• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 31 Желтоқсан, 2020

Салық өсімпұлы кешірілген кезең

283 рет
көрсетілді

Биыл еліміздің қаржы саласында орын алған оқиғалардың бірі – жеке тұлғалардың салықтық қарыздарының кешірілуі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылған бұл шара қазақстандықтардың қарыздық жүктемесін айтарлықтай азайтты.

Салық рақымшылығы бүгін, яғни 31 желтоқсанда аяқталады. Ресми деректерге сүйенсек, бұл мүмкіндікті 820 157 қазақстандық тиімді пайдаланған. Олар 11,5 млрд теңге көлеміндегі негізгі қа­рызды жапқан. Соның нәти­же­сін­­де аталған қарыздар бойынша жи­нақталған 1,4 млрд көлеміндегі өсімпұл кешірілді.

Мемлекеттік кірістер коми­те­тінің хабарлауынша, ел тұр­ғын­да­ры 100 299-ы көлік салығын, 482 587-сі жер салығын және 505 677-сі мүлік салығын төлемеген. Бүгінгі таңда 21 қазақстандықтың мойнында 4 млн теңге көлеміндегі көлік салығы бар. 15 қазақстандық 1 млн теңге көлеміндегі жер салы­ғын төлемеген. Сондай-ақ 33 адам 1 млн теңге көлеміндегі мүлік салығын мемлекетке төлеуі тиіс.

Жалпы алғанда салық рақым­шы­лығына дейін 1,5 млн жеке тұлғаның 24,6 млрд теңге көле­мін­де­гі салықтығы берешегі болған еді. Оның 20,3 млрд теңгесі – негіз­гі берешек, 4,3 млрд теңгесі – өсімпұл.

2020 жылы қаржы сала­сындағы цифрландыру жұ­мыс­­тары да ойдағыдай жал­ғас­ты. Бұл да мемлекет маңыз беріп отырған үлкен мін­деттердің бірі. Өйткені цифр­ландыру көлеңкелі экономиканың үлесін қысқартып, қызметтер сапасын арттыруға жол ашады. Сондай-ақ бюджетке қосымша түсімдер түсіруді қамтамасыз етеді. Осы орайда, «АСТАНА-1» жүйесін бөле-жара атап өтуге тиіспіз. Қаржы министрлігінің хабарлауынша, қараша айының ортасындағы дерек бойынша «АСТАНА-1» жүйесінде 2,7 млн-нан астам декларация өңделген. Оның ішінде 2,2 млн-нан астам декларация автоматты режімде 1 минуттың ішінде шығарылған.

Сонымен қатар сыртқы эко­номикалық қызметке қатысу­шылар үшін экспорттық-им­порттық операциялар бойынша «Бір терезе» порталы іске қосылды. Оның жұмысы кедендік ре­сімдеу үдерістеріне дейін туын­­дай­тын тауарды жіктеу бо­­йынша түрлі сертификаттар­ды, рұқсаттарды, алдын ала шешім­дер­ді алу мәселелерін шешуге бағытталған.

Цифрландыру бағытындағы келесі қадам тауарлардың таңба­лануы болмақ. «Таңбалау» ақпа­раттық жүйесі тұтынушыны конт­рафактілік өнімнен және жосық­сыз бәсекелестіктен қор­ғайды.

Тауарларды құжаттық тұрғы­дан бақылау «Электронды шот-фактуралар» ақпараттық жүйе­сінде жүзеге асырылуда. Онда қосымша құн салығын төлеушілер 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап шот-фактураларды электронды түрде толтырады. Бұл та­­уар ағындарының ашықтығына қол жеткізуге, бақылау және қо­сым­ша құн салығын қайтару рәсімдерін оңтайландыруға мүм­­кіндік береді. Бұдан бөлек, «Электронды шот-фактуралар» ақ­параттық жүйесінде салық төлеушілерге ыңғайлы болу үшін орындалған жұмыстардың актілері, электрондық шарттар, сондай-ақ «Виртуалды қой­ма» модулі іске асырылды. Онда виртуалды белгілер бойын­ша та­уар­дың қозғалысы қадаға­ла­нады. Қадағаланатын тауарлар жүйесіндегі соңғы қадам – онлайн бақылау-кассалық машинасын қолдану. Ол сауда түсімінің мәліметтерін тіркейді және оларды мемлекеттік кірістер орган­дарының серверіне онлайн ре­жімде ұсынады.

Алдын ала деректер бойынша биылғы 11 ай­дың қо­рытындысы бойынша мемле­кет­тік бюджеттің атқарылу көр­сет­кіштері жоспар­да­ғыдай орындалған. Мемлекеттік бюджетке 8 трлн теңге кіріс түскен. Респуб­лика­лық бюджет­ке түскен кіріс – 5 трлн 224 млрд теңге. Жалпы кірістер бо­­йынша жос­пар 74 млрд теңгеге артығымен орындалған.

Министрліктің мәліметінше, 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары 93 пайызға орындалды. 2020 жылы 76 нысанды жекешелендіру жоспарланған еді. Оның 37-і сатылымға шығарылды. 11 айдың қорытындысы бойынша 100,9 млрд теңгеге 8 нысан сатылды. 29 нысан сатылымда тұр, жетеуі қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді. 20 нысанды жекешелендіру мерзімі 2021-2024 жылдарға ауыстырылды.