• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Әлем 14 Қаңтар, 2021

Postcapitalism

379 рет
көрсетілді

Капиталистік өндіріс күштерінің даму үдерістерінің ғылыми негіздерін ұзақ жылдар бойы зерттеген Карл Маркс капиталистік жүйенің қозғаушы күші мен негізгі заңы қосымша құн екенін дәл анықтап қана қоймай, әлгі жүйенің жаһандық экономиканы әлсін-әлсін алапат дағдарыстарға ұшыратынын да, тіпті түптің түбінде ол жүйенің орнына жаңа заманға лайық жетілдірілген заманауи жүйелердің келетінін де, сондай-ақ қоғамдық және еңбек саласындағы қарым-қатынастардың да мүлде жаңаша өрбитінін күні бұрын болжап қойған сыңайлы.

 

Өйткені ғұлама ғалымның 1867 жылы жарық көрген «Капитал» атты туындысы XIX ға­сырда да, XX ғасырда да, енді міне, үстіміздегі XXI ғасыр­да да өзінің өміршең ілім екенін үнемі дәлелдеумен келеді. Сосын, Маркс ілімінің негізсіз еместігіне жоғарыда аталған дәуір­лерде де, сол сияқты бүгін­гі таңда да әлемдегі ең алпауыт капи­талистік мемлекеттерде орын алып отырған жойқын эко­но­микалық дағдарыстар мен олар­дың алапат салдары дәйекті дәлел бола алады.

Мәселен, дәл сондай нақты дәлел­дердің бірі  британдық кәсі­би журналист әрі геосаясаткер Пол Мейсонның (Paul Mason) 2015 жылы жарық көрген «Посткапитализм» («Postcapitalism») атты құнды туындысы десек, артық айтқандық емес. Зерделі автор бұл еңбегіне арқау болған терең ғылыми-зерттеу жұмыстарын 2009 және 2012 жылдары жарық көрген «Meltdown» («Күйреу») және «Why It’s Kicking Off Everywhere: The New Global Revolutions» («Жаңа жаһандық революциялар: неге күллі әлемде туындап жатыр?» атты шығармаларын баспаға даярлау кезінде-ақ қолға ала бастағаны анық байқалады.  

Айтса-айтқандай-ақ, Пол Мейсонның «Посткапита­лизм» атты туындысы «Penguin Random House UK» компаниялар тобының баспаханалар торабы арқылы Ұлыбритания, АҚШ, Исландия, Аустралия, Үндістан, Жаңа Зеландия және Оңтүстік Африка мемлекеттерінде 2015 жылы жарық көрген бойда-ақ, әлем оқырмандарының назарына бірден ілігіп, ең таңдаулы шығармалардың бірі ретінде танылған болатын. Өйткені Пол Мейсонның зерттеу жұмысының басты нысанасы – капитализм­­нің кешегісі мен бүгінгі болмы­­сын сипаттау ғана емес, ең алдымен сол жүйенің көзге бірден көріне бермейтін кемшіліктері мен көлеңкелі астарын дәлелді дәйектермен айшықтап көрсету. Бұл біріншіден.

Екіншіден, автордың бұл іргелі туындысына түрткі болған ең басты себеп 2008 жылы АҚШ-та несие саласында кенеттен бұрқ ете қалған алапат дағдарыстың өзі ғана емес, сонымен қатар әлгі алапат рецессияның жұқпалы індет секілді әлем экономикаларына да жаппай таралып кеткені болатын.

Үшіншіден, автор айтпақшы, жаһандық капиталистік жүйе­нің іргетасын шайқалтқан әлгі қаржы-экономикалық дағдарыс бірден әлеуметтік дағдарысқа ұласып, ендігі жерде әлемдегі ең іргелі банктер мен қаржы институттарына  да үлкен қауіп төндіре бастаған еді. Міне сондықтан да, әлгі алапат апаттың алдын алу үшін, ең бірінші болып АҚШ, содан соң әлемнің оза дамыған өзге капиталистік мемлекеттері де өздерінің көшбасшы банктері мен  хедж-қорларын, сондай-ақ заң фирмалары мен консалтинг компанияларын әлгі дағдарыстан құтқарып қалу үшін бар күштерін салып, оларға триллиондаған доллар құйған болатын. Дәл сондай қарбалас әрекетті жаһан­дық капиталистік жүйенің ажыра­мас бөлігі болып табылатын өзге мем­лекеттермен қатар біздің елі­міз де іске асырған-ды.

Төртіншіден, Пол Мейсонның аталмыш туындысы автордың тек кәсіби журналист қана емес, сонымен қатар терең ойлы сая­саткер әрі кәсіби қаржыгер дең­гейіне көтерілген өте өрелі әрі еңбекқор азамат екенін де қоса дәлелдейді. Өйткені Пол Мейсон АҚШ пен Ұлыбританияның қаржы жүйелерінің қыр-сы­рын түбегейлі зерттеп-зерделеп қана қоймай, о баста әлгі аталған мем­­л­е­кеттердің тек несие жүйе­лерінде ғана орын алған апат­тың ендігі жерде әлеуметтік дағ­да­рыс­қа ұласып кеткеніне де, сон­дай-ақ капиталистік идеология мен жаһандық геосаясатқа тигізе бастаған орасан зор ықпалының астарына да бойлай үңіледі.

Бесіншіден, Пол Мейсон соң­ғы екі ғасырға жуық дәуірдегі ка­пи­­талистік жүйенің үлкен өзге­рістерге ұшырағанын ғана емес, сонымен қатар күллі әлемнің экономикалық әлеуетінің бірде биіктеп, бірде құлдилап, үнемі құбыла отырып, соңыра қайта нығайғанын да жіті зерттеген және сол зертеу жұмыстарының нәтижелеріне сүйене отырып, адамзаттың бүгінгі таңда өте зор бетбұрыстардың алдында тұрғанын және таяу болашақта тамыры тереңге кеткен  капитализм секілді күрделі жүйенің өзі де, әрі сол жүйенің аясында тіршілік етіп отырған адамзат қауымдастығының болмысы да қоса өзгеретініне еш күмән келтірмейді.

Алтыншыдан, өз пайымдарын нықтай түсу үшін, сұңғыла автор соңғы ширек ғасыр ішінде, әсіресе ақпарат технологияларының өрістеуінің нәтижесінде пост­ка­пи­талистік болмыстың қалып­тасуына тікелей түрткі болған ең  іргелі үш бетбұрысты атап өте­ді: олардың біріншісі – ақпа­рат технологияларының өрістеу дина­микасының кәсіби еңбек ада­­мына деген сұранысты құл­­ды­ратып, жұмыс пен бос уақыт­­­тың шекарасын мүлде жо­йып жібергенімен қоймай, ж­ұмыс пен еңбекақының арасын­да­ғы байланысты да тым әлсіре­тіп тастағаны, сондай-ақ үл­кен қар­қынмен өрістеп келе жат­қан автоматтандыру және ро­бот­тан­дыру секілді заманауи технологиялардың өндіріске жап­пай енуі миллиондаған жұ­мыс­шыны күнкөріс көзінен мүлде айырып тастау қаупін күшейте бастағаны; екіншісі – заманауи технологиялардың дамылсыз әрі өте тез қарқынмен өрістеуі әлемдік нарықта дұрыс баға қалыптастыру мүмкіндігін мүлде азайтып отырғаны; үшін­шісі – бүгінгі таңдағы бірлес­кен кооперативтік өндіріс орын­дары­ның стихиялы түрде күрт өсуі мен өндіріліп жатқан тауарлармен қатар қызмет түрлерінің бұ­дан былайғы жерде нарық пен басқару иерархиясы­ның диктатурасына мүлде бағынбайтындығы.

Жетіншіден, Пол Мейсон 2008 жылы басталған алапат эко­но­микалық, қаржылық және әлеуметтік дағдарыстың салдарынан бүкіләлемдік өндірістің 13 пайызға, жаһандық сауда нарығының 20 пайызға және жалақының мүлде құлдырап кеткеніне назар аудара келіп, капиталистік әлемде орын алып отырған жойқын депрессияның 1929-1933 жылдардағы күллі әлем экономикасын күйретіп кеткен жаһандық дағдарыспен салыстырғанда әлдеқайда ұзаққа созылатынына ешбір күмән келтірмейді. 

Сегізіншіден, Пол Мейсон бүгін­гі капиталистік әлемді жай­лаған алапат дағдарыстан шығу­дың әмбебап жолдары әлі күн­ге дейін айқындалмай отырған­дығының салдарынан оның жалғыз тетігі ретінде Еуроодақ елдеріне заңмен міндеттелген «қатаң үнемдеу» саясатының салдары халықтың әл-ауқатын мүлде төмендетіп қана қоймай, аса сұрапыл рецессияға ұшыраған Грекия секілді кейбір мемлекеттерде зейнетақы жүйелерін де қоса күйретіп, азаматтарының зейнетке шығу мерзімін 70 жасқа дейін ұзартуға мәжбүрлегенін, сондай-ақ қайсыбір елдерде білім беретін колледждер мен жоғары оқу орындарының жаппай жеке­шелендіріліп кетуінің салдарынан ақылы оқу бағасының тым шарықтап, тек студент жастарды ғана емес, олардың ата-аналарын да қарызға белшесінен батырып жатқанын алға тартады.

Тоғызыншыдан, автор жо­ғарыда аталған өзгеріс атаулыға түрткі болып отырған қозғаушы күштің өзегінде ең алдымен заманауи технологиялық револю­ция­лардың, атап айтқанда, дамылсыз даму үстіндегі ақпарат тех­но­логияларымен қатар био­тех­нологиялардың, сондай-ақ бүгін­гі таңда ерекше өріс алып отыр­ған автоматтандыру және роботтандыру жатқандығына ерекше мән бере отырып, әлгі технологиялармен қаруланған адамзат қауымдастығының ен­дігі жерде тек санасы ғана емес, саясаты да, идеологиясы да, іс-әрекеті де қоса өзгеріп, әлеу­меттік, әділетті әрі тұрақты эко­но­микалық жүйе құруға ұмты­лады деген тұжырымға табан тірейді. Демек, Карл Маркс сом­даған ілімнің өзектілігі мәнін жоймай, жалғаса беретін тәрізді.

 

Әділ АХМЕТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері