Пандемия адамзаттың күнделікті өмір салтын ғана емес, құндылықтары мен көзқарасын да біршама өзгертті. Осы тұста көпшілігі жұмыс орны мен айналысқысы келетін кәсібін қайта қарай бастады.
Жұмыс онлайн режімге ауысқан сәтте жұмыс берушілер мен қызметкерлер де өздерінің күнделікті қызметін басқа қырынан тани бастады. Кейбір мекемелер жұмысты кеңсеге бармай-ақ орындауға болатынына көз жеткізіп, таңертеңнен кешке дейін жалғасатын дәстүрлі форматтан бас тартып жатыр. Өмірлік құндылықтарын қайта түгендеген халық арасында көңілі қаламайтын жұмысын тастап, жүрек қалауын орындауға бел буғандар көп.
Канадада жүргізілген сауалдаманың нәтижесінде тұрғындардың төрттен бірі пандемия кезінде мамандық ауыстыру туралы ойлап жүргені анықталған. Канадалықтардың 24 пайызын кәсіби жолын қайта қарап, жұмыс орнын өзгерту туралы ойға пандемия жетелеген екен. Қазір әр бұрыштан жаһандық пандемияның экономикалық салдарын талқылап жатқанымызбен, оның адамның әл-ауқатына, әлеуметтік-психологиялық жайына қалай әсер еткенін айтып жатқан ешкім жоқ. Бұл – болашақ зерттеулердің еншісінде...
Жалпы, тұрақсыз әлемде тұрақты жалақы алып отырған жұмыстан бас тартудың өзі қиын. Қайта осы кезеңді өмірлік маңызы бар шешім қабылдамай, «тыныш» өткізуді де ойлайтындар көп. Дегенмен кез келген дағдарыс жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деген сөздің жаны бар секілді. Мансабын өзгерткісі келетіндердің 36%-ы – 40 жасқа жетпеген азаматтар, ал 50 жастан асқан респонденттердің тек 15%-ы мамандық ауыстыру туралы ойлайтынын айтқан. Бұл жастардың өзгеріске бейім, заман талабына сай маңызды шешім қабылдауға дайын екенін көрсетеді.
Дағдарыста жұмыссыз қалған адамдардың да көп екені белгілі. Көп кәсіпкерлер банкротқа ұшырап, өндірістерін жабуына тура келді. Екі қолға бір күрек іздеген жұрт жаңа мүмкіндіктер қарастыратыны анық. Сондай-ақ үйден жұмыс істейтін қызметкерлерде қосымша уақыт пайда болып, осыған дейін үлгермей жүрген ісін дөңгелетуге мүмкіндік алды. Қоғамның дәл бұрынғы қалпына келер-келмесін де кесіп айту қиын.
Автобус жүргізушілері, аула сыпырушылар, кәсіпорын, өндіріс, құрылыс жұмысшылары секілді қара жұмыс күшіне сұраныс әрдайым болады. Ол жұмыс әзірге қызметкердің өз орнында болуын талап етеді. Алайда ой еңбегімен айналысатын көп қызметкердің қашықтан жұмыс істей алатынына толық көз жетті. Сауалдамаға қатысқан, осы жолмен нәпақа табатын 4700 қызметкер ескі жұмыс тәсіліне оралғысы келмейтінін жеткізіпті. Қызметкерлердің тек 12%-ы толыққанды кеңсеге оралуға дайын екен, ал 72%-ы кеңсе мен үйде жұмыс істеуді қатар алып жүруге болатынын қолдапты. Бұл алдағы жылдары күні бойы кеңседе отырып жұмыс істейтіндердің қатары азаятынын көрсетеді. Себебі жұмыс берушілер қызметкерлердің ырқына көніп, жұмыс тәсілін оңтайлы етуге тырысатыны анық.
Coursera секілді белгілі білім беру платформалары тегін курстар ұсынып, қысқа уақытта меңгеруге болатын мамандықтарға жол ашты. Осылайша студенттер ғана емес, кәсіби мамандар да біліктілігін арттырды. Ал үйде отырған қыз-келіншектер арасында түрлі тағамдар әзірлеп сату көбейе бастады. Осыған дейін отбасы үшін дәмді тағам әзірлейтін жандар енді оны сатуға шығара бастады. Осылайша карантин талайларға сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік берді деуге болады.
АҚШ-та мейрамханалар жабылып, тамақтану орындары шығынға батқан тұста жеке аспаздарға сұраныс арта бастаған. Сырттан тамақтануға үйренген қалталы азаматтар енді жеке аспаз жалдай бастаған. Осылайша кейбір мамандықтар басқа қырынан ашыла түсті. Тағам жеткізу орындары да жоғары сұранысқа ие бола бастады.
Жалпы, пандемия кезінде жұмыс ауыстыру туралы пікірлер екіге айырылады. Біреулер тұрақсыз кезде басқа жұмыс іздеп сабылғанша, бар жұмыстан айырылмауға тырысу керек деседі. Енді біреулер қазір тұрақты жұмысың болғанымен, ертең ол тоқтап қалуы мүмкін, сондықтан жаңа жұмыс іздеу артықтық етпейді деп кеңес береді. Шынында, алдағы жылдары да дағдарыс жалғасып, кейбір жұмыс орындары жабылып қалуы мүмкін деген қауіп бар.
Пандемия соққысы ауыр тигендердің бірі жастар екені бұрыннан айтылып келеді. Әсіресе 16-24 жас аралығындағы азаматтардың жоғалтқаны көп болды. Жұмыссыз қалғандардың алғы шебінде – осы жас мамандар. Олар сондай-ақ кәсіптік дайындық мүмкіндіктерінен де тыс қалды. Оқу бітірген, еңбек нарығына жаңадан қосылуды жоспарлаған азаматтардың негізгі жоспарының күл-талқаны шықты. Енді олар не істемек? Мұның барлығы онсыз да ушығып тұрған әлеуметтік саланың халін одан сайын ауырлатпақ.
Өз хоббиін қаржы табу көзіне айналдыра білгендерге әлеуметтік желінің көмегі көп болды. Қазір Instagram, Facebook, YouTube желілері де жаңа жұмыс орындарын ашып, ақша табуға мүмкіндік беріп отыр. Цифрлы әлемде осы секілді электронды медианың ықпалы арта бермесе, азаймасы анық. Сол себепті заман талабына сай жаңа пайда болған мамандықтарды да қосымша игеруге тура келеді. Жаһандық трендті дер кезінде сезіп, осы салаға бейімделген мамандар ұтылмады. Карантинде үйіне қамалған жұрт цифрлы медиаға сұранысты арттырып, қаралымды көбейте бастады. Әлеуметтік желі менеджері, әлеуметтік медиа стратегі, қауымдастық менеджері, бренд менеджер, контент стратегі секілді аты мен заты белгісіз жаңа мамандықтар қаптап кетті. Бұл жаңа кәсіп түрлері бүгінде қатардағы қызметке айналып кетті.
Пандемия жұмыс берушілер үшін де оңайға соқпады. Мәселен, Аустралияда жыл басынан бері миллиондаған адам жұмысын жоғалтқан, қыркүйектің өзінде 30 мың жұмыс орны бос қалды. Мамандар қазір еңбек нарығында бәсекенің жоғары екенін айтып отыр. Жұмыс берушілер үшін таңдау көп, ал іздеушілерге бәсеке жоғары. Жалпы, ерлер мен әйел мамандар арасында да өзгеріс бар екені айтылды. Аустралиялық сарапшылар ерлермен салыстырғанда әйелдердің жұмыс орнына қайта оралуы екіталай деп отыр. Мұның өзі жаңа әлеуметтік мәселелердің пайда бола бастағанын көрсетеді.
Еңбек нарығы пандемия елеулі әсер еткен салалардың бірі болды. Бұл өзгерістердің салдары мен мүмкіндіктерін әзірге болжау қиын. Десе де әрбір күрделі жағдай адамзатты жаңа бастамаларға итермелейді десек, мұның да қайыры болатыны сөзсіз. Біреулер жүрек қалауын орындап, жаңа мамандық игеріп жатса, біреулер өзіне не керегін енді ойлана бастады. Бір анығы – бұл өзгерістер нәтижесінде еңбек нарығындағы бәсеке қайта күшейіп, білікті мамандар саны арта түсетіні.