2021 жыл біз үшін ерекше. Осы жылы біз ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған, қасиетті Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына қадам бастық. Осы қасиетті жылдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің жетістіктерін ой елегінен өткізіп, бүгінгі таңда қоғамды алаңдатып отырған, әрбір қазақстандықтың көкейіндегі өзекті мәселелерді дөп басып, оны толық, жан-жақты түсіндіріп, алда тұрған мақсаттарды анықтап, шешу жолдарын көрсетіп берді.
Президент алдағы төртінші онжылдықтың басты міндеті дәл қазір ел күтіп, қоғам талап етіп отырған əділетті қоғам мен тиімді мемлекет құру екенін, кез келген істі əділдік қағидатын басшылыққа алып атқарсақ, мақсатымызға толық жететініміз туралы айтты.«Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен əрбір шешімді қабылдар сəтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың əлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы əділетті мемлекет дегеніміз осы», деп атап өтті Президент.
Қ.Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланғаннан бастап өзінің басты ұстанымы əділеттілік екенін, онсыз қоғам ешқашан дамымайтынын айтып келеді. «Əділеттілік салтанат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі. Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін өзі жоғалтып алумен бірдей. Сондықтан əділетсіздікпен мемлекет, қоғам, əр адам күн сайын бірігіп күресуіміз керек. Халқымыз айтқандай, «Əділет жолы – ауыр жол», бірақ ауыр болса да одан басқа тура жол жоқ», деген болатын Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында.
Қоғам əділеттілік салтанат құрғанда ғана жаңарады, дамиды. Қоғамда болып жатқан барлық келеңсіз жағдайлар: сыбайлас жемқорлық, байлар мен кедейлер табыстарының алшақтығы, ұлттық байлықтың теңдей жəне əділ бөлінбеуі, азаматтардың құқықтарының қорғалмауы, қолданыстағы заңдардың толыққанды орындалмауы биліктің жүргізген саясатының əділеттілігіне байланысты. Сондықтан да басты мəселе – қазақ қоғамының əділетті жолмен дамуында. Тəуелсіз еліміздің тұғырының биіктігі, мызғымастығы қоғамдағы əділеттілік деңгейімен өлшенеді. Еліміздің алға дамуы үшін келісім мен ынтымақ, ауызбіршілік керек екені бəрімізге аян болса, ол тек əділеттілік бар жерде ғана болады. Əділеттілік – тəуелсіздіктің темірқазығы. Әділетсіздік белең алған кез келген қоғам тығырыққа тіреледі, тоқырауға ұшырайды. Сондай жағдай орын алса, тəуелсіздігімізге қауіп төнеді, мемлекеттілігімізге деген сенім төмендейді, билікке наразылық күшейеді. Сондықтан əділетсіздікпен аяусыз күресу біздің басты міндетіміз болуы керек.
Мемлекет басшысы егемендігіміздің мәңгілік ұштағаны кең-байтақ жеріміз, қасиетті де, қастерлі тіліміз және барлық қиындықтан сүрінбей алып келе жатқан халқымыздың бірлігі туралы айта келіп: «біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз. Бізге осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бұл жер – ежелден қазақтың атақонысы, қастерлі мекені», деді. Еліміздің қауіпсіздігін нығайтудың негізгі шарттарының бірі ұлан-ғайыр шекарамызды шегендеу. Ол үшін шекара маңындағы шұрайлы жерлерді игеріп, агроқалашықтар салу, елді мекендерді өркендетіп дамыту, халық санын көбейту үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Шекара аумағын дамыту туралы арнайы заң, мемлекеттік бағдарлама қабылдап, оңтүстіктің жұртын солай қарай қоныстандыруға барынша қолайлы жағдай жасау, бұған қоса соңғы жылдары түрлі себептермен бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды солтүстік, шығыс өңірлеріне орналастырып, олардың тұрақтануына, кəсіпкерлікпен айналысуына жеңілдік жасап, көмектесуіміз қажет. Иә, бұлар стратегиялық өте маңызды əрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты өзекті мəселелер, сондықтан да оған кезекті науқан ретінде қарамай, арнайы мемлекеттік бағдарлама жасап, орындалуын қатаң бақылауға алу керек. Осы өңірлердің ауыл, аудан, қала, облыс әкімдерінің жұмыс нәтижелерінің өлшемі шекара аумағында халық санының өсуі мен олардың өмір сүру деңгейі болуы тиіс. Құрлықта да, теңізде де бекем бекітілген, бабалар аманат еткен қасиетті ұлан-ғайыр жерімізге ешкім көз аларта алмайтындай болуы керек. Жеріміз ешқандай шетелдіктердің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды деп қадап айтқан Қ.Тоқаев: «Аумақтық тұтастығымызға күмəн келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-əрекеттеріне ресми жəне қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болу қажеттігін тағы да баса айтқым келеді», деді.
Саяси реформаға тоқталып, оның бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес екенін, оны ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен жəне біртіндеп іске асыруымыз керектігін айтқан Мемлекет басшысы: «Бірақ реформаны соза беруге де болмайды. Билік халықтың алдындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн. Сол себепті біз ауыл жəне кент əкімдерін сайлауға көшеміз. Осы арқылы ең төменгі деңгейден бастап жергілікті өзін өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Бұл қадам өзекті мəселелерді тұрғындар мен жергілікті биліктің бірлесіп шешуі үшін қажет. Содан кейін аудан əкімдерін сайлаймыз. Жаңа жүйе өзінің тиімділігін көрсетсе, бұдан да жоғары деңгейдегі əкімдерді сайлайтын боламыз», деп әкімдер сайлауы басталғанын және оның төменнен жоғары қарай жалғаса беретінін мәлімдеді.
Президентіміз өз мақаласында бұрын айтыла бермейтін азаттық жолында құрбан болған Алаш арыстарының тарихымыздағы ерен еңбегін жастарымызға жəне бүкіл əлемге паш ету керектігі, миллиондаған адамды қазаға ұшыратқан, тірі қалғанын босып кетуге мəжбүр еткен алапат ашаршылық, азаттықтың ақ таңын жақындата түскен Желтоқсан оқиғасы сияқты тарихымыздың ақтаңдақ беттері əлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келе жатқандығы туралы айта келе, мұның бəрі біздің тарихымыз, ал тарихты дəріптеу – баршамыздың абыройлы міндетіміз, сол себепті ұлтымыздың өткеніне тəуелсіз көзқараспен қарайтын кез келгенін, ал тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізу қажеттігін атап өтті.
Президенттің мақаласын жіті қарап, оқып шықтым. Мақалада тәуелсіз еліміздің мүддесін қорғайтын, болашағын айқындап берген түйінді, батыл ойлар айтылған, халқымыздың, ұлтымыздың көкейінде жүрген өткір сұрақтарға нақты жауаптар берілген. Бұған дейін билік тарапынан халық көңілінен шыққан мұндай терең ойлар, идеялар ашық айтылған емес.
Мемлекет басшысының мақаласы мынау алмағайып заманда, елімізге жан-жақтан көздерін алартып, арандатушылық ақпараттар беріліп жатқанда, көпшілік билік не айтар екен, қандай бағыт ұстар екен, қандай реакция болар екен деп алаңдап отырған кезеңде, әрбір қазақстандықтың санасына сілкініс жасап, бағдар беретін, бағдарламалық құжат болды деп ойлаймын. Президентіміз айтқан «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген сөз әрқайсымыздың жүрегімізден орын алып, рухымызды асқақтататын ұранға айналуы тиіс.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
қоғам қайраткері