• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Экономика 01 Қаңтар, 2021

Экономика етек-жеңін жинауға ұмтылады

653 рет
көрсетілді

2020 жылғы пандемия салдарынан теңселіске түскен әлем һәм ел экономикасы биыл тұрақты қалпын табуға тырысатыны белгілі. Үкіметтің осы жылғы жұмысы да негізінен осыған бағытталмақ. Демек, теңге бағамы мен мұнай бағасына ерекше көңіл бөлінбек.

Ұлттық валюта бағамына биыл да әдеттегідей үш фактордың әсер ететіні белгілі. Олар – мұнай ба­ғасы, Ресей рублінің долларға қа­тысты бағамы және доллар индексі. Қазақстан мұнай экспортымен айналысады. Ендеше теңге бағамы бірінші кезекте «қара алтынның» құнына тәуелді. Рубльдің жайы да – маңызды фактор. Өйткені, Ресей – Қазақстанның саудадағы негізгі серіктесі. Ал доллардың жайы біздің елдің ғана емес, әлемдегі бірқатар мемлекеттердің «бас ауруы» десе де болғандай.

Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің пікірінше, доллар тұрақсыздық танытуда. Ендеше оның өзі де әлсіреуі я нығаюы ықтимал.

– Әлбетте, біз теңге баға­мына негізінен экономиканы әрта­раптандыру саясаты әсер етсе деп тілейміз. Бірақ әзірше бұл мүм­кін болмай тұр. Қазір теңге бағамын сүйемелдеуде бірне­ше әдіс қолданылып отыр. Осы орайда Ұлттық банктің ашық­тық ауылына бет бұрғанын атап өтуге тиіспіз. Қаржылық реттеу­ші валюталық интервенция­лар туралы ашық айтатын болды және теңге бағамының құбыл­малы­лығына қатысты үнемі ұстанымын білдіреді. Бұрын теңге бағамын өз­дігінен реттейтін Ұлттық банк соңғы уақытта нарықтық қаты­нас­тарға бейімделе бастады. Яғни бас банк ұлттық валютаны қолдауға нарықтық қатынастарға иек артады, – деді Андрей Чеботарев.

Қаржыгер теңгенің нақты қан­дай дәліз шегінде құбылатынын ашып айтпады.

– Болжамның бәрі бос дүние екенін 2020 жыл дәлелдеп берді. Сон­дықтан теңге бағамына қатыс­ты келер жылға болжам жасауға асықпайық. Әлемдік экономикаға әсер ететін түрлі оқиғалардың аяқ астынан орын алатынына көзі­міз жетті. Егер коронавирусқа қар­сы вакцина табылса, әлемдік экономика өсім көрсетері анық. Дәл осындай сценарий жалғасса, тең­ге нығаяды. Бұдан бөлек, былтыр ОПЕК+ мұнай өндіру бойынша келісімді бекітті. Бұл да теңге ба­ғамына оң әсер ететін фактор. Егер коронавирус қайта өршіп, мұ­най келісімі «күйрейтін» болса, тең­генің әлсірейтіні даусыз, – деді ол.

Банк мәселелері бойынша тәуел­сіз сарапшы Нұржан Бияқаев 2021 жылы Қазақстан экономика­сында түбегейлі оң өзгерістер орын аларына күмәнмен қарап отыр.

– Бірден айтайын, елдің экономикасын қалпына келтіру үшін сырттан қарыз алу дұрыс емес. Жағдайға оң әсер ететін бірнеше фактор бар. Соның бірі – локдаунды толықтай алып тастау. Тағы бір фактор – шекараны ашу. Яғни бизнес белсенділік танытып, әуелгі қалпына келмейінше, оң өзгерістер байқалмайды. Өткен жыл шағын және орта бизнеске ауыр соққы боп тигені белгілі. Мұның салқынын қарапайым қазақстандықтар да сезінді. Жағдайға оң әсер ететін тағы бір жол бар. Ол – инфляция деңгейін төмендету. 2020 жылы үлкен оқиғалар орын алса да, ин­фляция деңгейі 2019 жылғы көр­сеткішпен бірдей болды. Эко­номиканы қалпына келтіру үшін инфляциялық мөлшерлемені тө­мен­детіп, елдің ішкі жалпы өнімін арттыру үшін өнімді көбірек шы­ғару керек, – деді Нұржан Бияқаев.

Жақында Қазақстан мұнай өндіру көлемін қысқарту және «қара алтынның» бағасын ұстап тұру мақсатында жасалған ОПЕК+ мұнай экспорттаушы ел­дер келісіміндегі консенсусқа қол­дау білдірді. Келісімге сәйкес, 2021 жылдың қаңтарында мұнай өндіру тәулігіне 7,2 млн баррельден аспауы керек. Ал Қазақстан үшін 2021 жылдың қаңтарында тәу­лігіне 1,417 млн баррель мұнай өндіру міндеті жүктеліп отыр. Осы орайда отандық нарықта он жылдай сараптама жасаумен ай­налысып келе жатқан Applied Economics Research Centre – AERC ме­кемесінің жетекші сарапшысы Гүлмира Исимбаева аталған жағ­дайға байланысты пікірімен бөлісті.

– ОПЕК+ мұнай өндірісін шек­теуді сәуір айында бастады. Brent сұрыпты мұнай баға­сы COVID-19 салдарынан сұра­ныс­тың төмендеуіне байланысты ай­тарлықтай төмендеді. Сол тұста теңге де әлсіреп, бір долларға қатысты бағамы 450 теңгеге жетті. Мұнай бағасын ұстап тұру және одан кейін көтеру үшін ОПЕК+ елдері 2020-2021 жылдары мұнай өндірісін төмендетуге келісті. Сон­дықтан COVID-19-ға қарсы вакцина жасау туралы жаңалықтың таралуымен мұнай бағасы да өсті. Соған сәйкес теңгенің де ай­тарлықтай нығайғанын байқадық. Демек, теңге бағамы үшін мұнай бағасының көтерілуі оң әсер етпек. ОПЕК+ елдерінің өндірісті одан әрі тежеу саясаты мұнай бағасына, сол арқылы теңгеге де, мұнай өндіруші елдердің валюталарына серпін берері даусыз. Алайда келісімді сақтамайтын мемлекеттер барын ұмытпау керек. Бұдан бөлек, ОПЕК+ құрамына кірмейтін елдерді де естен шығаруға болмайды. Сондықтан нарықтағы мұнай жеткізілімінің тұрақтылығына, сондай-ақ коронавирустың таралу ұзақтығы мен қарқындылығына байланысты орын алған белгісіздік көпшілікті алаңдатуда, – деді Гүлмира Исимбаева.

Қаржы сарапшысы Расул Рыс­мамбетов коронавирусқа қар­сы вакциналардың нарыққа шы­ғуымен әлемдік экономикада серпіліс пайда боларына сенімді. Сондықтан 2021 жылдың жазында бизнес қалпына келуі мүмкін.

– Егер індет «ауыздықталса», ел экономикасы 2021 жылдың кү­зінде қалпына келіп, 2022 жылы өсу жолына түседі. Мұнай бағасы баяу өссе, теңгенің жағдайы жақсарады. Ал әлемдік экономика жылдам қал­пына келсе, онда мұнай өсіп, теңге өзін жақсы сезінбек. Бұл – қысқа мерзімге болжам. Ал ұзақ мерзімді жағдайға мұндай оптимистік көзқарас таныта алмаймын. Қалай десек те, Қазақстан тауар өндірісін жолға қоюы керек. Әйтпесе, теңге әрдайым әлсірей бермек. Кез келген валютаның бағамы ел экономикасының күш-әлеуетіне байланысты. Шикізатқа бағдарланған біздің экономика теңгенің долларға қатысты бағамы бойынша да, рубльге қатысты бағамы да бойынша әлсіздік танытып келеді. Елімізде азық-түлік және басқа да маңызды тауарларды өндірмейінше, теңгенің нығаюы неғайбыл. Өз кезегінде теңгенің әлсіздігі Қазақстан экономикасына тартылатын күрделі инвестицияларды тежеуі мүмкін. Бұл түптің түбінде импорттың ұлғаюына және валютаның одан әрі әлсіреуіне әкеп соқтыруы да ықтимал, – деді Расул Рысмамбетов.

Түптеп келгенде биыл мемлекеттер пандемияның салдары­мен күресіп, экономиканың етек-жеңін жинауға тырысады. Жасалған қа­дамдардың қандай нәтиже берері уақыт еншісінде, әрине. Десе де, 2021 жыл қай жағынан алсақ та, жауапты кезең болмақ.