Білесіз бе, жан иесі мәңгілікпен салыстырғанда өзінің азғантай ғұмырында бір мәрте жүрегі кеудесіне сыймай ашуланатын секілді. Себебі қуаныштар мен өкпе-реніштердің алма-кезек айқасында біреуінің ғана бәсі биік болып шығатыны рас қой. Ал егер сіздің сол алабұртқан күйіңіз уақыт объективіне ілініп қалса ше? Болашақ қатулы қабағыңызға қарап, сізге ғана емес, сол дәуірге де мінездеме берер еді. Біздің бұл ойымызға өзек болған атақты саясаткер Уинстон Черчилльдің мына бір сүгіреті.
Әр дәуірдің өзінің шарықтау шегі мен қорытындысы, қайшылығы мен бәтуасы, басты және қосалқы кейіпкерлері болады. Әркім сол дәуірдің тілінде сөйлеген сайын өзінің сүйікті тұлғасына тоқталмай кетпейді. Бәлкім біреулер оны теңі жоқ жайсаң да жарылқаушы етіп көрсетер. Бәлкім, тағы біріміз қателігін қазбалап, түкке тұрмайтын жағымсыз адамдардың қатарына қосармыз. Болмашы нақылы естіген жұртқа терең де өткір болып көріну де ғажап емес. Немесе керісінше, ел үшін еткен еңбегін жоққа тіркеушілер табылар. Яки, испан мақалындағыдай, әркім жәрмеңкені өзінің тапқан затына қарап бағалайтын болып тұр ғой.
Біз де бүгін тарих жәрмеңкесінен жолықтырған, 1945 жылы мамырда танымал «LIFE» журналының мұқабасына шыққан қабақ түйген Уинстон Черчилльдің суреті жайында айтпақпыз. Сол уақытта Ұлыбританияның даңқты премьер-министрінің ең танымал бейнесі миллиондаған плакаттарда, пошталық маркаларда, тіпті көшенің әрбір бұрышында ілініп тұрды. Қоғам сарабдал саясаткердің қабағына қарап, елдегі сыртқы және ішкі ахуалдардың өршіп тұрғанын аңдады. Еуропаны есінен тандыруға оқталған әсіре ұлтшыл Гитлердің үлкен майданға дайындалып жатқанын алдын ала сезген Черчилль ағылшын әскерінің қамсыз жатқанына қапаланып, талай мәрте газет беттеріне шулы мақалалар жазып, халыққа ескерткен-ді. Ақыры, айтқаны айдай келді. Енді ұрыста тұрыс жоқтығын қабағымен-ақ ұқтырған консерватордың қылығы ағылшындардың сенімін шыңдап, өзіне деген құрметін одан әрі арттыра түсті.
1941 жылы 30 желтоқсанда Ұлыбритания премьер-министрі іссапармен Оттава қаласына бас бұрады. Канада үкіметі 33 жастағы Юсуф Каршқа құрметті қонақты естелікке фотоға түсіруді тапсырады. Тәртіп бойынша, фото Черчилльдің Канада парламентіндегі сөзінен кейін түсірілуі керек еді. Әйтсе де, уақыттың тарлығын түсінген Карш кеңсеге жабдықты орнатып, алдын ала жарықты реттеп қояды. Содан кейін ол залға барып, өзінің кезекті моделін күтеді.
Тік тұрып баяндама жасаған Черчилль сөзін тәмамдаған бетте бірден кеңсеге тартады. Шаршаңқыраған қартаң саясаткерге фотосессия туралы ескертілмесе керек. Суретке түсу қажеттілігі ол үшін жағымсыз тосын сыйдың бірі болды. Сол сәтте ол фотографқа: «Сізде екі минут және бір кадр бар», деп орындыққа жайғасып, темекісін тұтатады.
Кубалық бренд La Corona сигарасының түтіні Карштың ойша салған фотосуретінің тұжырымдамасына кедергі келтіреді. Фотограф Черчилльден темекісін тастауды абайлап сұрайды. Бірақ ол жауап қатпайды. Берілген уақыт күйіп бара жатқандықтан Карш өзінен бұрын да, кейін де ешкімнің батылы жетпеген қадамға барады. Ол тұтанған шылымды премьер-министрдің аузынан жұлып алады да, лезде камераға қайта жүгіреді. Фотографтың әнтек әрекетіне Черчилль таңданып үлгергенше, оның ашулы әрі абыржулы қалпын объектив қағып алады. Бұдан кейінгісі сізге белгілі.
Жақсы өнім алу үшін күркіреген арыстанды орнынан тұрғызған Карштың туындысы жүз долларға бағаланып, портреттік фотосурет оған үлкен бедел әкеледі. Тіпті, Черчилльдің өзі қолын алып, жанкештілігіне разы болған. Ол ол ма басқа да саясаткерлер, жазушылар мен кино жұлдыздары фотоға түсу үшін алдында сапқа тұрады.
Біздіңше, бұл сурет ешқандай сәйкестік емес. Мінездегі парықтың аздығынан немесе адамгершілігінің төмендігінен, тіпті солай болмаған күннің өзінде де осыған ұқсас бірдеңелерге балап, Черчилльді айыптауымызға болар еді. Бірақ мұнымыз соқыр түйсіктен туған қораш пікірлердің жиынтығы іспетті көрінері хақ. Өзі арқылы ұлы саясаткер сол заманның мінезін беруге тырысты. Қатып қалған қағидаларды бұзып, саясатқа өзгеше ритм, бөлек бағыт алып келген тұлғаның түр-әлпетінен арпалысқа толы күндердің кескін-келбетін анық байқаймыз. Алып державалардың айқасында қарапайым тұрғындардың шеккен азабы, көрген қорлығы, жауына деген сес – бәрі көз жанарынан жанартаудай атқылап тұрғандай. Суреттің бірден даңққа бөленуі де содан...
Әсте ұлы картиналар, алып мүсіндер, салтанатты сарайлар уақыт сахнасынан түспей, жылдармен ілесіп мәңгіліктің көшін бастауға дағдыланған. Әйтсе де біз ең маңыздысын естен шығарған сыңайлымыз. Сол ғажайыптарды өмірге әкелген адамдардың ауыр азабы, қайғы-қасіреті, көз жасы, өлермен қарекеті хақында неге тарих жұмған аузын ашпайды. Күні бүгінге дейін тағдыры біз сияқты қарапайым емес, ерекше жаралған адамдар жайлы ғана айтуға бейілміз. Кішкентай адамдардың үлкен ерлігі ескерілмейді. Ал сөзге жорға Черчилльдің бұл орайда «біз үлкен оқиғалар мен кішкентай адамдардың дәуірінде өмір сүріп жатыр» деп айтатыны бар. Мемлекет қайраткері осыны меңзесе керек.
Мәселен, осы сүгіреттің авторы Юсуф Карштың еңбегін алып қараңызшы. Маңдай терін сарп етіп келген бүкіл өміріңнің тұнығы бір-ақ сәтте тас-талқан болатын ба еді? Бір мезетте бәрін құрдымға жіберу қандай қорқынышты. Жарты ғасырға жуық әлемдік саяси аренада үстемдік еткен мемлекет қайраткерінің аузынан қаймықпай сүйікті затын тартып алу шектен шыққандық емей немене? Оған қоса қонаққа деген құрметсіздігі үшін жауапқа тартылуы да мүмкін еді. Содан кейін қасықтап жиған абыройын ерінбей-жалықпай қайта түзуге төзімі жетсе де пенденің ғұмыры жете қояр ма екен? Қиғаш қадамдар үнемі жеңіс әкеле бермейді.
Осы мәнзелдес тағы бір мысал еске түсіп тұрғаны. Әлдебір жиында жергілікті фототілші өңір әкімін суретке түсірмекке оқталып, алды-артына шығып бәйек болады. Объективке объектісі жөнді ілікпей, әбігерге түскен фотограф амалсыздан: «Әкім мырза, осы тұрған қалпыңызда қатып қалыңызшы. Ұзыныңыздан түсірейін» деген екен. Қасындағы көмекшілері өре түрегелгенімен, шалақазақ әкім фото-тілшіге шаруасын тындыруға рұқсат беріпті. Шырт еткізіп, ұзынынан түсірген газет қызметкерінің суреті басылымның алғашқы бетінен жарық көреді. Фотографтың сөзі күлкілі һәм біртүрлі естілгенімен, нәтижесіне редактор да риза, әкім де разы. Өз ісіне адалдық деген осы болар. Айлакер Черчилль оны білмеді емес, білді. Білгендіктен де фотографтың қылығына көнді.
Хош. «Данышпан туындылар... құстың ұя тұрғызғаны секілді соқыр түйсікпен жасалады» демеуші ме еді француз философы Вольтер. Осылайша Черчилльдің суреті Екінші дүниежүзілік соғыстағы қаралы күндердің көңіл күйін бейнелеуімен мәңгі есте қалды. Черчилльдің қатулы қабағы – сол дәуірдің мінез-құлқы. Оны одан бөліп алып қарауға болмайды.