Қазіргі Қызылорда қаласының тарихи кезеңдерін еске алатын болсақ, 1925 жылдың 15 сәуірінде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қырғыз АССР Кеңестерінің V съезі ашылған болатын.
Съездің негізгі күн тәртібінің бірі болып, «қырғыз» болып аталып келген халықтың тарихи дұрыс атын қайтару еді. Съезд «бұдан былайғы жерде «киргиз» деген атау «қазақ» деп аталсын» деген тарихи қаулы қабылдады. Осыған сай, съезд «Киргиз Республикасын» «Қазақ Республикасы» деп атауға, астанасы Ақмешітті Қызылорда деп алмастыруға шешім қабылдады. Сонымен, осы қаланың баламасы, жаңа түсінігі коммунистердің бас ғимаратында қызыл туы желбіреген Қызылқала болып шыға келді.
Енді, қаланың елеулі даталарын еске түсірейік. Тарихи өтпелі уақыттардан бері Қызылорда қаласының атауы бірнеше рет өзгерген. Мысалы, әуелде 1818 жылы Ақмешіт болып аталған, содан 1853 жылы – Перовск, қайтадан 1922 жылы – Ақмешіт, ақыры 1925 жылы Қызылорда атауы бүгінге дейін сақталған. Қазақстан егемендік алған кезеңнен бастап, қоғамдық формация өзгеріп, Кеңес Одағы келмеске кеткеннен бірі коммунистік құндылықтар қатаң сынға ұшырап, Сталин бастаған большевиктер кезеңіндегі солақай саясаттан қазақ халқы орасан зардап шеккені белгілі. Осыған қарамай, Тәуелсіздігімізді орнатқалы, көк туымызды желбіреткеннен бері 30 жылға жуық уақыт өтсе де, қала «қызылдар қаласы» атауынан арылмай келеді.
Қазақ халқы Ресей империясының Қазақстандағы орнықтырып кеткен белгісі Петропавлоск пен Павлодар қалаларының атауын өзгертуге дәрменсіз болып отыр. Осындай жағдайда, абыройлы істі әуелі өзімізден бастаған жөн. Сондықтан Қызылорда қаласының қазіргі атауын, оның ежелгі тарихи атауы «Ақмешіт» немесе қазаққа ықылым заманнан қасиетті құндылық Сырдария түсінігіне сай «Сыркент» атауына өзгерткен дұрыс. Осы ұсынысты Қызылорда облысының қалың жұрты қолдайды деген ойдамын.
Нақыпбек СӘДУАҚАСОВ,
заңгер-публицист
НҰР-СҰЛТАН