• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Қаңтар, 2021

Байқоңыр, бет бұрасың бізге қашан?!

558 рет
көрсетілді

Биыл ата-бабаларымыз ежелден ерекше қасиетіне орай жер кіндігі санаған Байқоңырдан ғарышқа адам баласының ұшқанына 60 жыл толады. Осы уақыт ішінде жүздеген ғарышкердің құпия әлемге жол салуына негіз қалаған айлақтан алғаш рет қазақ баласы Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы 2 қазанда ұшып, осы күннен бастап Қазақстан ғарыш кеңістігін игере бастаған ел ретінде танылды. Дүние жүзінің 256-шы ғарышкері ретінде зеңгір көкке самғаған Тоқтардың жолы Талғат Мұсабаевқа, кейіннен Айдын Айымбетовке жұғысты болды. Жұмыр жердегі талай ұлттың өкілін үкілеп көкке ұшырған Байқоңыр осылайша қазақ баласын да ғарышқа самғатты.

 

Байқоңырдың тарихы да қызық. Мамандар әуелгіде ға­рыш айлағын салу үшін КСРО аума­ғы­нан 4 нүктені белгі­леп­ті. Ұзақ талқылаудан кейін ғана Қазақстан, оның ішінде Қызылорда облысы таңдалады. 1955 жылдың қаңтар айының ортасында құрылысты бастайтын жұмысшылар бригадасы Төретам теміржол бекетіне табан тіреп, ал 12 ақпанда КСРО Министрлер Кеңесі құрлықаралық баллис­тикалық зымырандардың сынақ полигонын құру туралы қаулы қабылдайды.

Ғарыш айлағының жанынан бой көтеретін мекенге Ле­нин­ск атауы берілді. Әлемде бірін­ші болып ғарышты игеру талабындағы жұмыстың бәрі жеті құлыптың астындағы құпия тірлік еді. Көпке дейін сырын аша қоймаған әскерилер қаласы 1995 жылы ғана Байқоңыр деп атала бас­тады. Кеңес Одағы тараған тоқ­саныншы жылдар басында ре­сей­лік әскерилер кетіп, жақын маңайдағы Арал, Қазалы аудандарынан келіп, ғарышкерлер қаласынан тұрақ тапқандар көп болды. 1992 жылдың 21 ақпа­нында жұлдызды шаһарда қазақ­стандық басқару институты құ­ры­лып, республикалық мәр­те­бе иеленген қала құрамына ірге­сіндегі Ақай мен Төретам елді­мекендері енгізілді. Ғарыш кеше­нін Ресейге жалға беру келісіміне қол қойылған 1994 жылдың жел­тоқ­санына дейінгі екі жарым жыл ішінде қалада қазақстандық мем­ле­кеттік органдар құрылды.

Ал қазіргі Байқоңырдан не байқалады? Жұлдызды қала бізге қашан бет бұрады? Осы күні ғарыш айлағының пайдасы мен зияны туралы жиі айтылады. Әр зымыран ұшқан сайын күн райы күрт құбылып кететіні де байқалады. Бірақ оны зерттеп, зиянын безбендеп жатқан ешкім жоқ. Зымыранның діттеген жерге жетпей, құлдилап кері құлаған кезі де болған. Жеті жыл бұрын болған сондай апаттан кейін қолқаны қапқан ауа Байқоңырдан 200 шақырымнан астам жырақ жатқан Қызылорда қаласына да жеткен еді.

Осыдан біраз жыл бұрын Қызылор­да облысының әкімдігі Ресей жалға алған қаладағы білім беру жүйесінің әлі күнге дейін көрші мем­лекет бағдарламасына негізделгенін, осының салдарынан ондағы балалардың ҰБТ-ның міндетті пәндері – Қазақстан тарихы, қазақ тілі, қазақ әдебиетін оқымағандықтан, бұл жағдай қазақстандық жоғары оқу орындарына түсуіне көп кедергі болып отырғанын айтқан еді. Жер­гі­лікті билік айтқан проблема­лар қатарында Байқоңырда тұ­ра­тын ел азаматтары пәтерлерін же­ке­­шелендіре алмайтыны, қа­ла­дағы коммуналдық қызмет ақы­сының қымбаттығы, меди­ци­­налық қызметтің тапшылығы се­кілді мәселелер де бар болатын.

Жалға берілген қаланың жағ­да­йын жиі көтеріп жүрген­дер­дің бірі – Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы. Жуырда ғана сенатор Байқоңырда қазақстандық стандарт бойынша білім беретін балабақшалар мен мектептердің тапшылығы туралы тағы да айтты. 2015 жылы Қазақстан және Ресей үкіметаралық комиссиясының шешімімен Ресейге қарасты 5 мектеп пен 1 балабақша Қазақстанның қарамағына алынып, балаларға қазақ тілінде білім алуға мүмкіндік жасалған. Былтыр мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша тағы 2 балабақша ашылып, қызмет көрсетілуде. «Бірақ бұл балабақшаларда ана тілінде білім беру мен мектепалды даярлықты толыққанды өткізуде кемшіліктер бар», деді М.Бақтиярұлы.

Бүгінде қаладағы 12 мектептің бесеуі Қазақстанның білім беру стандартына көшірілген. Олар­да­ғы оқушы саны 5 236-ға жетіп отыр. Ал РФ бағдарламасы бойынша білім беретін қалған 7 мек­тепте 3 953 оқушы оқып жа­тыр. Олардың 1 408-і біздің рес­­публика азаматы. Билік өкіл­дерімен, депутаттармен кездесуде қалалықтар орыс тілінде оқытатын қазақстандық мектепке сұраныстың жоғары екенін ескере отырып сыйымдылығы толық қамтылмаған осы 7 мектептің бірін Қазақстан меншігіне беруді жиі айтады. Бірақ бұл үшін РФ Ағарту министрлігінің келісімі керек.

Қазақстан Президентінің «Бай­қоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі қызметін қамтамасыз ету басқармасының дерегінше, қазақ балабақшаларының санын арттыру үшін бұрынғы №21 «Василек» балабақшасының ғимаратын РФ жалдауынан шығарып, Қармақшы ауданы әкімдігінің коммуналдық меншігіне беру бағытында жұ­мыс­­тар атқарылып жатыр екен. Осыдан 4 жыл бұрын облыстық медицина орталығының филиалы болып ашылып, кейіннен ауруханаға айналған «Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасы» ШЖҚ КМК әуелгіде мамандар тапшылығын сезінген. Жыл басынан бері мұнда 19 дәрігер жұмысқа қабылданып, олар қызметтік пәтерлермен қам­тылыпты.

Байқоңыр – қымбат қала­лар­дың бірі. Әсіресе, коммуналдық қыз­мет ақысы аспандап тұр. Жа­лақысы жоғары РФ азаматтары бұған қинала қоймас, олармен салыстырғанда айлығы жарытымсыз біздің жұртқа осы жағдай аса ауыр тиеді. Мысалы, осы уақытқа дейін ондағылар баллондағы сұйық газдың әр текше метріне 800 теңгеден тө­леп келді. Былтыр «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісімге қол қойылып, оның аясында қалада барлық көп пәтерлі тұрғын үйлер газдандырылған. Қазір көгілдір отынның текше метрінің бағасы 20 теңгеден сәл асады. Бірақ өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған, мазутпен жұмыс істейтін қалалық жылу электр стансасының өнімі әлі де қымбат болып отыр. Осы­ған байланысты алдағы 2 жыл­да шаһардағы жылу электр стан­сасын техникалық қайта жарақ­тан­дыру жоспарлануда.

Осы жылы «Нұрлы жер» мем­ле­кеттік бағдарламасы бойынша салынған 50 пәтерлі тұрғын 5 үйден 200 отбасы баспаналы болды, қазақстандық мемлекеттік құрылымдардың мамандарына қызметтік тұрғын үй ретінде 50 пәтер берілді. Бағдарлама бойынша тұрғын үй құрылысын жалғастыру үшін жоба әзірленді. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, азаматтарымыздың тұрғын үй жағдайын жақсартуға әсер ете­ді.

Қазір шағын қаланың жағдайы көп өзгерген. Шаһар мен оның іргесіндегі Ақай, Төретам елдіме­кендері тұрғындарының жағ­да­йын жақсарту үшін қолға алынған бастама көп. Дегенмен де әлеуметтік қамтылуы төмен, жұмысы жоқ, екі қолға бір күрек тапқанмен жалақысы аз Қазақстан аза­маттарын басқалармен теңес­ті­ру үшін әлі де атқарылар шаруа көп.

 

Қызылорда