кірді. Бірден атылып барып төменге енді секіре берген қызды екі жақтан ұстап қалған...
Кейін бәрі де белгілі болды. Әлгі қыз анасымен әлдебір себептерге байланысты сөзге келіп қалған екен. Былай қарасаңыз, өмірден күдер үзетіндей күрделі нәрсе де емес. Күнделікті тұрмыста күн сайын болып жататын майда-шүйде мәселе. Өкінішті-ақ...
Тәртіп сақшылары құтқарылған қызды медицина қызметкерлеріне тапсырып, әрі қарай жұмыстарын атқаруға кетті. Қоғамның тыныштығын, адамдардың амандығын сақтау – олар үшін күнделікті міндет болғандықтан, олар бұл оқиғаны көп ұзамай ұмытып та кеткен болатын. Алайда жақсылық та аяқасты қалмайды екен: араға аз ғана уақыт салып, үш полицейдің адам өмірін құтқару жолындағы жанкешті іс-әрекеті бүкіл полиция департаментіне аян болған.
Полиция басшылығы тәртіп сақшыларының тар жерде тапқырлық пен батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен іс-әрекеттерін өте жоғары бағалады. Полиция аға лейтенанты Бейбіт Байсеркин, кіші лейтенант Дарын Совет және аға сержант Айбат Әкімжанов Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың қолынан «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалін алды. Бұдан бөлек, Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллиннің бұйрығымен бейбіт күннің батырларының әрқайсысы 100 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Осы салтанатқа арналған жеке құрамның жиынында полиция басшысы: «Өзгеге үлгі болуы үшін біз адамды құтқарған әріптестерімізді үнемі қолдап, ынталандырып жүруіміз керек», деген болатын.
Тәртіп сақшылары ажал аузынан алып қалған бойжеткен күндердің бір күнінде өзінің осы істеген қылығына қарадай қысылып, тіпті өкінуі де мүмкін. Әлбетте өмір көші түзеліп, бәрі жақсы болып кетсе, жас қыз болашақта тұрмыс құрып, ана атанып, өмірге ұрпақ әкелуі де ғажап емес қой. Сонда қарап тұрсаңыз, өздерінің кәсіби міндетіне мейлінше адал үш полицей болашақта өсіп-өнетін бір әулеттің тамырын тағдырдың талқысынан аман сақтап қалған болып тұр-ау.
Міне, сол себепті де, қоғамның басты байлығы – адамның өмірін құтқарып қалған азаматтардың қай-қайсын болсын қаһарманға теңесе артықтық етпес еді!
ҚАРАҒАНДЫ