• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Қаңтар, 2021

Қоғамдық ұйымдар ауылға бет бұрса игі

440 рет
көрсетілді

Бүгінде әлемнің көптеген елінің саясатында үкіметтік емес ұйымдардың рөлі ерекше сипатқа ие. Өйткені мемлекеттік басқару жүйесіне қоғамдық қауымдастықты араластырмай түйткілді мәселелерді шешу мүмкін емес. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстандағы үшінші сектор әлемдік трендтер бағытында дамып келеді. Яғни еліміздегі үшінші секторды қолдау мемлекет тарапынан да, бірқатар ірі компанияның қайырымдылық мақсаттағы ҮЕҰ арқылы да жүзеге асуда. Бұл бағытта сонымен бірге бизнестің, фандрайзинг жүйесі, әлеуметтік желілер және масс-медианың рөлі маңызды екенін де айта кеткен жөн. Десек те соңғы кездерде осы бағыттағы ұйымдар қоғамның дамуына қаншалықты атсалысуда, жұмыс істеу тәжірибесіне мемлекет көңіл бөліп отыр ма деген сауалдар төңірегінде туындаған мәселелерге жауап іздеу барысында ауыл-аймақтарда үшінші сектор үлесін арттыру қажеттігін аңғарамыз.

ҮЕҰ дерекқорының көрсеткіштері бойынша елімізде тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың саны бүгінде 25 мыңға жуықтаған. Көрсеткіштің 10 мың­нан астамын салықтық есеп ұсын­ған ұйымдар құрайды. Бірқатар дерек көзіне сүйенсек, белсенді ұйым­дардың саны 5 мыңның айнала­сында. Бұл бағытта үкіметтік құры­лым­дардың жүргізіп отыр­ған жұ­мысы ҮЕҰ дерекқорын жетіл­діру­мен ғана шектелмейді. Бұл қадамдар мем­лекет пен үшінші сектор және бизнес арасындағы ашықтықты да қам­тамасыз ететін болады. Әрі ҮЕҰ тәжіри­бесінде қамтылмаған салаларды анықтап, қоғамның күш-жігерін сол бағытқа бұрудың маңызын көрсетеді. Са­рапшылардың пайымдауынша, мәсе­ле қоғамдық қорлардың көрсеткішін анық­­таумен ғана шектелмейді. Қоғам­дық қорлардың қандай да бір сала­да­ғы белсенділігі маңызды. Сонымен бірге қоғам мен азаматтардың мүмкін­дік­терін, қолда бар ресурстары мен қажет­ті­ліктерін талдаудың нақты құралы. Соң­ғы уақытта жергілікті басқару құ­рылымдары деректер базасына мәлі­меттерді ұсынбаған ұйымдармен аза­мат­тық қоғамның басымдықтары жайын­да түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бел­сенді қолға алған.

Былтыр жастар саясатын дамыту, қоршаған ортаны қорғау мен қоғамның әлеу­меттік осал тобына қолдау көрсету бағытында мемлекеттен үкіметтік емес ұйымдарға 1,8 млрд теңге бөлінді. Жас­тар саясаты мен балалар бастамаларын қолдауға – 554,1 млн теңге, ал 305,4 млн теңге азаматтық қоғамды дамытуға, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар жұмысының тиімділігін арттыруға, 231,5 млн теңге – білім, ғылым, ақпа­рат, дене шынықтыру және спорт саласындағы мақсаттарға қол жеткізуге, 214,2 млн теңге – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, 114,6 млн теңге – халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған. Осы орайда гранттар мен сыйлықтар түрінде қаржыландырудың жаңа нысандарын енгізуді бірқатар сарапшы үкіметтік емес секторды азаматтық қоғамның әлеуметтік міндеттерін шешудегі бел­сен­ді институттардың бірі ретінде тану­дың нәтижесі ретінде қарастырады.

Үкіметтік емес ұйымдардың отан­дық тәжірибесіне тоқталған Қазақ­стан Азаматтық альянсының вице-пре­зи­денті, саясаткер Дос Көшім елімізде үшінші сектор жобаларын қолдауға грант беретін көптеген шетелдік ұйым­дар мен елшіліктер де бар екенін еске салды. Сондай-ақ мемлекет тарапынан әлеуметтік қажеттілігі бар бағыттарға тен­дер арқылы қолдау көрсетіліп оты­руы­ның дәлелін елімізде жүзеге асып жатқан асыраушысынан айырылған отбасыларды, көп балалы аналарды қорғау, науқас балаларға, кемтар жан­дар­ға көмек көрсету мақсатындағы жобалар барысынан көруге болатынын айтады. Д.Көшім сонымен бірге үкі­мет­тік емес ұйымдардың негізгі бағыты пайдаға жұмыс істемеу екенін алға тарта отырып, өркениетті елдерде өз қар­жы­сына немесе демеушілер есебінен жұмыс істейтін ұйымдардың көптігін негізге алды. Бұл елдерде азаматтардың көпшілігі бастаған ісіне бар ынтасымен кірісіп, нәтиже шығаруға, қолдауға, мұқтаж салаларға көмек қолын созуға дайын.

Саясаткер атап өткендей, Қазақстан­дағы қоғамдық ұйымдардың алғашқы көрсет­кіші «Семей – Невада», «Жел­тоқсан», «Азат» қозғалысынан бас­тау алады. Аталған ұйымдар қоғам­ға қажеттілігін әлдеқашан делелдеген. Ал саладағы жетіспейтін мәселе, енді-енді аяғынан тұрып келе жатқан көп­те­ген қоғамдық ұйымға демеу­ші­лік көрсететін ұйымдардың аздығы. Бұл бағытта санаулы ғана азаматтарды айтып өтуге болады. Әрі олардың көпшілігі қайырымдылық жұмыстарын жария ете бермейді. Керісінше, спортшыға, әртіске қолдау көрсететіндер осы ісін жария ету арқылы өзінің танылмалдылығын арттырғысы келеді. Нашақорлықпен күрес, оларды емдеуге қолдау көрсету сияқты іс-әрекеттер сирек. Сондықтан да қоғамға қоғамдық ұйымдардың қа­жеттігі мен атқаратын рөлін түсіндіру жұ­мыстары жүргізілгенде ғана мемле­кет­тік билік, бизнес және үшінші сек­тор­дың өзара ықпалдастығы арта түс­пек.

Әлемдегі бақуатты елдер тәжірибе­сін­де үшінші сектор қалай жұмыс іс­тей­ді? Осы сауал негізінде үкіметтік емес ұйымдардың рейтингіндегі алғаш­қы ондықтың жұмысына зер сал­ған саясат­кер Айдос Сарым Солтүстік Еуропа елде­ріндегі қоғамдық ұйым­дардың құ­пиясына тоқталды. Бұл елдерде кез кел­ген азамат кем дегенде үш-төрт қо­ғамдық ұйымның мүшесі болады. Яғни шағын ғана аудан орталығында жергілікті тарихи ұйымның мүшесі ретінде ескерткіштерді қорғау, эколо­гия­­лық қозғалыстың еріктісі, мәдени ұйымның мүшесі ре­тін­де белсенді. Еу­ропа, Корея сияқты көптеген елде ере­сектердің, балалардың хорда ән айту тәжірибесінің өзі аталған елдер­де жекелеген азаматтардың өзіне ұна­ған іске ынтызарлығын көрсетсе керек. Кәсіподақтар ұйымына, партияға мүшелікке өту де ішкі белсенділікті білдіреді. Егер де қоғамда өзгеріске да­йын іс-әрекеттер орын алатын болса, оның нәтижесі азаматтық құндылықтарға қызмет етпек. Қоғамішілік ұйымдардың дамуы кез келген белсенді азаматқа көр­шілермен жақсы қарым-қатынаста болуға, көтеріңкі көңіл күйде жүруге де ықпалы зор. Қоғамдағы әр азаматтың белсенділігі мен оған қоғам тарапынан қол­даудың болуы өз кезегінде еңбек өнім­ділігінің артуына ықпал ететінін сарапшылар жоққа шығармайды. Он­дай азаматтардың еліне, Отанына деген сезімі де ерекше болмақ. Тіптен үкі­мет­тік ­емес ұйымдарға біріккен азаматтар өздері сол ұйымның демеушісі бола отырып, қоғамды игі іске жұмыл­ды­рып жатса, кәнеки.

«Біздің қоғам да осы бағытта жылжуы керек» деген ойымен бөліскен А.Сарым еліміздегі белсенді үкіметтік емес ұйымдар көрсеткішін аймаққа шағып қарағанда түкке тұрғысыз болып қалатынын алға тартты. Сонымен қатар елдегі қоғамдық-саяси өмір қала, облыс, аудан орталықтарымен шектеліп қа­латыны қынжылтады. Қоғамдық ұйым­дардың жергілікті жерлерде аналар кеңесі, ақсақалдар алқасы сияқты жақсы үлгісі бар дегенімізбен де аудан, ауылдарда адамдардың басын қосатын рухани-мәдени, қоғамдық шаралар аз, үкіметтік емес ұйымдардың саны мардымсыз.

Осы орайда ауыл балаларына фут­бол алаңдарын салып беру үлгі­сін­­дегі жарқын мысалдарды алға тарт­қан сарапшы ұйымшылдық пен пат­риотизмді дамытуда ұйымдық, ұжым­дық үлгідегі іс-әрекеттердің жетіс­пей­тінін алға тартты. Сонымен қатар фермерлік ұйым­дардан гөрі кооперативтер санын көбейту ұжымдық ұйым­шыл­дық­ты, адамдардың бір-біріне деген сенімін нығайтуға ықпал етпек. Мұндай белсенділікті әжелер ан­самбль­­­дері негізінде де дамытуға бола­ды. Бұл өз кезегінде қоғамның қарттар бө­лі­гінің жалғызсырамауымен қатар отбасы ұйымшылдығына да ықпал ететіні сөзсіз. Ауылдық жерлерде әже­лері­міздің қобдишасында сақталған бешпет, сақина, білезік тәрізді көне бұйым­дарды жинау арқылы жергілікті музейлердің жұмысын жандандыру да қоғамды ізденіске бастайтын игі іс. Сондықтан да іргелі істерді ұйым­дас­тыруда бастапқыда әкім­дік­тер­дің, партиялардың осы іске назар аударуы маңызды. Бүгінде әлеу­меттік желінің аза­маттардың ішкі белсенділігіне кері ықпалы тұрғысында ойларын ортаға салған сарапшының айтуынша, азамат­тық қоғамның жарқын көрінісі қоғам­ның ізгілікке бастаған кез келген қада­мы­нан көрінетіні анық.

Еліміздегі қоғамдық ұйымдардың бел­сенділігі пандемияға байланыс­ты ерік­тілер қозғалысы барысында ерек­шеленді деуге негіз бар. Қиын жағ­дай­да бір-біріне көмек қолын созып, қо­ғамда болып жатқан оқиғаларға бейжай қа­рай алмайтын азаматтардың бар екені қуантады. Ендігі кезекте үшінші сектордың күш-жігерін туған өлкені дамытуға, балалар мен жасөс­пірім­дер жобаларын қолдауға, қарттарға көмек­тесуге жұмылдыруға бағыттау қажет­ті­гін құптаған сарапшылар бұл бағытта ұжымдық белсенді ұйымдармен қатар елі­міздің әрбір азаматы қоғамдағы өз орнының маңызды екендігін түсінгені абзал.

 

АЛМАТЫ