Ақтөбе қаласының тұрғыны Серік Төлеубаев облыстық тарихи-өлкетану музейіне Хромтау ауданының Тасөткел елді мекені жанындағы қорымнан Қасым Өмірханұлы тапқан ескі кітаптарды тапсырды.
2019 жылы жазда Қарамола атанған ескі қорым жанында қой бағып жүрген Қасым қабірдің жанында жартылай ашылып қалған кітаптарды көрген. Бұл жөнінде ауылдың үлкен кісілеріне барып айтқанымен, олар бастапқыда кітаптарды қазып алуға жүрексініп, ақтөбелік журналист Серік Әбжәмиұлына хабарласады. Содан олар парақтары үгітілген араб тіліндегі ескі кітаптарды қазып алып, облыстық тарихи-өлкетану музейіне әкеліп тапсырған.
«Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспанның айтуына қарағанда, бұлар – Ислам шариғаты туралы кітаптар жиынтығы. 1930 жылдары дін адамдарын қудалау кезінде Тасөткел ауылының тұрғындары қорымға апарып жасырған болуы әбден мүмкін. Облыстық тарихи-өлкетану музейі ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Ләззат Нұркеева ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында шыққан кітаптар екендігін айтты. Қазан қаласында басылған діни кітаптар төңкеріске дейін Қарабұтақ өңіріндегі мешіт ұстаған имамдар мен медресе оқытушыларының қолындағы құнды дүние болғаны ақиқат.
Қорымнан табылған ескі кітаптар қайта қалпына келтіріліп, мамандар баспасы мен авторлары, шыққан жылдарын анықтаған соң облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициясына қойылады.
АҚТӨБЕ