Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мал ұрлығының алдын алу шаралары және олардың тиімділігі туралы хабарлады.
Соңғы 5 жылда еліміздің барлық өңірінде мал ұрлығының төмендеуі байқалады. Мәселен, 2015 жылы 8 мың қылмыс болса, 2016 жылы – 7,3 мың (8%), 2017 жылы – 6,4 мың (13%), 2018 жылы – 5,6 мың (12,4%), 2019 жылы – 4,7 мың (15,2%) факті тіркелген. Осылайша, 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін мал ұрлығының саны 40%-ға төмендеді. Пандемияға байланысты енгізілген карантиннің нәтижесінде мал ұрлығы тағы екі есеге азайды. Десек те, бұл мәселе әлі де өзектілігін жоймай отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мал ұрлығымен күресті күшейтуге ерекше назар аударды. Мал ұрлығының алдын алу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бірлескен меморандум қабылдады. Құжатқа сәйкес ведомствоаралық арнайы топ құрылып, заң шығару саласында бірлескен жұмыс атқарылды, техникалық және ақпараттық қолдау жолға қойылды, ветеринарлық талаптарды, малды сәйкестендіру тәртібін және ауыл шаруашылығы жануарларын тасымалдау қағидаларын түсіндіру бойынша және т.б. іс-шаралар жүргізілуде.
Шаруа қожалықтар басшылары және тұрғындармен мал басын сәйкестендіру (биркалау, электронды чиптер, GPS-бақылау және т.б.), мал жаю мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Сондай-ақ сауда орындарының, мал базарларының қызметі нормативтік-құқықтық талаптарға сәйкес тексерілуде. Мал ұрлығының алдын алудың пәрменді шарасының бірі – Қазақстанда міндетті болып табылатын ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жұмыстары. Бірінші кезекте, ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру базасы – әр жануарға бақылау жүргізуге және ауруларға қарсы ветеринарлық екпелерді бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар малды тіркеу жүйесі ұрланған малды сатуды қиындатады. Бүгінде облыстар әкімдіктерінің ветеринария басқармаларының есептері бойынша республика көлемінде барлық мал басы сәйкестендірілген.
Мал ұрлығына қарсы тиімді шараның тағы бірі, ол – Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің республиканың барлық өңірлерінде «ішкі ветеринариялық бақылау» бекеттерін орнату бастамасы болды. Олар мал мен ет өнімдерін ілеспе құжаттарсыз тасымалдайтын көліктерді белсенді түрде анықтауда. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен мемлекеттік шекара бойында агроөнеркәсіптік кешен өніміне мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын Қазақстан-Ресей учаскесінде – 28, Қазақстан-Қырғыз учаскесінде – 4 ветеринарлық-бақылау пункті орнатылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ведомстволар бірқатар жаңа, оның ішінде заңнамалық сипаттағы шаралар қабылдады. Мәселен, Қылмыстық кодекске 188-1 «мал ұрлығы» бабы енгізілді. Аталған бабқа сәйкес, мүлкін тәркілей отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бұл ретте мал ұрлығы ауыр қылмыстар қатарына ауыстырылды, бұл тараптардың татуласуы арқылы жауапкершіліктен қашу мүмкіндігін жоққа шығарады. Ұрлықтың басым бөлігі малды еркін жаю кезінде болғандықтан, министрлік тарапынан ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың үлгілік қағидалары бекітіліп, жергілікті атқарушы органдарға жіберілді. Өз кезегінде қағидаларды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. ІІМ ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомстволық бағдарламаны бекітті, өңірлерде үлгілік жоспар бойынша мамандандырылған жедел-іздестіру топтары құрылды.