Қазақтың қабырғалы ақыны Ғалым Жайлыбайдың өлеңдерін оқи бастағанда арқаның теңіздей толқып, тебіреніп жатқан ақселеулі даласы, сол даладағы көктем нөсері, күркіреген күннен өре жөнелген бөкен лағы, бір сәт қалықтау күйінде қанатын кере тұрып қалған дала қыраны көз алдыңызға келеді.
Енді бірде қараңғы түнді жарып шығып, тау ішін күңірентіп Сәкен салған ән алыстан еміс-еміс естілетіндей.
Ғалым Жайлыбай жүйтки аққан жылдарға ен салғандай жемісті еңбек етіп жүрген ақын. Оқырмандар ақынның толғақты, толайым поэмаларын асыға күтіп, ақын салған енінен танығандай өз кітап сөрелеріне еншілеп алып отырады. Дүниежүзілік пандемия, әлемдегі, еліміздегі карантин, үрей мен үміт, қауіп пен қатер қалам ұстаған қай жанды да қамсыз, уайымсыз қалдырған жоқ. Соның бір белгісі – шер толқытып шығарған ой уытындай, ащы көз жасындай осы поэма. «Сұрақ белгісі» – адамның өзіне, қоғамға, әлемге, заманға даты, соның бәрінің адамға даты. Мәңгілік сауал, мәңгілік сауға. Ақынның сауалы, ақынның сауғасы. Осының бәрінің жауабын кім береді? Кім бере алады?..
Дүниені дендеген дерттің дауасын іздеген дүдәмал шақта жазылған «Сұрақ белгісі» поэмасын дер шағында жазылған туынды деп таныдық. Ақынның ішкі толқынысы қоғам тынысымен үйлесім тапқандай.
Айта кетейік, поэма «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланып, оқырман қауым арасында көп талқыланған еді.
Ерлан ЖҮНІС, Маржан Әбіш,
«Egemen Qazaqstan»