Жақында қазақ елінің бас газеті – «Egemen Qazaqstanda» Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарияланғаны белгілі.
Қазақ елі Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған концептуалды мақаланы оқығанда, біз оны жаңа сөз, мәндік тұрғыдан әділетті мемлекет философиясы деген ой түйдік. Бұл еңбек – Тәуелсіз Қазақ елінің көкжиегі көркем жаңашыл танымы. Дала данышпандары Әл-Фараби мен Абай арманының шынайы дәстүрлі жалғасы. Әділетті мемлекет орнату – адамзат баласының ерте дәуірден бергі басты арманы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласындағы басты ұғым – әділеттілік. «Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, халықтың тұрмысын жақсарта алмасақ, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы», дейді мақаласында Қ.Тоқаев.
Әділеттілік – қазақ философиясындағы метаұғым. Оны дала данышпандарының мың ғасырлық танымы негіздейді. Осы тұрғыдан алғанда, мақаладағы әділетке құштарлық алтын тамыры үзілмеген ғасырлық дәстүрдің шынайы жасампаз жалғастығы деп айта аламыз.
Қасым-Жомарт Кемелұлының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласының өзектілігі сонда, ол – мәні терең он метаұғым аясында методологиялық жүйе құрайды, олар: тәуелсіздік пен тұлға, бағдар мен белес, таным мен тағылым, қоғам мен құндылық, ұлағат пен ұстаным.
Тәуелсіздіктің құны, өткен мен болашақ, қазіргі шақтың мәні – осы ұғымдар мақалада кең ауқымды түрде талданып берілген. Мақаланы оқып, ой қорытсақ, баршамыздың алдымызда қандай жауапкершілік тұрғаны айқын көрінеді.
Мемлекет басшысы мақаласында тәуелсіздігіміздің өткен жылдарын реминисценциялық тұрғыдан үш онжылдыққа жүйелеп, дәуір мен ғасырға бергісіз жетістіктерді жүйелі талдай келіп, алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндетін ашып көрсеткен. Ол: «қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет», дейді Президент.
Қорыта айтсам, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс. Тәу етер тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтайық!
Тұрдықұл ШАҢБАЙ,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры
Шығыс Қазақстан облысы