• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Таным 08 Қаңтар, 2021

Әбу Насыр әл-Фарабидің нақыл сөздері мен ғибратты ойлары

11577 рет
көрсетілді

Қазақтың Ұлы даласының біртуар кемеңгер перзенті Әбу Насыр әл-Фарабиден мол жазба мұра қалған. Соның біразын жаһан ғалымдарды іздеп тауып, зерттеп ғылыми айналымға енгізумен келеді. 2020 жылы Ұлы тұлға есімін алып отырған қазақ ғылым-білімінің қара шаңырағы Әбу Насыр әл-Фараби атындағы универ­си­тет ғалымдары Отырардың бірегей ұланының «Әбу Насыр әл-Фарабидің ақыл-ой пікірлері мен нақыл сөздері» атты еңбегін араб, қазақ, орыс тілдерінде жариялады.

Жинақ Әбу Насырдың әл-Фарабидің әр жылдары жазған бірқатар еңбегінен алынған.

Хакімнің ол дүниелері кезінде Джамал ад-дин әл-Қифти (1167-1248), Ибн Әби Усайбиға (1203-1270) тізіп берген ең­бект­ері ішінде шынында да бар. Жинақ­қа үңілейік. Оны құрастырушылар Ж.Сандыбаев, Ы.Палтөре данышпан­ның нақыл сөздерін «Адам», «Қоғам», «Өркениет» деген үлкен үш тарауға бөлген. Әуелі Әбу Насырдың өлмес, өшпес еңбегінің араб, сосын қазақ, одан кейін орыс тіліндегі аудармаларын берген. Әуелі басты тақырып «Адам» мәселесіне тоқталайық. Мұнда Әбу Насырдың адам баласы толыққанды адам болу мәселесін сөз ететін 44-ке жуық даналық ойлары жинақталған. Адам адам деген ардақты атқа жету жолында «бақытқа жетелейтін ұстазға мұқтаж». Өте орынды айтылған. Сондай-ақ «адам білімді және тәжірибелі болмай тұрып, көптеген нәрсені терістеп, негізсіз деп табады, оларды абсурд деп ойлайды, ал ғылымды меңгеріп, тәжірибесін молайтқан шағында ол үшін олар қажетті нәрселерге айналады. Сөйтіп өзі бұрын абсурд деп ойлаған атына қайран қалады», дейді Отырарлық данышпан. Бұған алып, қосар ештеңе жоқ қой деп ойлаймын.

«Адам білімді болу үшін оқу мен білім­ге атүсті қарамайды» деген Әбу Насыр әрі қарай өз ойын «Адам оқуға атүсті қа­ра­­мауы керек. Сократтың шәкірттері бол­­ған, Платон мен Аристотельде де шәкірт болған. Өйткені ғылым – көмі­ліп жатқан қазына, оған Алла жолын жеңілдеткен адам ғана қол жеткізе алады», деп тұжырымдайды. Отырар перзенті тағы бір нақыл сөзінде «білімге жетуі ең кемел болған адам ең жоғары рахатқа ие болады. Жаны ең кемел әрі ізгі білімге жеткен адамның алатын әрбір рахаты ең толық әрі кемел рахат саналмақ» дейді. Әбу Насыр әл-Фарабиді адам баласының жетілуі, нағыз адам деген атқа лайық болуы әрқа­шан толғандырған. Оны бұл мәселе грек ғалымдары Сократ пен Аристотель сияқты үнемі терең ойға жетелеген.

Адам іздену, ғылым, білімге ұмтылып, жетіс­тікке жетуі үшін шынында да оны зерт­тей және терең пайымдай алуы қажет. Осы ізденіс жолында ол «олардың кей­бірі­нің сенімді және мығым, ал кейбі­рінің әлсіз және маңызсыз екендігін көреді». Сол себепті де адам баласы білімге ұмты­лыс кезінде мақсатын айқындай алуының ма­ңызы зор. Себебі «адам өзі үшін қажетті және өзі үшін міндетті етуі тиіс білім – нақты білім». Сондай-ақ «адам ең жоғар­ғы кемелділікке жету үшін оның мінезі мен табиғаты және әрекеттерімен бірге тағы практикалық және теориялық ойлау күштері қажет». Бұл дәл де орынды айтылған пікір.

Адам ғылым, білім жолында адас­пас үшін не керек? Ол үшін Әбу Насыр әл-Фараби «адамның ақыл-ойы өзінің кемелдік шегіне жетсе, онда мәні бойынша [әрекетшіл] ақыл-ойдың мәніне жақын болады» деумен қатар «адам бақытты тек теориялық ақыл-ой күші арқылы ғана танып-біледі, басқа ешқандай күш арқылы емес» дейді. Адам баласының негізгі мұраты игілікті іс істеп, бақытты өмір сүру десек, Әбу Насыр әл-Фарабидің бұл мәселеде де өзіндік айтар-берері бар. «Егер адам бақытқа жетіп, танып, бірақ оны өзінің мұраты қылмаса, оны көңілі қаламай немесе селқос қараса, сөйтіп өзіне басқа нәрсені өмірлік мақсат қылып, соған жету үшін бар күшін салса, онда бұдан абсолют зұлымдық туады» немесе «Егер адам өмірінің мақсаты бақытқа – ең жоғарғы кемелділікке жету болса, онда ол қабілетіне сәйкес соған жетуіне көмегі тиетін нәрсенің бәрін алуы тиіс», дейді. Абай да бес нәрсеге асық, бес нәрседен қашық болуды айтқан. Соған қарағанда бұл шығыс даналарының бәрі ұстанған басты қағидалар деуге болады.

Бақыт туралы 10 жерде сөз еткен ол адам өзі жеке дара кемелділікке жетіп, ба­қыт­ты бола алмайтынын, адам баласы өзара ықпалдаса, біріне-бірі сүйеу, медеу бола білуі арқасында ғана биік белеске шыға алатынына көңіл бөле келе «әрбір адам өзінің шамасына қарай кемелділікке жетуі үшін басқа адамдардың қоршауында болуға және солармен бірігуге мұқтаж» дейді және «адам жаратылысынан өзі тектес қауым өкілдерінің арасынан пана іздейді, солардың қоршауында тұруды көздейді», сондай-ақ өз ойын «бақыт дегеніміз – абсолюттік ізгілік» дей отырып «шын бақыт деген – бұл ізгілік, сұлулық пен жақсылық, ал осыдан басқаның барлығы зұлымдық, жамандық пен күнәһарлық» деп түйіндейді.

«Кейбір адамдар бақытты байлық деп есептейді, басқалар бақыт деп рахаттануды айтады, кебіреулер билікті бақыт деп санайды, енді басқалары бақыт деп ғылымды айтса, бағзы біреулер бақытты басқа нәрсе деп таниды». Осылай Әбу Насыр бұл мәселеде таңдауды адамның өзіне қалдырады. Бірақ ол шын бақытты байлықтан, рахаттан іздемеуге шақырып тұрған сияқты. Біле білгенге ізгі ойлы, игі мақ­сатты ғылымнан тап деп тұрғандай. Әбу Насырдың өзі де бақытты ғылымнан тапты деп ойлаймын.

Әбу Насыр әл-Фарабидің тағы бір нақыл сөзі кімді болса да ойлантпай қой­майды. Ол «қайсыбір салада оң нәти­же­ге қол жеткізуге қабілеті мол адам қабілеті жоқ адамға басшы болады» дейді. Қолыңнан келмейтін істе, білімсіздерге білімді адам жетекшілік етуі керек деп есептейді үлкен ойшыл. Оның бұл сөзінің дұ­рыстығына ғылым, білім саласын алар бол­сақ та көз жеткізуге болады. Мен руха­ният саласынан оқу, ғылым саласына кел­ге­лі 7 жыл ішінде 5 министр, 5-тен астам ғылым комитетінің төрағалары ауысты.

Бұл ойланарлық жайт емес пе? Әбу Насыр «біз нақты сенімді болмағандықтан жақ­сы деп ойлап жүрген адамымыз сұм­пайы әрі өтірікші болып шығуы мүм­кін немесе өзімізді алдап, мазақ етіп жүр­­ген адамды білмей қолдап жүруіміз де ықти­мал» дейді. Бұл өмір көрген тәжіри­бе­лі адамның сөзі.

Ислам діні ұстаз және тәрбие арқылы алған білімде қайыр бар деп есептейді. Осы пікірді Әбу Насыр әл-Фараби де айтқан. Ол «Адамның барлығы бірдей жаратылысынан «бақыт» ұғымын және білуі тиіс басқа да нәрселерді біле бермейді». Ол үшін ақылгөй ұстаз әрі тәлімгер керек» деп есептейді. Әбу Насыр сондай-ақ «адамдар ішіндегі ең таңдаулы жан бірінші басшы болуға тиіс, ол тегінде, көпшілікке қажет деп есептелетін біліммен әсте шектеліп қал­майды» деген Отырар ойшылы білім алуда шек жоқ, ұмтыл, білім ал, білімің кемел болсын дейтін сияқты.

Осы бөлімде ол адамдағы ақыл күші, жүрек сезімі, ашу мен қатыгездік, көркемдік секіл­­ді мінез кемелділігі, ождан, ізгі қа­сиет­­тер, мырзалық, қарапайымдылық, ұстам­дылық, қайырымдылық, пәктік, мате­рияны да сөз еткен. «Егер адам өз бо­йында жоқ нәрселерді қалауынша өзіне таңа беретін болса, онда ол адамда көлгір­сушілік пайда болады» деу арқылы ол жалған мақтангершілікті, атақ­құмар­лықты, даңғойлықты айтып тұрған жоқ па? Сондай-ақ ол мемлекет қайраткері бойында болуы тиіс нәрсеге де тоқталған. «Адам» тарауы Әбу Насыр әл-Фарабидің «адам­ға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім адам­зат­тың қас жауы» деген даналық сөзімен аяқ­талған.

Ол ұстаз жайлы: «Ұстаздық мінез-құ­лық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек. Өйткені тым қаталдық ш­ә­кіртті өзінің ұстазына қарсы қояды. Ал тым ырыққа көне беру ұстаздың қаді­рін кетіреді. Оның берген сабағы мен ғылы­мына шәкірті селсоқ қарайтын болады», дейді. Бұл айтылғандар ұзақ жылғы ізденіс, ұстаздық жайлы ойлану-тол­ғанудан туғандағы сөзсіз және ол бүгін­де­рі де өзекжарды деп ойлаймыз.

Әбу Насыр әл-Фарабиді адам тәрбиесі оны жетілдіру, рухани байыту әр кез тол­­ғандырып отырған. Бұл ретте ойпаз «Ұстаз тарапынан барынша ынта мен та­бан­дылық қажет. Өйткені бұлар жұрт айт­қандай тамшысымен тас тесетін бей­не­бір су тәрізді» деген тұжырым жасайды. Бұдан асыра, бұдан тереңірек айту кез келгеннің қолынан келетін іс емес деп ойлаймыз.

«Отағасы отбасы мүшелерінің тәрбие­ші­сі әрі ұстазы болғаны секілді басшы да ха­лықтың тәрбиешісі әрі ұстазы. Дәл сол сияқты балалар мен жасөспірімдерге жа­­уапты адам олардың тәрбиешісі һәм ұстазы. Міне, бұлардың бәрі мейірім және иландырумен тәрбиелесе, енді бірі басқасын мәжбүрлеу арқылы тәрбиелейді. Басшы да осылай тәрбиеленуі тиіс» дейді ол тағы бір беттерде.

Отырар ойшылының «Қоғам» жайлы ойлары да орнықты екендігін айтқан жөн. Ол алдыңғы бөліммен үндес. Мұнда ғы­лым, парасат, этика, мырзалық, сараң­дық, ысырапшылдық, ізгілік, мейірбандық се­кілді т.б. адам бойындағы қасиеттер тілге тиек болған.

Иә, ұлы ойшылды қоғам мәселесі де ешуақыт бейжай қалдырмаған. «Адам қо­ғамы ұлы, орташа және шағын қоғам­дар­ға бөлінеді. Ұлы қоғам дегеніміз – бірімен- бірі біріккен және біріне-бірі көмек көр­се­тетін көп халықтың жиынтығы. Орта­ша қоғам дегеніміз бір халық. Шағын қоғам – бір қаланың төңірегінде топтасқан қоғам. Қоғамның осы үш түрі кәміл қоғам болады» дейді.

Басшы және басқару. Басшы деген кім? Кім басшы бола алатыны мәселе­сі­не ол «басшы – басқаға үйретіп, жол көр­сетуге құдіретті адам» деп жауап бе­р­­е­ді. Сондай-ақ «басқарудың екі түрі бар» дейді ол, «бір түрі шын бақытқа жеткізетін әрекеттерді, мінез-құлықты, ерік қасиеттерін нығайтады және бұл ізгі басқару. Осындай басқаруға бағынатын қалалар мен халықтар ізгі қалалар мен халықтар болып саналды». Мұндай жолдарды Әбу Насыр әл-Фарабидің «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы» атты атақты трактатынан оқимыз. «Қоғам» тарауының тағы бір жерінде отырарлық кемеңгер «басқарудың екінші түрі қалаларда шын бақыт болып саналмайтын қиялдағы ба­қыт­­қа қол жеткізетін әрекеттер мен қа­сиет­­терді нығайтады, мұндай басқару надан басқару болмақ» дейді. Әділ басшы, әділетті де ізгі қоғам жалпы адам баласы да, ғалымдар мен ойшылдар да ғасырлар бойы армандап келе жатқан жайт. Оның қоғам түрлеріне берілген осындай анықтамасы да, әрине қызық.

Халық. Данагөйдің бұл мәселе тура­лы айтқаны да көңіл аударарлық. «Бір ха­лық­тың екінші халықтан мынадай табиғи айырмашылығы бар: табиғи жаратылысы, табиғи мінез-құлқы және үшіншісі – сөйлейтін тілі».

Бақыт мәселесіне ол бірнеше рет қай­рылып отырған және бақытқа жетуді ол қайырым­дылықпен байланыстырған. «Қайырым­дылық бақытқа жету үшін қа­жет» деп санайды Әбу Насыр әл-Фараби.

Ал қайырымды қоғам деген не деген сауалға ол: «халқы өзара бақытқа жеткі­зе­тін нәрселер үшін бір-біріне көмек беретін қоғам – қайырымды қоғам. Бақытқа қол жет­кізу үшін қалалары бір-біріне көмек көрсететін үмбет – қайырымды үмбет» деп жауап берді. Ал адам баласының ба­қыт­қа жетуіне не кедергі дегенде ол «зұ­лымдықты» атайды. Осы ойды ол «қала­лар мен халықтарда зұлымдық жойылғанда ғана бақыт орнайтынын» айтқан және де «егер қайсыбір қала тұрғындарының іс-әрекеті бақытқа жетуге бағытталмаған болса, онда ол жамандыққа ұшырайды» дейді. Сол себепті кез келген бақытты өмір­ге қол жеткізу үшін халқын, қоғамын адал еңбек етуге жетелеуі керек» дейді ол.

Зұлымдық адам баласының және жал­пы қоғамның қас жауы екенін бәрі біледі. Сол себепті Ұлы дала перзенті «қала­лар мен халықтарда зұлымдық жойыл­ғанда ғана бақыт орнайды» деп санай­ды. Мем­ле­кетті, қаланы, жалпы елді бас­қа­ратын патшаға, сұлтанға, рухани басшы яғни имамға, қазіргі тілмен айтқан­да президентке, министр мен әкімге бірінші басшы болу үшін төмендегідей қасиет­тер болуы керек деп есептейді отырарлық дана:

«Бұл адам – имам, ізгі қаланың бірінші басшысы. Мұндай жағдайға тек бойында жаратылысынан дарыған он екі қасиеті бар адам ғана жете алады:

1) осы қасиеттердің бірі – оның мүше­лері кемшіліксіз және сау болуы, бұл мүше­лердің оны және өздеріне қатысты әрекеттерді жасауға қабілетті болуы;

2) ол өзіне айтылған бар нәрсені жақсы түсініп, қабылдау қабілетіне жаратылысынан ие болу керек;

3) түсінген, көрген, естіген, қабылдаған нәрсесін есінде сақтауға қабілетті болуы қажет;

4) көкірек көзі ояу, өте ақылды болуы тиіс;

5) осындағы нәрсені толық жеткізе алатын көркем сөйлеу қабілеті болуы қажет;

6) үйренуді, ізденуді сүюі керек, оған өзін арнауы керек, үйренудің қиыншы­лық­тарын жеңіп, қиындықтарға сабыр етуі тиіс;

7) дұрыстықты, дұрыс адамдарды сүюі керек, жалғанды және өтірікшілерді жек көруі қажет. Рухы биік және намысты болуы тиіс;

8) Ішіп-жеу мен жыныстық ләззатқа ұмтылмайтын, оларды қаламайтын адам болуы керек. Құмардан бойын аулақ салып, ондай нәрселерден туындайтын ләззатты жек көруі қажет;

9) рухы биік болуы керек, намысты, жомарттықты сүюі керек, рухы жаман және төмен нәрселерден жоғары болуы тиіс, ең жоғары нәрселерге қарай ұмтылуы керек;

10) күміс, алтын және сол секілді дүниелік нәрселерді елемеуі қажет;

11) әділетті және әділ адамдарды сүйіп, қы­сым мен зұлымдықты және осыларды іс­тей­тіндерді жек көруі керек;

12) істелуі міндетті деп тапқан нәрсеге байланысты жігерлі, шешімге берік болып, қорқыныш пен әлсіздік танытпай, батылдықпен оны жүзеге асыруы керек.

Шын бақыт деген не? Жұрт оны қалай тү­сінеді. Ол турал Әбу Насыр: «шын ба­қыт деген – бұл ізгілік, сұлулық және жақ­сылық, ал осыдан басқаның барлығы зұ­лымдық, жамандық және күнәһарлық» дейді. Осылардан ол қашанда қашық болуға шақырады.

Әбу Насыр әл-Фараби трактаттарында әсі­ресе өркениет мәселесіне де ерекше мән берілген. «Философияның мәні мен маңызы – болмысты зерттеу» деген ол әрі қарай «Платон мен Аристотель – философияны жасаған екі данышпан. Олар философияның бастамасы мен негізін қалап, оның кейбір салаларын со­ңына жеткізіп тәмамдады. Дара мен жалпыда, ұсақ және маңызды мәселелерде осы екеуіне сілтеме жасалады» дейді де, ғылымның зерттейтін объектілері мен пәні не метафизикалық, не физикалық, не логикалық, не математикалық немесе саясат өнері болады. Ал философия олардан нәтиже шығарып, барлығын қорытып отырады. Сөйтіп әлемде философияның қатысы болмаған зат қалмайды» деп нағыз философ, хакім данаша сөйлеп кетеді.

Философияны Отырар ойшылы «бар­лық ғылымның әуелгісі» санайды. Ал фило­­софияның мәні мен мазмұны не деген са­уалға «болмысты зерттеу, ал мақсаты – адам қабілетінің қабілеті кеткенше болмысты тану» деп есептейді.

Жаратушы Иеміз Алла Табарака уа Та­ға­ла туралы: «Ол – Жалғыз, Ақиқат бар­лығын Жаратушы. Онда пайда болу да, жо­ғалу да жоқ» дейді:

«Аристотель логика ғылымын дамытты әрі Платон бастаған философияның басқа да салаларын толықтырды», «Пла­тон мен Аристотельдің зерттеулері сырт­қы көріністе әртүрлі болғанымен, мақ­сат­та бір» дейді. Шынында да солай. Әбу Насыр әл-Фараби осындай көне грек ойшыл­дарының шығармаларына түсін­дір­ме жасады. Ол өмір сүрген кезде түсін­дірме жазу, жасау ғылымның өзекті бір са­ласы болатын.

Мемлекет басшысы қандай болуы керек? Бұл мәселеге де ол қайырыла соғып отырған. Әбу Насыр әл-Фараби: «басшы – бас­шыға үйретіп, жол көрсетуге құдіретті адам» және де «абсолюттік мағынада бірін­­ші басшы дегеніміз – басқа біреудің ба­­шылығын мүлдем керек ет­пейтін, ғы­лымы мен білімінің жетілгені сонша – бұл жөнінде өзіне жол көрсететін басқа адам­­ға мүлдем тәуелді болмайтын адам» деп ой қорытқан. Сондай-ақ ол: «бұ­рынғы халықтардан жазылып келген заң­дардың негізінде қаланы билеуші әкім – жал­ғас­ты­рушы әкім» дейді.

«Әділ (абзал) патша. «Құлқынның құлы болмай, (құлқынын) тыйып ұстаған патша – ең ізгі (абзал) патша», «Патшаларға жа­қын­дастыратын ең жақсы нәрсе екі түр­лі болмақ: күлімсіреген жүз бен асты тарта жеу». «Патшалар немқұрайдылық таныт­пау­ға тиіс үш нәрсе: қалың жұртты (қара халықты) қорғау, әділетсіздікке жол бермей, жіті бақылау жасау, істерінің басы-қа­сына игі жақсыларды (салих адамдарды) жи­нау (таңдау)» дейді.

Әбу Насыр әл-Фарабидің жоғарыда ар­на­йы сөз болған даналық сөздері, ой мен ғиб­ратты сөздері Отырар перзенті шы­ғар­маларымен сусындағысы, ол жайлы та­ным білігін тереңдеткісі, ілім-білімінен үй­ренгісі келетіндерге мол мағлұмат, тың сер­пін беретіндігі сөзсіз.

Бұл еңбек cөйтіп асыл баба мұрасымен хал­қын тағы бір рет қауыштырған ғиб­рат­ты да өнегелі, есте сақтар іс болды.

Әбу Насыр әл-Фараби руханият пен түрлі ғылым салаларын өзара ұштастыра, үйлестіре терең ой қозғап, салиқалы ой-пікірлер айта білген Ұлы даланың шын мәніндегі қайталанбас дара тұлғасы.

Осы күндері құндылықтар өзгеріп, капитал атқа мініп, ғылым, білімге деген ұмтылыс, талпыныс азайған, жұрт ғылым, білім үйренуде кім үлгі болуы керектігі мәсе­ле­сі күн тәртібіне көтерілген кезде, тіл үй­рену, ғылым, білім, алуда жастарымыз ғана емес, жасампаздарымыз үшін де Әбу Насыр әл-Фараби бізге адастырмас бағдар бола­тын нағыз жарық жұлдыз.

Әбу Насыр ұлы ғалым, терең пайым, парасат иесі болғандықтан да ғы­лым мәселесіне тереңірек үңілді, оған аса мән бере қарады. «Ғылым екіге бө­лі­неді: біреуінің мақсаты ізгілікке жету, екін­ші­сінің мақсаты пайдаға ие болу» (кенелу – Ә.Д.) деген ол әрі қарай мақсаты тек ізгі­лік­ке жету өнері философия деп атала­ды және ол абсолют мағынада – адами да­на­лық» дейді.

Философтарды ол жалған өресіз, дүм­бі­лез деп бөледі.

Әбу Насыр әл-Фарабиді, сондай-ақ мі­нез мәселесі де қызықтырған. «Жаман мінез-құлық – рухани дерт. Бұл дерттен айығу үшін тән кеселін емдеуде қол­да­на­тын дәрігердің тәжірибесіне еліктеуің керек» деп есептейді. Ұлы ұстаздың осы­лай тәрбие мәселесін бірінші орынға қой­ға­нына риза боласың.

Әбу Насыр әл-Фарабидің өсиет сөздері тек осылармен шектеліп қалмаған. Ол сондай-ақ әдеп, әдептілік, сабыр ету, кісіге жақсылық жасау, әділдік, қызғаныш, ақыл, опасыздық, надандық, жәбір көрсету, ұят, ашу, әзіл, құлқының құлы болмау, адал достық мәселесін де сөз етуді ұмытпаған.

Жақсылық. «Жақсылық жасаған адам жа­сағанын сол сәтте ұмытуға тырыссын. Жақ­сылық көрген адам оны ешқашан есі­нен шығармасын», «Адамға жақсылық етсең қарымта күтпе» деп ескертеді.

Надандық. «Өз пікірін өзгеге (адам­дар­ға) күштеп таңу – надандықтың белгісі» дей­ді. Мұны да есте болар өсиет деген жөн.

Өз тарапымыздан біз Әбу Насыр әл-Фараби сияқты дана, көреген ойшыл ғалым тудырған және дана перзентінің ұсыныс-пікірлеріне құлақ қоя білген, оны тиянақты орындаған – бақытты адам, ба­қыт­ты қоғам, өркениетті ел деп қоры­тын­дылар едік.

Сөйтіп адам, қоғам, өркениет бөлім­де­рінің өз айтар, берері, тәлім тәрбиесі, ғиб­ратты ой-пікірі бар деуге толық негіз бар. Отырар перзентінің ой мен өнегеге толы осындай жолдарын тек жоғарыда атал­ған шығармаларынан ғана емес, өзге де дүниелерінен табуға болады.

 

Әбсаттар қажы Дербісәлі,

ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор