Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді.
Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Шекара сызығын ресми түрде халықаралық шартпен бекітіп, оны әлем жұртының мойындауы соңғы бірнеше ғасырда үрдіске айналды. Оған дейін қазіргідей делимитация, демаркация деген ұғымдар болмаған» деп, кейінгі кезде тәуелсіз республикамыздың шекарасына байланысты кейбір саясатсымақтардың қаңқу сөздеріне тойтарыс берді.
«Мемлекет» пен «жер» егіз ұғым, бірінсіз бірі жоқ. Ендеше географиялық тұрғыдан орналасқан жерін айтпасақ, мемлекеттің бар екендігін де түсіндіру мүмкін емес. Сондықтан жер, шекара – тәуелсіз мемлекеттің басты кепілі. Қазақтың ата-бабасы сақ-ғұндардан бастау алатыны белгілі. Ғұндар мен сақтар жер қадірін ежелден біліп қана қоймай, оны қасиетті дүниетанымдық дәрежеге көтерген. Оған ғұндардың Мөде қағанының Қытай императоры сұраған «ұлтарақтай жерді» бермеуі, патшайым Томиристің сақ жеріне көз тіккен парсы патшасы Кирмен қантөгісте баласын құрбан етіп, шайқасқа шығуы сияқты тарихта мәңгі есте қалған деректер жетерлік. Жалпы, сол замандардан бастау алып, кейін түркілердің «Қасиетті Жер – Су» дүниетанымының қалыптасқаны мәңгі бітіктаста: «Көкте түркі Тәңірісі, түркінің қасиетті Жер-Суы былай депті: «Түркі халқы жоқ болмасын дейін, халық болсын дейін» деген сөздерінде де айқын көрініс берген.
Сол жерді көшпелілігі басым ата-бабалардың дәстүрлі тұрғыда тарихшы-зерттеушілер қалай қолданғанына ерекше маңыз беру қажет. Көптеген зерттеушілер көшпелілердің көшіп-қонуын жүйесіздік пен ретсіздік тұрғысынан қарағандары анық. Мұндай көзқарас екі жақты, яғни бірі – көшпелілер тұрмыс-тіршілігінен хабарсыз, яғни жете білмегендіктен болса, екінші топтағылар – көшпелілер өркениетін саналы тұрғыда мойындамай, саясат пен идеология ықпалымен барынша оларды төмендету, тұрақты жері мен мемлекеттілігі болмаған тобыр ретінде қарастыру. Соңғы кезде қазақ жеріне көз тіккен көрші елдің «саясаткерсымақтары» осы екінші топқа жататыны анық. Бұлар осындай көзқарас арқылы көшпелілердің көшіп-қонып жүрген территориясын толық есепке алмайды. Көшпелілер мекендеген жерде, әдетте қыстау мен жайлау міндетті түрде болғаны мәлім. Ал осы қыстау мен жайлау кейде мыңдаған шақырымдық кеңістікте орын алған. Мұндай көшіп-қонуды ғылыми тілде «горизонтальды» десе, оңтүстік жақтағы тау өңірлерінде «вертикальды», яғни жазда тау басындағы жайлауларда, ал қыста тау етегіне түсуді айтқан. Ежелден қазақ жерінде көшпелі шаруашылық басым бола тұрып, қыста Сырдың бойында, ал жазда Бетпақдала бойымен мыңдаған шаршы шақырым жайылымға көше отырып, Арқа, Батыс және Солтүстік, Солтүстік-шығыс өңірді қоныс еткен. Бұл жерлерді ежелден ру-тайпалар өзара бөлісіп, ата-бабасынан бері ешқандай территориялық делимитациясыз естерінде берік сақтаған. Есте сақтаудың бір негізгі түрі – жер-су аттарын қоюы және сонымен бірге өздерінің сол жерге құқығының бар екендігін табиғи рельефтер арқылы белгілеу. Міне, осыдан қазақта «Шекара не өзен болар, не кезең болар» деген, яғни «территориялық делимитация» функциясын атқарған далалық норма қалыптасқан. Территориялық делимитацияның бұл түрі көрші елдермен де және өзара ру-тайпалық қатынастарда да өзінің күшін берік сақтаған. Оған ортағасырлардағы түркілердің жер даулап келген көршілерге ат үстінде тұрып: Мынау менің ата-бабамның ежелден келе жатқан қонысы еді» деген сөздері жазба деректерде кездесетіні де куә.
Жалпы, ата-бабаларымыз құрған мемлекеттердің территориясын белгілегенде көбінесе шетелдік жазба деректерге жүгінетініміз мәлім. Мұндай деректерде көшпелілердің не қыстаудағы қонысы, не болмаса жайлаудағы тұрған жері айтылады. Сондықтан бірі айтылғанымен, екіншісі айтылмай қалатыны жиі кездеседі. Соған қарап, ол ұлыстың тұрған территориясын немесе шекарасын белгілеу үлкен қателікке ұрындырады.
Мемлекет басшысының «...тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек», деген қағидалы сөзін ескере отырып, біз, тарихшылар көшпелілігі басым ата-бабаларымыз құрған мемлекеттердің территориясы мен шекарасын анықтағанда қыстауы мен жайлауын, көшіп-қону маршруттарын, экологиялық (табиғатпен үндесу) мәдениетін және жазба деректер ғана емес, қазақтың ауызекі, ауызша тарих айту дәстүріне терең үңіле отырып, кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізуіміз қажет деп айтар едім.
Сатай СЫЗДЫҚОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры