Биылдан бастап Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) төрағалық етеді. Бес мемлекеттің басын біріктіріп отырған экономикалық ұйым арасындағы алыс-беріс қалай жүрді? Одақ аясында Қазақстан өз мүддесін лайықты қорғай ала ма?
– Еуразиялық экономикалық одақтың жарғылық органдарында төрағалық ету жаңа жылдан бастап Беларусь мемлекетінен Қазақстанға өтеді. Біз 2021 жылы одақ туралы шартты толыққанды жүзеге асыруды, кедергілерді жоюды, өзара тиімді кооперациялық және халықаралық ынтымақтастықты дамытуды, комиссияның кадрлық құрамын қалыптастыру процедурасын жетілдіру, оның қызметі мен жауапкершілігін күшейтуді негізгі басымдық ретінде жоспарлап отырмыз, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр желтоқсан айындағы отырыс кезінде.
Одақ аясында өткен алты жылда бес мемлекет арасындағы алыс-беріс артты. 2020 жылдың көрсеткіші бойынша, Қазақстан Ресейге 3,9 млрд доллардың тауарын экспорттаған. Бұл 2014 жылдың қаңтар-қазан айларымен салыстырғанда 26,4 пайызға аз деп жазады отандық LS порталы. Тасымалданған тауарлардың негізгілері – металл рудалары, табиғи уран, темір, табиғи газ және басқалар. Ресей өз кезегінде Қазақстанға 10,7 млрд доллардың тауарын тасыған. 2014 жылмен салыстырғанда тасымал көлемі 6,8 пайызға азайған. Ресейден бізге келген тауарлар ішінде табиғи газ, алтын, көлік құралдары, шанақтар, құнды металл рудалары бар.
Көршілес Қырғыз Республикасы экономикалық одаққа 2015 жылдың 12 тамызында қосылды. Былтыр Қазақстан Қырғызстанға 452 млн доллардың тауарын жеткізген (23,5 пайызға аз). Негізінен біздің елден көрші елге темекі, ұн, бидай, табиғи газ, тас көмір, табиғи уран апарылады екен. Қырғызстаннан Қазақстанға тауар импорттау алты жыл ішінде 33,7 пайызға дейін төмендеп кеткен. 2020 жылдың 10 айында 203 млн долларға дейін жетті. Көбіне біздің ел Қырғызстаннан әйнек өнімдері, нан және сүт өнімдерін сатып алады.
Қазақстаннан Беларусияға тасымалданатын тауар құны 2020 жылдың 10 айында 6,3 пайызға көбейіп (2014 жылмен салыстырғанда), 54,5 млн долларды құраған. Тізімде мұнай өнімдері, мұнай газы, алюминий, темір бұйымдары, мақта, көмір, қалдықтар, мыс сынықтары және тыңайтқыштар бар. Өз кезегінде Беларусиядан Қазақстанға қант, сүт өнімдері, трактор, колбаса, дәрі, жиһаз, пластмасса бұйымдары мен шиналар жеткізілген. Оның жалпы құны 526,7 млн долларды құрайды. Жеткізу 2014 жылмен салыстырғанда 10,1 пайызға төмендеген.
Қазақстанның Армениямен сауда-саттық мөлшерін алдыңғы үш мемлекетпен салыстыруға келмейді. Десе де аздап экспорт және импорт мөлшері бар. 2020 жылдың 10 айында Армения Қазақстаннан 8,2 млн долларға тауар сатып алған. Бір қызығы, бұл сома 6 жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда 25 есе көп екен. Негізінен армяндар Қазақстаннан ауыл шаруашылығы жануарларын, қара металл бұйымдарын, темір бұйымдары, мұнай газын сатып алады. Армениядан импортталатын тауар көлемі 5,1 пайызға азайып кеткен. Былтырғы көрсеткіш – 5,8 млн доллар. Көбіне ол жақтан біздің елге спирттік ішімдіктер, әшекей бұйымдар, дәрі-дәрмек пен пластмасса бұйымдары келеді.
Биылдан бастап қолданысқа енетін ереже бойынша, ЕАЭО аясында тауар айналымы кезінде импорттаушылар бір мезгілде кедендік декларацияда өздерінің тауарларының преференциалды емес және жеңілдетілген шығу тегі туралы мәліметтерді көрсете алады. Сонымен қатар 2021 жылдың 31 наурызынан бастап транспорттық құралдардың электронды паспорт жүйесі енгізіледі. Қазірдің өзінде Ресей аталған жүйеге толықтай көшкен. Енді оны өзге елдер қолданысқа енгізуі керек.
Сондай-ақ ЕАЭО 2021 жылдан бастап сүт өнімдерін таңбалауды да жоспарлап отыр. Аталған шараны бастау мерзімі өнім түріне байланысты 1 маусымға дейін таңбалау шарасы сыр мен балмұздаққа қолданылса, 1 қыркүйекке дейін сүт, кефир, йогурт, сүзбе өнімдері, 1 желтоқсанға дейін 40 тәулікке дейін сақталатын сүт өнімдері таңбалануы керек.
Экономикалық көрсеткіштер бойынша Қазақстанның жағдайы керемет деп бағалауға келмейді. Әзірге біздің ел инфляция бойынша нашар көрсеткішке ие (бізден кейін тек Қырғызстан орналасқан). 2020 жылдың қараша айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы жылдық инфляция 7,3 пайыз болды. Бұл көрсеткіш Қырғызстанда – 8,2, Беларусияда – 6,6, Ресейде – 4,4, Арменияда – 1,6 пайыз. Сондай-ақ Қазақстан азық-түлік тауарларының қымбаттығы жөнінен де алға шығып кеткен.
Үкімет басшысы Асқар Мамин Қазақстан ЕАЭО аясында өзінің ұлттық мүддесін лайықты қорғай алып отыр деп есептейді.
– Елдер интеграциялық процестерден максималды пайда алуға тырысады, көбінесе ішкі бизнесті қорғау мақсатында өз міндеттемелерін бұзады. Мұндай жағдайлар үшін ЕАЭО заңнамасында бизнесте кездесетін кедергілерді жоюға бағытталған қажетті құралдар қарастырылған. Мәселен, 2016 жылдан бері ЕАЭО аясында 65 квалификациялық кедергінің 54-і жойылды. Сондай-ақ қазақстандық тауарлардың серіктес елдер нарығына баруы үшін ұлттық деңгейде және ЕАЭО органдары аясында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр, деген еді А.Мамин былтыр депутаттық сауалға жауап беру кезінде.
Сонымен қатар былтыр 19 мамырда өткізілген ЕАЭО басшыларының отырысы кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін бірқатар тиімсіз бастаманы атап көрсетіп, бұл қателіктер 11 желтоқсан күнгі отырысқа дейін түзетілген еді. Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, әу баста ЕАЭО-ның даму стратегиясында Қазақстанның экономикалық мүддесіне сай келмейтін бастамалар көп болған.
– Қазақстандық тарап Қазақстан Республикасының мүдделеріне қайшы келетін нормаларды стратегиядан алып тастауға және одақ шеңберінде Қазақстанның экономикалық мүдделерін ілгерілететін бастамалардың енгізілуін қамтамасыз етуге қол жеткізді. Қазақстан сондай-ақ Стратегияға мүше мемлекеттерде мемлекеттік сатып алуларды толық цифрландыру бойынша іс-шаралар кешенін әзірлеу бастамаларын енгізуді қамтамасыз етті. Қазір Қазақстанда ғана мемлекеттік сатып алу электронды форматта жүзеге асырылады. ЕАЭО серіктес елдерінде осы саланы толыққанды цифрландырудың болмауы біздің жеткізушілеріміздің осы мемлекеттердің мемлекеттік сатып алуларына қатысу процедурасын қиындатады. Сондықтан бұл мәселені шешу біз үшін түбегейлі маңызды, – деген еді Б.Сұлтанов.
Биылдан бастап ЕАЭО-ға мүше елдердің кез келген азаматы өзі жұмыс істеген одақ елдерінің үкіметінен зейнетақы алуға құқылы. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңға былтыр желтоқсан айында қол қойды. Заң бойынша еңбекшінің құқығы өзі жұмыс істеген елдің азаматымен теңеседі. Әр мемлекет өз аумағында жұмыс істеген шетелдік азаматқа зейнетақы төлеуі тиіс. Егер бір азамат өзге төрт мемлекеттің аумағында да жұмыс істесе, онда сол төрт мемлекеттен де жұмыс істеген мерзімдеріне сәйкес зейнетақы алады. Алдағы уақытта ЕАЭО мүше мемлекеттердің несие деректерін де біріктіруді жоспарлап отыр. Бұл өзгерістердің Қазақстанның экономикалық мүддесіне келтірер пайда-залалын алдағы уақытта таразылаймыз.