Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің басты басылымы – «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінде жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында биыл отызжылдығы аталып өтілетін Тәуелсіздік туралы тереңнен толғай келе, егемен еліміздің алдағы уақыттағы ішкі саясатының басты бағыттары мен бағдарларын айқындап берді.
Президентіміздің: «Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы», деген жүрекжарды сөзі кімнің болсын көкейіндегіні дөп басып, көңілінен шыққаны анық.
Мемлекет басшысының Алаш қайраткерлерінен тағылым алу, өткен ғасырдағы алапат ашаршылыққа мемлекет тарапынан баға беру, Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігін лайықты бағалау жайлы айтқан ой-пікірлері де оның «Халық үніне құлақ асатын мемлекет құру» тұжырымдамасының дәйектілігін айғақтағандай.
Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз», деген жалынды сөздерін тебіренбей оқу мүмкін емес.
Мемлекет басшысы аталған мақаласында қазақ жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды деп тағы да мәлімдеді. Бұған қоса, Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұған қоса, соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз.
Бұл екі мәселенің де стратегиялық маңызы бар. Оған кезекті науқан ретінде қарауға болмайды. Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақпар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауға тиіс», деп шегелей айтты. Иә, көршілес Ресейдің кейбір саясаткерлері аты шулы жазушы Александр Солженицынның өткен ғасырдың сексенінші жылдарында айтқан сандырағын қайталап, қазақ жеріне көз алартып отырған қазіргі уақытта ең басты шаруа осы болуға тиісті. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігімен осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынған қоныс аудару бағдарламасына соны серпін беріп, кеңінен өрістету қажет.
Бұл ретте Үкіметіміз Солтүстік Қазақстан облысында қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі қанатқақты жобаны өзге солтүстік-шығыс өңірлерге де тарату мәселесін бірінші кезекте қарастырғаны жөн. Бұдан қаржы аяуға болмайды. Сондай-ақ оңтүстік облыстардың кәсіпкерлерінің солтүстік-шығыс өңірлерден жер алып, бизнестерін кеңейтуіне және өз жерлестерін сол жақтарға көшіріп апарып, жұмысқа орналастыруына қолайлы мүмкіндік туғызылса, құба-құп. Проблеманы кешенді түрде қарап, оңтүстіктік өңірлердегі аудандық және облыстық деңгейдегі басшы азаматтарды солтүстік-шығыс өңірлерге ротациялау сияқты ықпалды шараларды да қолдану керек сияқты.
Солтүстік-шығыс өңірлердегі облыстар мен олардың орталықтарының атауларын қазақыландыру мәселесін артық у-шусыз, ың-шыңсыз шешу үшін, ең алдымен, қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізу қажет. Бұл жөніндегі құзыретті халық сайлаған Мемлекет басшысына берген жөн шығар деп ойлаймын.
...Өз басым туып-өскен өңірім – Солтүстік Қазақстан облысын Қызылжар облысы деп өзгерту турасында айтылып жатқан ұсынысты қолдаймын. Ал Петропавл қаласын Абылай хан қаласы деп қайта атасақ, дұрыс емес пе? Өйткені ол – Ақ үйінің алдында атқа қонған ұлы бабамыздың ескерткіші тұрған шаһар ғой.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Парламент Мәжілісінің депутаты