Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында бекітіліп, 2017 жылдан бастап іске асқан «Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату қағидалары» бағдарламасы бойынша автор құқығы 70 жылға шектелетін. Бұл қағидаға қоғамда түрлі наразы пікірлер туындаған болатын.
Осы бір күрмеулі мәселенің түйіні 2020 жылдың соңындағы Мәдениет туралы заңға енгізілген бірқатар өзгеріс арқылы шешіліп, авторлық құқықты сатып алу мерзімі 70 жылдан 5 жылға қысқарды.
Яғни жаңа заң бойынша енді автордың құқы шектелмейді. Бастысы, автор баспамен келісімге келуі керек. Демек, баспа белгілі бір уақытқа автордан кітабын сатып алып, шығару құқына ие болады. Ол мерзім біткен соң автордың қайта шығаруға құқы бар. Бұл ең алдымен бекітілген мерзімге байланысты.
Жомарт жазушылар бір жылда бір том ұсынса, бүкіл ғұмырында бір ғана кітаптық шығарма беретін қаламгерлер де аз емес. Қазақ әдебиеті классиктерінің дерлігі осындай. Абайдың өзі бір томдық өлең қалдырса, Махамбеттен бас-аяғы сексен өлең аманат. Арғы-бергі әдеби кезеңдерде бұл тақылеттес мысалдар жетіп артылады. Төгіліп түскен Төлегеннен де қалғаны осы шама. Осыны ойлағанда, бір ғұмырында бір ғана кітап жазатын қаламгерлердің көбі бар байлығын азын-аулақ ақы үшін 70 жылға мемлекетке беруі арқаға аяздай бататын жағдай еді. Осыны шешкен заң, шын мәнінде «жыл заңы» атануға әбден лайық.
Сонымен сатып алынатын әдебиеттердің авторлық құқығына байланысты енгізілген бірқатар өзгерістер 2020 жылдың 16 қарашасында күшіне енді.
Ерлан ЖҮНІС, Маржан Әбіш,
«Egemen Qazaqstan»