Маңғыстау ауданында тұратын, бірі 104 және 100 жастағы тыл ардагерлері саяси науқаннан тыс қалмай, өз таңдауларын жасады.
Қанзия Сақауова 104 жаста. Жастайынан колхоз, совхоздың жұмысына араласып, елге қызмет етіп келген қария, елге пайдасы тигенін қалайды. Ал бірер күн бұрын 100 жасқа шыққан Ақілгек Құлбарақова «менің таңдауым – бейбітшілік», дейді.
Қос ғасырдың куәсі болған кейуаналардан дауыс үйлеріне барып алынды.
* * *
Парламент Мәжілісі пен мәслихат депутаттарының сайлауына Жетісу жұрты да белсенді дауыс беруде. Жалпы, Алматы облысы бойынша 1 400 038 тұрғын дауыс беруге құқылы болса, олардың 30 пайыздан астамы түске дейін дауыс берген. Сайлау күні 109 жастағы Алтынхан әже де өз таңдауын жасады.
Жетісудағы қарт сайлаушы Сарқан ауданында тұрады екен. Қарияның үйден дауыс беруіне жағдай жасап, көшпелі жәшік әкелген сайлау комиссиясының өкілдеріне батасын берген өңірдің қарт тұрғыны Алтынхан Белдеубай:
– Осындай бейбіт күнді халқымыз көп аңсады. Енді осы тәуелсіздікті бағалауымыз керек. Менің жасым жүзден асып кетсе де, ешқашан сайлаудан тыс қалған емеспін, сайлауға әр азаматтың баруы міндетті. Сайлауда еліміздің болашағы шешілетін күн, оған бейжай қарамаған жөн. Еліміз аман жұртымыз тыныш, әр отбасына береке-бірлік тілеймін, – деді.
* * *
Қызылорда облысы Сырдария ауданында тұратын 99 жастағы соғыс ардагері Яхия Тасыров сайлау учаскесіне өзі барып, таңдауын жасады. Маңызды науқанда қарт жауынгер аудан орталығындағы №155 сайлау учаскесінде алғашқы болып дауыс берді. Ардагер бұған дейінгі сайлау науқандарында да өз белсенділігімен көзге түсіп жүрген болатын.
«Сайлау – мемлекеттің әрбір азаматының өз болашағы үшін таңдау білдіру құқығы. Мен барлық сайлауда осындай белсенділік танытып келемін. Алғашқылардың бірі ретінде таңдау жасаймын. Бүгін де сол әдетімнен жаңылған жоқпын», деді Яхия Тасыров.
Майдангер қария саяси науқанның сәтті өтуіне ақ батасын берді. «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Яхия Тасыров 1922 жылы Сырдария ауданы А.Тоқмағанбетов ауылында дүниеге келген. Сталинград, Беларусь, Курск қалаларын, Польшаны азат етуге қатысқан. Майдангер 120 жауынгерден құралған автоматшылар ротасында болған.
Сұрапыл соғыс кезінде оң аяғына оқ тиген. Елге келгеннен кейін орта мектепте әскери даярлық пәнінен сабақ берді. Одан кейінгі жылдарда еңбегі Тереңөзек, Жалағаш аудандық май зауыттарында жалғасты. Беріде отын дайындау мекемесінде жұмыс істеп, 1981 жылы зейнеткерлікке шыққан.
Дайындағандар
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
Динар КЕРІМ,
«Egemen Qazaqstan»