Таяуда Алматы қаласының іргесіндегі елді мекеннің бірінде тұратын Валерий аға хабарласып, қазіргі күні күйзелісті көңіл-күй жағдайында жүргенін жеткізді.
«Сіз осы сексенге келіп қалған боларсыз...» дедім ол кісіге бірде. «Дәл айтып тұрсың, құдай қаласа сексенге келемін», деді ол кісі. «Өзі болған жігіттің ататегін сұрама» демей ме халқымыз. Сол айтқандай, бұл адамның кезінде қандай жігіт, қандай азамат болғанынан аз-кем хабарымыз бар. Ең алдымен оның бір емес, үш бірдей есімі бар екенін айтқан жөн секілді. Яғни 1941 жылдың 9 қыркүйегінде ағамыз дүниеге келген күні атақты кеңес ұшқышы Валерий Чкалов тұңғыш рет Мәскеуден Америкаға мұхитты басып өтіп тоқтамастан ұшып барған кезбен тұспа-тұс келіпті. Сондықтан да перзентхананың дәрігерлері әкесінен сәбидің атын Валерий деп қоюды өтініпті. Айтқан тілектері қабыл болады. Әйтсе де азан шақырып қойған есімім Сәлім еді дейді ол. Әкесі 1942 жылдың 17 наурызы күні майданға аттанып, кезекті бір ұрыс кезінде қаза тапқан соң, бес жылдан кейін анасы тұрмысқа шығады да, Валерий атасы Нұрсапаның қолында өсіп тәрбиеленеді. Көзі тұздай көк, бет-жүзі сары болғаннан кейін атасы мен әжесі оны Сәрка деп еркелетсе керек. Содан кейін ел-жұрттың бәрі оны осылай атап кеткен көрінеді.
Валерий мектепті бітіргеннен кейін Орал медицина училищесіне түсіп, көп кешікпей Сандуғаш есімді қызға үйленеді. Содан кейін кейіпкеріміз жоғары білімді дәрігер болуды мақсат етіп, 1972 жылы 31 жасында Ақтөбе медицина институтына қабылданып, оны 1978 жылы ойдағыдай аяқтайды. Институтқа түскенге дейін алты баланың әкесі атанып үлгерген Сәлім-Сәрка сол кезде жары Сандуғаштың қолдауын сезінгенін айтып берді.
Әйтсе де барлық шым-шытырық Валерий институтты бітіріп жұмысқа орналасқаннан кейін басталыпты. Арада төрт-бес жыл өткен соң Нұрсапа қарттың сары баласы әйелінің жеңіл жүріске салынғанын байқайды. Көп кешікпей зайыбының теріс жолға түскеніне көзі анық жетеді. Ақсақалдың айтуына сүйенсек, бұл сонда да зайыбына батырып бір ауыз тіл қатпапты. Өзге бір еркек құсап әйеліне тиіспепті, ұрмапты, соқпапты. «Бұлай істеген себебім, – дейді Валерий аға ағынан жарылып, – Егер әйел затының көңіліне құрт кіріп, бұзылатын болса, оны еш нәрсемен ұстап тұра алмайсың. Менің ойымша, жаратылыста мұндай құдірет әлі пайда бола қойған жоқ».
Әйелінің тура жолдан тайғанын сезіну қай азаматқа да оңайға түспесе керек. «Енді не істеймін?» деп әрі-сәрі күй кешіп жүргенімде мұның шешімін әйелімнің өзі айтып бергені бар емес пе? Ол мені Оңтүстік Қазақстан облысындағы Таукент деген жерге көшіретінін әрі ондағы пәтер мәселесін өзі шешетінін айтты. Келісуге тура келді. Келіспегенде бұдан басқа істейтін амалым да жоқ еді, деді Валерий ағамыз.
Содан не керек, Шолаққорған ауданы аумағындағы уран өндіретін Таукент кентінде тұра бастайды. Сөйтіп жүргенде бір күні оған бір келіншек келіп жолығып: «Дәрігер екенсіз, сізден кеңес алуға бола ма?», деп сұрайды. Бұл оның ұсынысын қабыл алып үйіне кіргізеді. Қысқасы, содан соң көп кешікпей екеуі өзара түсінісіп, ерлі-зайыпты ретінде бірге тұру жөнінде ұйғарымға келіпті. Бұл хабар Оралдағы бәйбішесіне де жетіп, бір күні Таукентке тартпай ма? Ағамыздың жоғалтатын ештеңесі жоқ, белгілі бір уақыт аралығында бір жағында бәйбішесі, бір жағында тоқалы дегендей үшеуі бір үйде тұра бастапты. Біраз уақыт өткеннен кейін бір күні бәйбішесі: «жаздым, жаңылдым, кешір мені. Қалған ғұмырымды аяғыңа жығылып өтейін. Сен – менің құрсағымды жарып шыққан алты перзентімнің әкесісің. Елге кетейікші. Менімен бірге жүр» деп жылап еңіреп, өлердегі сөзін айтады. Сәлім де ет пен сүйектен жаратылған пенде емес пе, әйелінің мұнысы да жөн екен деген ойға беріледі де, екеуі ортақ ұйғарымға келіп елге қайтады. Арада тағы да біраз жыл өткен соң ерлі-зайыпты жандар Алматы қаласына көшіп келіп, оның іргесіндегі Қалқаман кентінен үй сатып алады. Әйтсе де арада біраз жыл өткен соң әйелі қатерлі бауыр ісігі ауруына тап болады да, елу жеті жасында дүние салады. Оның жылын өткізгеннен кейін Бәкең өзінен он бес жас кішілігі бар қызға кездеседі. Араларында бала болмапты.
Бәкеңнің Қалқамандағы үйінде бір қызы анасымен бірге тұрған екен. Ол анасы қайтыс болғаннан кейін әкесіне білдіртпей үйдің құжаттарын жинастырып өз атына ресімдеп алыпты. «Қызым-ау, бұл қайткенің? Ендеше баламмен бірге бөлек кетейін» дейді де, «22 миллион теңгеге бағаланған үйдің бағасының тең жартысын қайтар» демей ме. Обалы не керек, ол әке тілегін қайтара алмапты. Сөйтіп қазіргі күні сексеннің сеңгіріне жақындап қалған ағамыз баласы мен келіні және бой жетіп қалған екі немересімен 11 миллионға сатып алынған шағын баспанада тұрып жатқан көрінеді.
– Балам жұмыс істемейді. Келіннің айтқанынан шыға алмайды. Қит етсе маған дөрекі тіл қатып, балағат сөздер айтады. Мен сенің балаң емеспін деп діңкеңдеп шыға келеді. Осылайша ара-қатынасымыз үйлеспей-ақ қойды. Зейнетақымды беріп жүрсем де, келініме жағу оңайға түспей жүр. Тіпті келінім соңғы кездері, «тамақты бізден бөлек өзің әкеліп іш», деген әңгіме шығарып жүр, деп қынжылады ақсақал. Оның тарапынан 11 миллионнан менің үлесімді бер, бөлек кетейін деген ұсыныс айтылып қалыпты. Бұл шамамен бес адамның біреуіне шаққанда екі миллион теңгенің үстіндегі сома болып шықпай ма? Онымен зейнеткер қай жыртығын жамай алады.
«Ұлдан бөлек бес қызыңыз бар емес пе? Қартайған ата-анаға ұлдан гөрі қыздардың жаны ашығыш демей ме? Солардың біріне барып тұрмайсыз ба?», дедім мен телефон арқылы күйзеліс үстінде жүрген жерлес ағамызға.
– Шырағым-ау, олардың бір де бірі мені өздерімен бірге тұрайық деп шақырып жатқан жоқ қой. Ендеше қалай барамын. Өзімнің жақсы көріп, бауырыма басқан қызымның істегені әлгіндей. Үйімді өз атына жаздыртып алу болса, қалғандары не жорық, дейді ол.
Сонда алдағы уақытта Валерий ағамыз қалай өмір сүрмек? Сексенге келген шағында ұлдан да, қыздан да қайыр, қызық көре алмауы бақытсыздық емей немене?! Әлде шәлкем-шалыс қылық көрсетіп ұл-қыздарының алдындағы қадір-қасиетін жоғалтып алып жүрген жоқ па екен? Осы ойымды Сәлім ағамыздың өзіне де айтқан едім. Ол бұл пікірмен келіспейтінін, отбасында, қызмет бабында ит мінез көрсетпегенін, тек жақтырмағанын көзбен ұқтыратынын білдірді. Қуаты мен күші барда ұл-қыздарына қолынан келген қамқорлығын жасауға тырысыпты. Сондай-ақ ол әлі де жер таянып отырмағанын айтып берді. Солай дей тұрсақ та, бір әулеттің бас иесі атанатындай жасқа жеткенде оның өз орнын таппай отырғанына кім кінәлі? Өзі ме, әлде ұл-қыздары ма?
Қазіргі жағдайда бұл кісіге қарттар үйінде тұру ыңғайлы болар ма еді? Алайда алты перзенттің әкесіне ол жақтан орын табыла қоюы да екіталай. Жалғанды жалпағынан басқандай болып келген Валерий Нұрсәлімұлының бұған дейінгі кешкен ғұмыры мың бір түннің хикаясына бергісіз екені ешқандай талас туғызбайды. Осы жайт кіндігінен тараған перзенттерінің көңілдері мен жүрек түпкірінде қалып қойып, содан суынды ма екен. Оның аражігін ажыратып, тап басып айту қиын-ақ.
Біз бірыңғай әке сөзінің жетегінде кетіп қалмайық деген оймен Валерийдің жалғыз ұлына хабарласып, әкені сыйлай білу керектігі жөнінде бір-екі ауыз ағалық тілегімізді айтқан едік. Ол бұған байланысты тіс жарып, ашылып ештеңе демеді. «Жарайды, аға», деді де, әңгіме осымен «тәмам» дегендей түр көрсетті. Қалай дегенде де алдағы уақытта әке мен баланың ортақ түсіністікке келуі, тұйықтан шығатын саңылаудай көрінеді де тұрады. Тек сонда ғана Валерий ағамыз бойын жайлап алған күйзелісті көңіл күйден арыла алары анық.
Темір ҚҰСАЙЫН,
журналист
Орал