Бірер күн бұрын бізбен Күршім ауданының әкімі Дулат Қажанов хабарласты.
– Аудан тұрғындары үлкен қуанышқа бөленіп жатыр. Жақында ғана, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында аудан орталығы Күршім ауылында жабық жүзу бассейнінің құрылысы аяқталып, барлық санитарлық талапты сақтай отырып ашылу салтанатын өткіздік, – деді аудан әкімі Дулат Зайсанбекұлы.
Хош делік. Күршім ауданында бұқаралық спорт әу бастан жақсы жолға қойылған. Мұның себебін, аудан әкімі Дулат Зайсанбекұлының бала кезінен спортпен шұғылданып, футбол, жеңіл атлетикамен шұғылдануынан деп білген жөн шығар. Аудан спортын ұзақ жыл басқарған Зайсанбек Қажанов оны бала кезінен спортқа баулыды, жаттықтырды. Зәкең футболдан аудан құрамасын жаттықтырып, басқарғанда зайсандықтар қатарынан бес жыл бойы облыста чемпиондық атақты ешкімге бермеді. «Зайсан футболы» деген кітабында өңірдегі осы спорт түрінің тарихы жайлы кеңінен айтады.
Қазір мұнда Президент Жолдауында айтылған бұқаралық спортпен 8 мыңға тарта адам шұғылданады. Спортпен шұғылданушылар саны 31,8 пайызды құрайды. Аудан бойынша 199 спорт ғимараты, 35 спорт залы, 12 шайбалы хоккей қорапшасы, бірнеше стадион, спорт кешендері жұмыс істеп тұр. Енді міне, жабық жүзу бассейні ел игілігіне берілді.
Күршімдіктер қуаныш құшағында. Аудан әкімі Д.Қажанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Ақтекенов, спорт саласының зейнеткері Н.Бобылева, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Н.Қайыров құттықтау сөз сөйлеп, салтанатты түрде жаңа нысанның лентасын кесті. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған 5 жүзу жолақты жүзу бассейн ғимаратында сауна, тамақ ішетін бөлме (буфет), жаттығу залы бар. Аталған нысан жүзу спортын дамытып, халық игілігіне айналар деген ойдамыз.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
ардагер журналист
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы