Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Қосүйеңкі орталықтан шалғай жатқан ауылдардың бірі. Елді мекенде интернет желісі тек мектепте ғана бар, деп хабарлайды Egemen.kz
Жалпы ауыл әлі ғаламтордың игілігін көре қойған жоқ. Бұл былтыр көктемде басталған пандемия кезінде үйден оқуға көшкен ауылдағы №84 мектеп оқушылары үшін қиын тиді.
Сондықтан информатика пәнінің мұғалімі Алмасбек Қалдыбек ауыл тұрғындары мен мектеп оқушыларын интернетпен қамту үшін SMART бөлме ойлап тапты.
Қарапайым ауыл мұғалімі ойлап тапқан SMART бөлме вайфай желісін тарату арқылы тұрғындардың интернетке сымсыз қосылуына мүмкіндік берді.
Сондай-ақ бөлме арқылы қауіпсіз интернет жүйесіне бақылау қойылып, қажетсіз сайттар мен пайдасыз ақпаратты сұрыптау мен қадағалау жүйесі орнатылған.
«Менің SMART бөлмені ойлап табудағы ең басты мақсатым – ауыл балалары мен қала балалары арасындағы алшақтықты жою болатын. Облыс орталықтарындағы замануи технологиялардан біздің оқушылар да хабардар болса екен деймін. Оның үстіне өткен жылы басталған пандемия балалардың білім алуына қиындық келтірді. Қосүйеңкі ауылында тек мектеп қана интернет байланысымен қамтылған. Тұрғындар үшін қол жетімсіз. Сондықтан антенна түріндегі қабылдағыш пен сымсыз интернет таратқыш құрылығыларын ойлап тауып, ауылдағыларды да интернет желісімен қамтуға қол жеткіздік», дейді Алмасбек Қалдыбек.
Мектеп мұғалімі ойлап тапқан SMART бөлменің тағы бір жаңалығы –қашықтықтан басқару жүйесі мен ата-аналар үшін сабақ процесін провайдерлер арқылы ақысыз бақылау жүйесі де іске қосылған.Замануи SMART бөлмені құрастырушы Алмасбек Қалдыбек қауіпсіздікті де барынша назарға алған. Аталған бөлмеде сабақ өткізген ұстаздар кабинеттің жарығын немесе компьютерлерді сөндіруді ұмыт қалдырса, автоматты түрде қашықтықтан өшіруге немесе қосуға мүмкіндік бар. Бөлмеге кірген уақытыңызда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажетті дауыстық хабарлама арқылы ескертіліп, сабақ процесінің басталғандығы хабарланады.
Сонымен қатар, SMART бөлмеде қимыл қозғалыс пен дауыс арқылы да басқару жүйесі орнатылған. Сабақ процесі басталған уақытта кіру-шығу белгісін көрсететін белгілер өздігінен іске қосылып, өшіріледі. Сабақ аяқталған соң бөлмеде орналасқан барлық компьютерлік құрылғылар автоматты түрде сөндіріледі. Бұл процестерді пульт немесе қолыңыздағы ұялы телефон арқылы басқару мүмкіндігі де қарастырылған. Сенсорлық басқару жүйесі де орналастырылған.
Информатика пәні мұғалімі Алмасбек Қалдыбектің шәкірттері де түрлі технологияларды ойлап тауып жүр. Бөлме базасында ұйымдастырылатын үйірмелерге қатысатын балалар істен шыққан теледидар пультінен интерактивті тақтаны қашықтықтан басқару құрылғысын жасап шығарған.
Бұдан бөлек, күн сәулесінің түсуіне қарай автоматты түрде жұмыс жасайтын перде де осы балалардың жаңалығы. Күн сәулесі қатты түсіп, бөлме ысығанда перде өздігінен төмен түседі.
Ал бұлтты күндері бөлме қараңғы болмауы үшін перде өздігінен көтеріліп, жарық мол түседі.