• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Пікір 06 Қаңтар, 2021

Еліміздің болашағы жастардың қолында

1303 рет
көрсетілді

Қоғамға терең ой салар Президент мақаласын оқи отырып, тарихы ғасырлар қойнауына кететін қазақ халқы үшін қастерлі ұғым – тәуелсіздіктің әрқайсысымыз үшін басты құндылық екендігіне тағы да бір тереңнен үңіліп, ата-бабаларымыз аманаттап кеткен ұлан-ғайыр атамекеніміздің асқақ екенін жүрек елегінен өткізгендей әсерде болатынымыз хақ.

Еліміз үшін ана тіліміздің де, кең-байтақ даламыздың да абыройы асқақ. Президент атап өткендей, «ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дəуірі». Ал «шынайы пат­риоттық сезіммен рухтанып, қасиетті тəуел­сіздігімізді одан əрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеу» де маңыз­ды. Осылайша, жастарды еңбекке, білімге үндей отырып, атқарар істің маңыз­дылығын атап өткен Мемлекет басшы­сының ел тарихын тереңнен тану мәсе­лесіне тоқталуының мәні тереңде жатыр. Тарихына, салт-дәстүріне қанығып өс­кен ұрпақтың келешегі кемел. Әжесінің ертегісін естіп өскен, арғымақ мініп шыңдалған әрбір қазақ баласы «ба­тыр» деген атқа әбден лайық. Осы тұста елу жылдан астам тарихы бар бір ғана «Қыз Жібек» фильмінен қазақ хал­қы­ның тұрмыс-тіршілігі, өнеге-болмы­сы, батырлығы, қолөнері жайында қан­шама құнды мәлімет алуға болатынын айта кеткен абзал. Ал кино қорымыз мұн­дай мағыналы да мазмұнға бай қаншама құнды жобаларға бай, алдағы күндерде жүзеге асатындары тағы бар.

Бұл ұл­тымыздың осынау өнегелі өмірін, тір­ші­лік тәжірибесін ұлттық жобалар арқылы кеңінен дәріптеудің кезі келгенін көрсетеді. Ал ұлттық әдебиетіміздің, мәдениетіміздің одан әрі дамуына жастардың белсенді атсалысуы уақыт сұранысынан туындап отыр. Мемлекет бас­шысы осы орайда туған еліміздің асыл мұраларын игілігімізге пайдалануға үн­дей отырып, осы тоқымдай жердің бір уыс топырағынан нәр алған әрбір қа­зақ баласы жанын аямай еңбек етсе, білім алса деген мағыналы терең ойды қоз­ғай отырып, елдің ертеңіне деген алаңдау­шы­лығын білдіреді. Сондықтан да Қазақ­стан­дай әлемге танылған ғажап елдің ұл-қыз­дарының ертеңі «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» берекелі бола­шақпен ғана өрілетіні хақ.

 

Асанәлі ӘШІМОВ,

Қазақстан және КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері