• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Экономика 07 Қаңтар, 2021

Несие тарихымен алмасу (Мұндай келісімнің тиімділігі неде?)

620 рет
көрсетілді

Еуразиялық экономикалық одақ елдері жеке және заңды тұлғалардың несие тарихын өзара алмасу туралы келісім жасауға ниетті. Одаққа мүше мемлекеттер үшін мұндай жаңашылдықтың қандай тиімділігі бар? Зияны неде? Зерделеп көрелік.

Одақ құрамындағы Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения және Қыр­ғыз­стан мемлекеттерінің дәл осындай келі­сім жасауды жоспарлап отырғаны тура­лы әңгіменің басталғанына да біраз уақыт болды. Еуразиялық эконо­ми­калық комиссияның ресми мәліметіне сүйенсек, құжат «ЕАЭО шеңберінде несие тарихының құрамына кіретін мәліметтерді алмасу тәртібі туралы келісім жобасы» деп аталады. Ке­лі­сім жобасына қатысты жұмыстар 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО тура­лы шарттың 70-бабына сәйкес жүргі­зілуде. Яғни тиісті жұмыстар ЕАЭО-ға ортақ қаржы нарығын қалыптастыру бағыты шеңберінде жүргізіліп жатыр.

Қаржы сарапшысы Андрей Чебо­та­ревтың айтуынша, несие тарихын өзара алмасудың артықшылығы көп.

– Бұл ең алдымен несие алаяқ­та­рының аяғына тұсау салады. Мысал келтірейік. Теріс ниетті бір азамат Қазақстаннан несие алып, қайтармай, кейін Ресей Федерациясына кетіп қалды делік. Өйткені алаяқтар несие тарихының тек Қазақстанда ғана қадағаланатынын, басқа елдегілердің оны бақылай алмайтынын жақсы біледі. Сөйтіп Ресей Федерациясына өтіп, сол елдің салық резиденті ретінде есепке тұрады. Ол жақтан да несие ресімдеп, қаржысын жұмсап, қайтармай, басқа бір елге тайып тұрады. Олар дәл осындай жолмен өзге де елдердің қаржы институттарын алдап кетуі ықтимал. Мұндайлар өте көп. Одақ арасындағы несие тарихын өзара алмасу осындай алаяқтардың оспадар әрекетіне тосқауыл қояды, – дейді А.Чеботарев.

Сарапшының айтуынша, сондай-ақ аза­маттарда одаққа мүше кез келген мем­лекетте жүріп-ақ несие ресімдеу мүм­­кіндігі пайда болады.

– Несие тарихын өзара алмасудың тағы бір артықшылығы – кредит ре­сім­деу шарасы жеңілдейді. Деректер ба­засы ортақ болғандықтан, оның үсті­не одаққа ортақ қаржы нарығы қа­лып­­­та­сатындықтан, кредитті қара­па­йым талаптар негізінде беруге жол ашы­­лады. Мысалы, бұл мүмкіндікті Ресей­­де жұмыс істейтін Қазақстан азамат­­тары тиімді пайдалана алады. Де­ректер­ді алмасу жеңілдетілген сайын, қар­жы жүйесі де барынша қауіпсіз әрі қор­ғалған болады. Яғни қазақстандық­тардың несие туралы деректері біздің елде ғана емес, одақ­қа мүше басқа мемлекеттерде де қор­ғал­мақ, – дейді қаржы сарапшысы.

Аталған жаңашылдықты енгізу қан­шалықты оңай немесе қиын екені бел­гісіз. Өйткені бұл жерде несие бюро­ла­рының дайындығын ескеру де ма­ңызды.

– Мәселен, Қазақстанда бір ғана несие бюросы бар. Ол – Бі­рін­ші несие бюро­сы. Ал Ресей­де олардың саны бір­не­­шеу. Меніңше, қазақстандық бюро үшін ақпарат алмасу не­м­есе ортақ деректер база­сын құру еш­қандай қиындық тудырмай­ды. Себебі Бірінші несие бюро­сы­­ның әлеуеті жоғары. Зама­на көшіне жедел икемделіп, ілесе алады. Мен Қазақстанда да, Ре­сей­де де несие бюроларының қызметіне жүгінген адаммын. Олардың қызметтерінде аса бір айырмашылық жоқ. Демек біз Ресейден қалыспай келе жа­тыр­мыз. Сондықтан ортақ на­рық­қа бейімделу үшін жүйені жаң­ғыр­туға аса бір үлкен шығын да қажет бола қоймас, – дейді А.Чеботарев.

Осы жылдың маусымында Еура­зия­­лық экономикалық комис­сия­ Алқасы ЕАЭО аума­ғында несие тарихының құ­ра­мы­на кіретін мәлі­мет­тер­ді алма­су тәртібі туралы пысық­тал­ған келісім жобасын мақұлдады.

«Келісім бір жағынан ұйым құра­мын­да­ғы басқа мем­лекет­тер­дің аумағындағы банктерге несие алу үшін жүгінген кезде ЕАЭО-ға мүше елдердің рези­денттеріне тең жағдайлар жа­сау­ға ықпал етеді. Екінші жа­ғынан, құжат банктерге одақ­қа мүше өзге мемлекеттердің рези­­дент­теріне кредит беру тура­лы шешім қабылдау кезіндегі тәуекелдерді баға­лау­ға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде одақта трансшекаралық кредит беруді дамытуды ынталандырмақ», де­лінген Еуразиялық эконо­ми­калық комиссияның ресми сай­тын­­дағы хабарламада.

Комиссия кеңесі мақұл­да­ған­нан ке­йін келісімнің жобасы қол қою үшін әрі қа­жетті мемле­кетішілік рәсімдерді жүр­­гізу үшін одаққа мүше елдерге жібе­ріл­ді.

2020жылдың 11 желтоқ­са­­нында Ресей Федерация­сы­ның Үкіметі келісім жо­ба­сын мақұлдады. ТАСС тарат­қан мә­­ліметке сүйенсек, келісім жобасы Ре­сейдің Қаржы, Сырт­қы істер, Эконо­ми­калық даму минис­трлік­те­рімен және Орталық банкпен келісілген.

Белгілі болғандай, кредит­тік есеп несие тарихын пай­да­ла­ну­шының сұра­уы бойынша ұсынылады. Онда субъек­ті­нің сәйкестендіру деректері мен мін­дет­­­те­ме­лері туралы мәлі­мет­тер қам­­ты­лады.

«Осылайша, заңды және же­ке тұл­ға­лар одаққа мүше мемлекеттердің аума­ғында жү­ріп-ақ несие рәсімдей алатын бола­ды. Ресей Қаржы министр­лі­гінің мамандары қазір банктер резидент емес тұлғаларды несие­леуге құлықсыз екенін айтуда. Бұған қарыз алушыны тексерудегі қиындықтар себеп. Еске сала кетейік, резидент емес тұлғалар де­ге­німіз – бір мемлекетте қызмет атқа­рып, басқа республикада тіркелген және сол жақта тұратын заңды немесе жеке тұлғалар», делінген ТАСС-тың хабарламасында.

Экономист Талғат Деме­сі­нов­тің пікі­рінше, несие тарихын өзара алмасу Еуразиялық экономикалық одақ шең­­­беріндегі өте маңызды әрі күр­делі мәселе. Өйткені ЕАЭО мемлекет­те­рін­де­гі заңды тұлғалардың, яғни кә­сіпорын­дардың одаққа мүше елдердің банк­тері мен қаржы ұйымдарынан қарыз, несие алу шарттары мен борышкер­лерге қойылатын талаптары әлі күнге дейін бірізді емес, реттелмеген.

– Бұл елдерде инфляция дең­гейі және басқа да фактор­лар әр­түрлі бол­ған­дықтан, несие­лік ресурстардың па­йыз­­дық мөл­шерлемесіне әсер ете­тін қайта қаржыландыру мөл­шер­ле­ме­ле­рі де біркелкі емес. Сон­дық­­­тан берілетін не­сиелердің өсімақылары, басқа да шарт­тары сәй­кес келмейді. Кәсіпорын басқа елдің банктерінен несие алған кезде өзінің несие тарихын жасырып қалмауы керек. Бұған жол беруге бол­майды да. Осы тұрғыдан алғанда ЕАЭО мемлекеттеріне ортақ несие бюросы қажет. Несие алушы туралы ақпа­рат ортақ база арқылы басқа елдің банк­те­рін­е де қолжетімді болуы тиіс, – дейді экономист.

Т.Демесіновтің айтуынша, несие тарихын алмасу заңды тұлғаларға ғана емес, жеке тұл­ғалар үшін де өзекті. Өйт­ке­ні қоғамда қос азаматтықпен жүр­ген адамдар жоқ емес. Солар ортақ бақы­лау­дың жоқтығынан қаржы институттарына залал әкелуі мүм­кін.

– Қазақстан заңы бойынша қос аза­мат­тық­қа рұқсат етіл­мей­ді, әрине. Десе де, шекаралас өңір­лерде тұратын кейбір адамдар арасында қос азамат­тықпен жүр­ген­дер көптеп кездеседі. Міне, солар екі мемлекеттің де қаржы инс­титуттарын алдап соғуы ықти­мал. Мұның соңы үлкен қиын­дыққа алып келеді. Осыған жол бермеудің амалы ретінде одақ­қа мүше бес мемлекетке ортақ несие бюросын құрудың орынды бастама екендігі осы тұста анық байқалады. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одаққа ор­тақ несие бюросы аза­мат­т­ардың не­сие­­лік тәртібін рет­теуге де жол ашпақ. Яғни олар­­дың қарызды қайтаруға деген жауапкершілігін арттырады. Бұдан бөлек, қаржылық сауат­ты­лықты жақ­сар­туға да белгілі бір деңгейде үлес қосары анық. Банктердің жұмысына да жа­ңаша серпін берері даусыз, – дейді Т.Демесінов.

Экономист өз сөзінде 2015 жылы Дүние­жүзілік сауда ұйы­мы­на мүшелікке өткен кезде Қа­зақ­станға 2020 жылдың соңы­на дейін ұйымның ереже­леріне сәйкес бірқатар жеңілдіктер беріл­генін атап өтті. Соның бірі – Қа­зақстан аума­ғын­­да шетелдік банк­тердің филиалдары мен бө­лім­шелерін, өкілдіктерін ашуға тыйым салу. Бұл «Қазақстан Рес­пуб­­ли­ка­сындағы банктер және банк қызметі туралы» заң­мен рет­телген.

– Аталған шектеудің уақыты өткен айда аяқталды. Енді бұдан былай кез келген мемлекеттің банктері жеке заңды тұлға ретінде тіркелмей-ақ, тікелей филиал немесе бөлімше ашуға мүмкіндік алады. Оларға Дүниежүзілік сауда ұйы­мы­ның талаптары бойынша сондай рұқ­сат берілген. Сондықтан шетелдік банк­тер­дің Қазақстаннан филиал не болмаса бөлімше ашуы едәуір жеңілдейді. Ортақ несие бюро­сының қажеттілігі осы жерде де туын­дайтыны анық, – дейді экономист.