• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Тарих 13 Қаңтар, 2021

Қуғын-сүргін және күн тәртібі

702 рет
көрсетілді

Кеңестік тоталитарлық режімнің зорлық-зомбылығын әшкерелеу және салдарын жою Сталин өлгеннен кейін басталды. Әлі жалғасып келеді. Бұл түсінікті де. Біріншіден, кеңестік билік 74 жыл өмір сүрді. Сонша уақыт бойы өзі қабылдамаған, қатерлі санаған кез келген құбылысты, ой-пікірді, тұтас таптар мен топтарды, олардың рухани-материалдық қазынасы мен мұрасын аяусыз таптаумен, қуғындаумен, жоюмен айналысты. Діттеген мақсаттарына жетті де. Кулактарды, байлар мен жартылай феодалдарды жоюы аграрлық экономика мен әлеуметтік салаға орны толмас зиян әкелгенін енді ғана ұғынудамыз. Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң, деген халықпыз ғой. Өткеннің қателігін түземей, дұрыс болашақ құру мүмкін емес.

Екіншіден, қайғының үлкені – өлім. Ал өлім әділетсіздікпен, зорлықпен келсе, еш кінәсі жоқ жазықсыз жандар, ұрпақтары, туған-туыстары қудаланса, қыл­мыстың ауырлығы арта түспей ме! «Үлкен террор» тұсында Қазақстанда 125 мың адам сая­си қуғын-сүргінге ұшырады,  олардың 25 мыңы атылды деп жүрміз. Шынтуайтына келгенде, Сталин билеген дәуірде тірідей немесе өлідей қудаланғандар саны бұдан 40-50 есе көп. Себебі әрбір «халық жауының», шаруалар көтерілісіне қатысушының 15-20 жақыны сергелдеңге түсті. Бұларға зорлықпен жер ауда­рылғандарды қосыңыз. Демек, толық ақтауға жататындар саны Қазақ­станда 5-6 миллионнан кем емес. Ендеше күн тәртібінде өтел­меген ұлан-ғайыр міндет тұр.

Үшіншіден, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша бұған дейін де аз жұмыс атқа­рылған жоқ. Оның үш толқынын білеміз. Бірінші толқынды Берия туындатты. Бірақ ол ұзаққа созылмады, құқықтық рәсімделмеді. Хрущев пен Горбачев дүниеге әкелген екінші және үшінші толқындар Қылмыстық кодекстің 58-бабымен атылғандар мен сот­талғандарды қамтыды. Үшін­­ші толқын аясында Алаш арыс­­тарының ақталуы қазақ қоғамының рухын көтергенін, санасын жаңғыртқанын ерекше айтуымыз керек. Бірақ түрлі саяси себептермен ақтауға жатпайтын баптар сақталып қала берді.

Биылғы жыл қиыншылық­тарға толы болып тұр. Соған қарамастан ерте көктемде ашар­шылық және саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын еске алу күні қар­саңында Қазақстан Прези­денті Қ.Тоқаевтың жазықсыз жазаланғандарды толық ақтау ісін жалғастыру керектігін күн тәр­тібіне қоюы – ерлік пен көре­гендіктің нағыз өзі. Қазір­дің өзінде президенттік бас­таманың екі ерекшелігі көзге тү­суде: біріншісі – фашизмнің қыл­мысымен пара-пар кеңестік тоталитарлық қылмыс ақиқатын ашу­ға еш жалтақсыз, саясилан­дырмай кіріскеніміз. Тәуел­сіздігіміздің қымбат қыры – осы; екіншісі – ақтаудың қа­зақ­стандық толқыны толық ауқымда жүретіні. Бұрындары «контра», «контрреволюция» айдарларымен жүзеге асқан таптық, идеологиялық шектеу­лер жұлынып тасталды. Жалпы­адамзаттық құндылықтар алға шы­ғарылды.

Қазақстан Президентінің тап­сыр­масы бойынша құрылған мем­лекеттік комиссияның ал­ғаш­қы отырысы Мемлекеттік хат­шы Қ.Көшербаевтың төраға­лығымен өтіп, күн тәртібі мен міндеттер пысықталды. Көп мә­селе айтылды, бірақ айтылмай қал­ған дүниелер де баршылық. Мем­лекеттік комиссияның мү­шесі ретінде солардың кейбіре­уіне назар аударуды жөн санадым.

Қазақстанда орын алған қу­ғын-сүргіннің кем дегенде екі ғасырлық тарихы бар. ХІХ ғасыр­дағы Исатай мен Махамбет те, Ке­несары мен Наурызбай да, ХХ ғасырдағы Аманкелді мен Бек­болат та, Қайрат пен Ләззат та қу­ғын-сүргін құрбандары. Небір алапатқа төтеп берген, мың өліп, мың тірілген қазақтың жоғалып кетпегенін немен түсіндіруге болады? Ендеше, ғаламдық қа­сіреттің ақиқатын ашатын мем­лекеттік ме­кеме қуғын-сүргін мәсе­лелері ғы­лыми зерттеу институтын құру өмір талабы. Институт ашар­шы­лық, бұзылған демократия мен эко­­логия, орталықтың саяси-идео­ло­гия­лық өктемдігі зардаптарымен де айналысары сөзсіз. Мұнсыз ұлт­­тық кодты қалып­тастыру, құр­бан­­дарды толық ақ­тау қиынға со­ғады. «Толық ақтау» ұғым-түсінігі заң­ды тұлғаның адал есімін қайтарумен шектелмеуі керек. Соның аясында қуғын-сүргінге жол ашқан ресми құжаттарды (пар­тиялық, үкіметтік, құқықтық, т.б.) заңсыз, адамзатқа қарсы деп танып, күші жойылғанын жа­һанға жариялау болашақ үшін тірілер үшін аса маңызды. Бұл істі тиянақтаудың екі жолын кө­ріп тұрмын. Бірі – үдерісті бас­тауға рұқсат іспетті базалық ше­шімді анықтап, күшін жою, одан туындаған нұсқаулар, ережелер жеке-жеке аталмаса да, заңсыз екенін ескерту. Екіншісі – қуғын-сүргінге қатысты әр­бір құжатты сараптамадан өт­кізу міндетін мойынға алмау. Ойы­мыз түсінікті болу үшін нақты мысалға жүгінейік. 1928 жылғы 27 тамызда Қазақ Орталық ат­қару комитеті мен Халық комис­сарлар кеңесі «Аса ірі бай ша­руашылықтары мен жартылай феодалдарды кәмпескелеу және жер аудару туралы» заң қа­былдады. Науқан 2-3 ай ішінде аяқталды. Бірақ түрлі деңгейде қа­былданған құжаттарда қисап жоқ. Соның әрбіреуін сараптап отыратын болсақ, кемі он жыл уақыт керек болар, сірә. Ең маңыздысы – бас құжат та, кейінгі қосымша құжаттар да тоталитаризмнің табиғатымен үндесіп жатқандықтан қуғын-сүргінді уағыздайды. Шоқай айыптаған легитимді емес боль­шевиктік билікке шаң жұқ­тыр­майды. Түптеп келгенде, кәм­песке аграрлық экономиканы қарыс-сүйем ілгерілеткен жоқ. Мың­даған отбасын ойрандады. Белгілі тарихшы-ғалым­дар Т.Омарбеков пен Ф.Қозы­бақова жазғандай, қазақ байларын тәркілеу 1929 жылы бас­талған күшпен ұжымдастыру сая­сатының алғышарты болды. Ұжым­дастыру тұсында зорлық-зом­былық шектен шықты. Үл­кен эксперименттің авторы да, қоюшысы да Кремльде отыр­­ғанын, қазақстандық би­лікке қуыршақ мәртебесі ғана берілгенін 30-жылдарғы қасірет толық әшкереледі, 1986 жылғы желтоқсанда тағы көз жетті. Бұ­ған кім шыдап отырсын. Ұлт азат­тығы мен намысы үшін қо­лына қару алғандар, көтеріліске, қар­сыласуға шыққандар, ұйым немесе бірлестік құрғандар, үгіт-насихат жүргізгендер, олардың ұрпақтары мен жақындары, егер қуғын-сүргінге тап болса, то­лық ақталғаны жайлы заңмен рәсімделгені жөн. Қуғын-сүргінмен, ашаршы­лықпен, тағы басқа қысыммен таяу-алыс шетелге кеткен, сонда НКВД-ның қанды шеңге­ліне іліккен қазақтарды то­лық ақталғандар санатына жатқы­затын уақыт келді. Бұл қазақ диаспорасына тарихи Отанына шақырған шешімнің заң­ды жал­ғасы болып табылады. Өзін сый­лағанды өзгелер де сыйлайды. Қуғын-сүргін қазаққа ған­а қатысты емес. Ол ұлттық бағ­дар – таңдаумен жүргізіле қал­ған­да, тоталитаризмнен асып түсетін нацизмге айналар еді. Қазақстандағы қуғын-сүргіннің мәнді ерекшелігі көпұлтты сипатта өрбігенінде. 50-жылдар соңындағы Теміртауда, 60-жылдардағы Шымкентте, 70-­жыл­­дардағы Целиноградта орын алған көтерілістер әлеу­мет­тік әділетсіздіктің асқы­нуы­ның нә­тижесі. Олар да жаппай жаза­лау­мен, кінәлі-кінәсізді сотқа сүй­реумен аяқталды. Ақ-қарасын анық­тап, қосақ арасында кеткендер енді ақталуы керек. Мәселенің үлкені – Ұлы Отан соғысы жылдарын­да тұтқынға түскендер мен «Түркістан легионында» болғандар. Бұларға жағылмаған жала, тағылмаған кінә жоқ. Әлі күнге дейін айыптаушылар бар. Шындығында солай ма? Жоқ! Өйткені тоталитаризм мен фашизмнің арасына теңдік белгісін қою керектігін қазір ұғындық. Бір емес, екі тозаққа күйген жандарды айыптау әділдікке жатпайды. Сол себепті бұлардың бәрі, егер қуғындалғандары болса, ешқандай шарт қоюсыз толық ақ­талуы керек. Қазақстанға, оның аумақтық тұтастығы мен ұлт­тық қауіпсіздігіне сатқындық жаса­ғандар ақтала алмайды. Тап осын­дай күрмеуі күрделі істің ше­шімі бар екенін Ресей жағы көр­сетіп отыр. Орыстың әйгілі шахматшысы, әлем чемпионы А.Алехин соғыс жылдарында­ фашис­тік нәсілдік теорияны­ қол­даған мақалалар жазғаны бел­гілі. Оның бәрі ендігі дау-дамайсыз ұмытылды. Ресей тарихына Алехин жағымды кейіпкер бейнесінде енді. Қазақстаннан тыс ай­мақ­­тарда қабылданған шешім­ге сәйкес қазақ жеріне депор­тация­ланған, қоныс аударған, күш қол­дануға ұшыраған бас­қа ұлт өкіл­дері сол шешімді қабыл­даған елдің құзыретті органдары арқылы ақталады. Кейбір мәліметтер бо­йынша, көрмеген қорлығы жоқ бұлардың ұзын саны 1.5-2 млн адам шамасында. Қазақстан бөтен елдің ішкі ісіне ешқашан араласпайды. Бірақ осы бағыттағы әлемдік тәжірибені игермей де тұрмаймыз.

Түйіп айтсақ, кеңестік қу­ғын-сүргін құрбандарын толық ақтау – тоталитарлық режім мен мұра­сынан біржолата қол үз­ген сәттің салтанаты. 1991 жылғы 16 желтоқсанда бастал­ған ұлы бетбұрыстың жұлдызды жалғасы. Ол жыл өткен сайын тереңдей түсуін, күн тәртібінен түсіп қал­мауын тілейік. Арандату­шылар да бар. Ақыл мен қайратқа сүйе­нейік.

 

Ханкелді ӘБЖАНОВ,

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі,

ҰҒА академигі