Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс – кез келген халықты алаңдататын мәселе. Оның себебі бүгінгі жасөспірімдер елдің, ұлттың ертеңгі болашағы екендігінде. Міне, осы салада ұзақ жыл қызмет еткен Шымкент қалалық Полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Дәулеткелді Әбдірамановтың еткен еңбегі көпке үлгі. Өмірін ел тыныштығына арнаған азаматтың айтуынша, 2020 жылдың 10 айында департамент тарапынан кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында бірқатар іс-шара қабылданған.
«Қылмыстың алдын алуда әуелі жалпы тәрбие, оның ішінде құқықтық тәрбие негізгі құрал болып есептеледі. Сондықтан да жастарға өз дәрежесінде жеткілікті құқықтық тәрбие беруді дұрыс жолға қою үлкен жұмыс. Өйткені, құқықтық тәрбие жастар мен жасөспірімдердің бойында құқықтық талаптар құрметтеу сезімін қалыптастырып, азаматтардың санасына құқық пен міндеттің бірлігін сезіндіреді. Олардың өздерін дұрыс ұстап, әсіресе кәмелетке жасы толмағандар арасындағы қылмыстық әрекеттерінің алдын алуға мүмкіндік туғызады», дейді Д.Әбдіраманов
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету бойынша 2020 жылы «Жасөспірім» іс-шарасының 2-кезеңі, «Түнгі қаладағы балалар» және «Қауіпсіз мектеп» жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізіліпті. Сонымен қатар мүдделі орган өкілдерінің қатысуымен түнгі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді екен.
Қабылданған іс-шаралар нәтижесінде, өткен жылдың 10 айы көлемінде түнгі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында болған 58 жасөспірім, ал түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде болған 2 мың 832 жасөспірім анықталған. Нәтижесінде, ата-анасының бақылауынсыз жүрген 259 жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Құқық бұзушылыққа бейім 234 жасөспірім және кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу бойынша өз міндеттерін орындамайтын 112 ата-ана Ішкі істер органының есебіне қойылды. Қабылданған іс-шаралар нәтижесінде, 2020 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар 17,2 пайызға төмендеген.
«Жасөспірімдерді қылмыс жасауына отбасындағы қолайсыз жағдай, сабаққа бармау, тәрбиелік жұмысты аз жүргізу, интернет желілерін дұрыс қолданбау, өздерінің құқықтарын дұрыс білмеу факторлары жиі әсер етеді», дейді Дәулеткелді Әбдіраманов. Сала білгірінің айтуынша, аталған қылмыстың алдын алуда ата-ана, мектеп, қоғам, құқық қорғау мекемелері мамандарымен бірлескен тәрбиелік сипаттағы шаралары көптеп ұйымдастырылуы керек.
ШЫМКЕНТ