Мемлекет басшысы зардап шеккен халыққа жағдай жасауды, қаржылай көмек көрсетуді тапсырғандықтан, бірден жүйелі жұмыс қолға алынды. Арнайы комиссия құрылды. Зардаптың салдарын жою үшін тұрғындарды орналастыру, тұрмыстық жағдай жасау жалғасты. Қаржылай көмек әлі де көрсетілуде.
Күн сайын облыс әкімі мен орынбасарлары бастаған мекеме, ұйым басшылары атқарылған жұмыстарды қорытындылап, құрылыс компаниялары салған нысанның сапасына, ұйымдастыру жұмыстарына баға беруде. Әрине, бәрі орнына келтірілді деуге әлі ерте. Десек те, нәтиже жаман емес.
Тасқыннан бергі бір ай ішінде мұндағы тірлікке сырт көзбен баға берсек, ауылдағы апаттан кейін тазарту жұмысы аяқталып, қалыпты өмір орныға бастаған. Құрылыс қарқын алған. Салыстырмалы түрде айтсақ, “Алматы қала құрылысы” мекемесі құрылысшыларының қимылдары ширақ. Кіреберістегі жаңа көшеде 25 үй сап түзеп, іші-сыртындағы сапалы атқарылған жұмысқа көңіл толды. Жаңа үйде жаңаша өмір басталатынына деген тұрғындар сенімі де орныққан. Осы үй менікі дегендер айналшықтап жүр. Ал, өзге де құрылысы басталған үйлердің бірінің шатыры жабылса, екіншісінің іргетасы қаланып, қабырғасы көтерілуде.
Қызылағаштағы жағдайды облыс әкімі Серік Үмбетов бақылауында ұстағандықтан, осы жердегі халықпен, журналистермен сұхбаттасты.
–Халқымыз “Болған іске болаттай берік бол” деген. Тасқыннан зардап шеккендердің көңіл-күйі түсінікті. Біз қайғыны қалай да жеңілдету үшін барлық мүмкіндікті жұмылдырудамыз. Бұған дейін іздеудегі бір адамның мәйіті табылып, тасқыннан мерт болғандар саны 45-ке жетті. Ал, жүздеген адам қайтыс болды деген бекер сөз. Алғашқы күннен барша халық ауылды қалпына келтіру, тұрғындарға қолұшын беруге жұмылды. Ол үшін алғыс айтамыз. Ендігі міндет – 530 тұрғын үйді салып, пайдалануға беру. Өздеріңіз көргендей, осы айдың аяғына дейін оның 47-сі дайын болып, алғашқы отбасылары кілттерін алып, үйлеріне қоныстанады. Тасқын салдарын бастарынан өткізген отбасыларына бір жылқы, бір сиыр, он қой беру жағы да ұйымдастырылуда. Шаруа қожалықтарының егістік жерлерін су шайғандықтан 2000 гектар алқап өңделіп, тұқыммен қамтамасыз етілді. Ауылдағы жоғары, орта арнаулы білім шаңырақтарындағы ақылы бөлімдегі студенттердің оқу ақысын жыл аяғына дейін шегеру Білім және ғылым министрлігімен келісілді. Ал, аз қамтылған отбасыларындағы балаларға облыс әкімінің арнайы гранты бөлінеді,– деді.
Қызылағаштағы халықпен пікірлескенде пікірлердің әралуан екеніне көз жетті. Ауылдың солтүстігіндегі шатырлы қалашықта орналасқан тұрғындардың көпшілігі өздеріне жасалған бүгінгі жайды түсіністікпен қабылдауда. Отбасымен отырған шатыр жанында кездескен Сәуле Мұсабаланова апат болғаннан бірер сағат бұрын құжаттарымызды алып, бала-шағамызбен Талдықорғанға кеттік. Отбасымызда жеті адамбыз. Сол күннен бері өзімізге жасалған қамқорлықты сезініп отырмыз. Абай көшесіндегі №15 үйде тұрдым. Тасқыннан оның орны ғана қалды. Үйдің құрылысы басталды, енді оның бітуін күтудеміз. Облыс әкімі үй біткеннен кейін теледидар, газ, тоңазытқыш, тағы басқа заттарды әпереміз, деді. Айтайын дегенім үйімді салып жатқан мердігерлік ұйым құрылысшылары “Әлі айлығымызды алғамыз жоқ, бермесе кетеміз”, деп отыр. Осы мәселе оң шешілсе ғой, деген пікірін жеткізді. Осы кезде топтың ортасынан өзін Қытайдан келген оралманмын деп таныстырған Ержан есімді азамат: “Бастықтардың заттарының керегі жоқ, ақшасын берсін”, деп қалды. Оның сөзін бірі қоштаса, бірі оған қарсылық білдірді. Түсініп көр, қанша жан болса, соншама пікір.
Құрылысшыларға ауыл тұрғындарының кейбірі көмекке келсе, қайсыбірінің “салып беруге міндетті” деген көзқарасы қалыптасқан. Иә, апат айтып келмейді, жауапсыздық та бар. Оны ешкім жоққа шығармайды. Кінәлілер заң алдында жауап береді. Алайда, ел болып, қолындағы барын беріп, тез арада құрылысты аяқтап, халықтың қалыпты тірлікке араласуына пейіл білдірсе, кейбірі осылайша қыңыр мінез танытатыны лайықсыз. Қызылағаштықтарға қалталы азаматтар бұған дейін сан рет келіп, қаржылай көмектерін үлестірді. Ақшаның аты – ақша, қолда тұрмайды. Үй біткенде жоғарыдағы заттар қажеттігі де анық. Осы түйткілді мәселелер жайлы ауыл әкімінің міндетін уақытша атқарған Сәуле Амитова да өз сөзінде айтып қалды. Халық уақытша қиындықты көтере алмай, осылайша дегбірсіздік танытатынына не дерсің. Республиканың өзге өңірлерімен қатар, жетісулықтар да зардап шеккендерге көмегін аямай отыр. Мәселен, Қарасай, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Панфилов, Іле, Ұйғыр, Алакөл, тағы басқа аудандар 2,5-5 млн. теңге қаржы мен азық-түлік, киім-кешекті тасқын болған күннің ертесінде-ақ жеткізді. Бұл әлі де жалғасуда. Тұрғындарға осындағы асханада күніне үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Аспаздардың жауапкершілігі жеткіліксіз екені байқалды. Алыпқашпа әңгімеге осындай олқылықтар себеп болатын шығар.
Мектеп жөндеуден өткізілгендіктен, оқушылардың оқуы мен жатын орны ойластырылған. Әлеуметтік жағынан жеткіліксіз қамтылған отбасыларындағы 150 оқушы “Балдәурен” сауықтыру орнына барып, демалып қайтты. Ауылда су, қуат көзі бар. Мұның бәрі бір ай ішіндегі қолға алынған жұмыс.
Ауылдың өзен жағындағы екі көше ауыстырылып, “Жасыл ел” жасақшылары оның орнына 5000 емен, қайың, терек, тағы басқа ағаш көшеттерін отырғызып, суарып, күтуде. Жас өскін бүршік атып, елді мекеннің ертеңіне деген сенімге бастауда.
Ақсу ауданындағы ардагерлер ұйымының төрағасы Нұрбек Сәрсенбайұлы “Ағайынның қадірін басыңа іс түскенде білесің деген” ғой. Көріп тұрсыздар, ауыл бірте-бірте жаңарып, аяғынан қаз тұрып келеді. Біреуге әңгіме керек. Бізге ел бірлігі, ендігі жұмыстың жүйелі болғаны керек. Алыпқашпа сөзге негіз жоқ. Өз жұмыстарына немқұрайды қарағандар заң алдында жауап береді. Қайырымдылық қорына түскен қаржы мен басқа да заттардың өз орнына жұмсалуы қатаң бақылауға алынған. Азық-түлік жеткілікті, содан ғой “мерзімі өтіп кетті” деген сөз де шығып жатыр. Бұл мәселені прокуратура тексерді, бірақ анықталмады, деді.
Қызылағаш ауылындағы жағдай осы. Тағы бір айта кететін мәселе – тасқын салдарынан зардап шеккен Егінсу, Ақтоған елді мекендеріндегі жарамсыз тұрғын үйлер бұзылып, тазартылуда. Құрылыс жұмыстары басталды. Осы күні “Спецавтоцентр Таврия” директоры Сергей Овсяниковтің демеушілігімен Егінсу ауылының тұрғыны, бірінші топтағы мүгедек Еркінбек Яхияға қоларба тапсырылды. Мұндай көмекке зәру жандарға деген қайырымдылық шараларын “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы әлі де жалғастыратындықтарын жеткізді.
Тұрғындарға сәл шыдамдылық керек...
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.
Суретте: Қызылағашта тұрғын үйлері бітуге таяу алғашқы көше.