• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 31 Желтоқсан, 2020

Іркілу мен ілгерілеу (Отандық медицина сынаққа түскен жыл)

233 рет
көрсетілді

Адамзат тарихын көктей шолғанда небір алапат соғыс, табиғаттың дүлей күш­те­рі – тасқын, зілзала сынды апаттар биылғы пандемиядай жер жүзіндегі жұ­мыр басты пенделерді ой мен қимыл тоғысына дәл осылай біріктіре алмапты. Қоштасатын тышқан жылының қиындығына қоса берген сабағы да сол шы­ғар, адамзатқа бірігіңдер, біріккенге – береке, ыдырағаннан ырыс кетер дегендей...

Жыл ә дегеннен індет жайындағы әң­гі­­меден басталған. Уханды удай зә­рімен торлап, одан тұтас планетада панде­мия патшалығын құрғызған COVID-19 қай елдің де бар әлеуетін мен медицинасының қауқарын сынға алғандай, кәріне мініп, қаһарын төге 2020 жылды құрсауынан бо­сатпастан тарих көшіне еніп барады. Ке­тер жыл Қазақстан медицинасына да са­бақ болды, аурумен арпалыста жеңіліс пен жеңістің, індетпен күресте іркілу мен іл­ге­рілеудің де дәмін татырды.

Bloomberg халықаралық агенттігінің рейтингтік бағалауына сәйкес, денсаулық сақ­тауға жұмсалатын шығыстардың тиім­ді­лік көрсеткіші жөнінен Қазақстан 2012 жылы 111-орынға ие болса, 2018 жылы 44-орынға дейін көтеріліпті. Бәл­кім, індет ет­ектен тартпағанда әлі де ілге­рілей түсер ме едік. Дегенмен өткен жыл қанша қиын бол­­ғанымен ізде­ніс­тер­ге де із салған.

Дәрігерлер 2020 жылдың ең басты назар­дағы мамандары болды. Қайнаған май­данның алғы шебінде жан аямай, әр қазақ­стандықтың өмірі үшін күрестің на­ғыз жанқияр жауынгеріне айналды. Күресе жүріп, өздері де жұқпалы індет­тің тырнағына ілінді, қатары сиреді. Бірақ же­ңілген жоқ, күресумен келеді. Пре­зи­де­нт Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығымен Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы жанындағы Көкшетау қа­лалық көп салалы ауруханасының бө­лім меңгерушісі, дәрігер Олег Исаев пен Ақтөбе облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Қалихан Қозбағаров қайтыс болғаннан ке­йін еліміздің жоғары наградасына ие болды. Марқұмдарға жоғары дәреже – «Қазақ­станның Еңбек Ері» атағы мен ерек­ше белгі – «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордені берілді. Қаншама жан «Халық алғысы» марапатын иеленді.

Қараша айының қорытындысы бойын­ша Covid-19 және вирустық инфек­ция­мен күреске тартылған 42 мыңға жуық ме­ди­цина қызметкері жалақыларына үс­теме­ақы алды. Әлеу­мет­тік медици­на­лық сақтандыру қоры осы мақсаттарға 98 млрд тең­геден астам қаржы бөлді. Елі­міз­дегі эпидемиялық ахуалға сәйкес бұл төлем­дер 2021 жылы да қарастырылады. Коро­на­ви­рустан қайтыс болған 182 медицина қыз­меткерінің отбасына 10 млн теңгеден әлеу­меттік өтемақы тағайындалды. Адам өмі­рі ешқандай қаржымен өлшенбейді, десе де парызын атқара жүріп көз жұмған жан­дардың бала-шағасына бұл көмек қажет екені анық. Бұған қоса ай сайын жұқтыру қаупіне қарай жасақталған үш топ бойынша төлемдер төленді. Мәселен, нау­рыз айында 23 мың, ал шілдеде пандемия шарықтау шегіне жеткенде 83 мың қызметкер қосымша қаржы алды. Қыркүйек айында бұл көрсеткіш 37 мың бол­ды.

Үкімет вируспен күрестің ұзақ мер­зім­­ділігін ескеріп, вакцина жасау ісіне мән берді. Отандық ғалымдар нақты қол­дау­дың нәтижесінде бүгінде ДДҰ үміт­кер ретінде қарастырып жатқан екі вакцинаны шығарды. Қазір клиникалық сараптау­дан өтіп жатқан QazCovid-in екпесіне хал­қы­мыз үміт артып отыр. Жамбыл облысында Биологиялық қауіп­сіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының базасында шамамен құны 7 млрд теңге тұратын, жылына 60 млн доза вакцина өндіретін жаңа зауыттың құрылысы жүр­гізілді. Келер жылы нау­рыз айында дайын өнімнің алғашқы партиясы шы­ғарылмақ. Сонымен қатар өңірде экс­пре­сс-тест өндірісі де іске қосылмақ. Же­ке инвестордың демеушілігімен қол­ға алын­ған бұл жобаның құны 2 млрд теңге­ден асады.

Рас, пандемия біраз проблеманы да көрсетті. Соның бірі, отандастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәсе­ле­сі. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, қазақ­стан­дық фармөнеркәсіп халықтың дәрі-дәрмекке деген сұранысының 13 пайызын ғана қамтамасыз етіп, қал­ға­ны шетел­ден тасылып келген екен. Сондықтан Президент өз Жолдауында: «Барлық негіз­гі дәрі-дәрмек пен меди­циналық бұйымдар Қазақстанда өнді­рі­луге тиіс. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәсе­ле­сі. Келе­сі жылдан бастап осы бағытта нақ­ты нәтиже күтемін» деген болатын. Иә, қазақ­стандық фарминдустрияда меди­­цина­лық бұйымдар өндіретін 96 кәсіп­орын бар. Оның ішінде дәрілік заттар шығаратын 33, медициналық мақ­сат­та­ғы бұйымдар жасайтын 41 және ме­ди­­ци­налық техникалар өндіретін 22 ком­па­ния жұмыс істейді. Алайда барлы­ғы­­ның қуаты ойдағыдай емес. Індет са­­ба­ғының бірі фарминдустрияға назар аударуға сайғандай. Осыған байланыс­ты ел бойынша инфекциялық және про­ви­зорлық орталықтарда қор құрылды. Бі­рыңғай дистрибьютор 16 млрд теңгеге дә­рілік заттардың 91 атауын­­ жеткізді. Аталған шара инфекциялық және про­ви­зорлық орталықтардың жұ­мы­сын же­ңіл­детуге, COVID-19 жеңіл түрін амбу­латориялық деңгейде емдеуге, ха­лық­­тың дәрілік заттарға жұмсайтын шы­­ғы­нын төмендетуге, мемлекеттің ста­­цио­нарлық емге бөлетін шығынын үнем­­­деуге мүмкіндік берді. Сонымен қа­тар амбулаториялық деңгейдегі дәрі-дәрмектердің тізімі де кеңейтілді. Мәсе­лен, дәрілік заттардың 5 атауын қам­ти­тын COVID-19 жаңа нозологиясы енгі­зіл­ді. Үйде коронавирусты емдеу үшін 1 млн нау­­қасқа тегін дәрі-дәрмектер қарас­ты­ры­­л­­ып отыр.

Пандемия бірқатар мамандарға деген сұ­ранысты күрт өсірді. Мәселен, қазіргі таң­да ел көлемінде 150-ге жуық эпидемиолог пен инфекционист, 321 реаниматолог, 41 пульмонолог, 144 кардиолог маманы қажет, сондай-ақ 128 рентгенолог, 244 педиатр, 44 жедел жәрдем дәрігеріне сұ­раныс бар. Кадр тапшылығын шешу үшін облыстардағы қажеттілікке қарай грант бөлінеді.

Ауылдық елді мекендердің тұр­ғын­да­рына профилактикалық медициналық тек­серулерді ұйымдастыру мақсатында рентген-аппараттармен, УДЗ, ЭКГ және гинекологиялық қарау жабдықтарымен жабдықталған 100 отандық жылжымалы медициналық кешен, отандық өндірістің 53 рент­ген-аппараты сатып алынды. Бұл ауыл­дық ауруханалар мен емханаларды 100 пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.